Өткен сенбі күні Қырғызсай ауылында қазақ күресінен дүбірлі дода өтті. Соғыс ардагері, ұлағатты ұстаз Алматы облысының, ауданның құрметті азаматы Күрішбек Көжекбаевтың жүлдесіне арналған қазақ күресінен облыстың ашық турниріне 2010-2012 жылы туған жасөспірімдер қатысты. 7 командадан 104 жасөспірім бақ сынасты. Ғасырдан аса ғұмыр кешкен Күрішбек атамыздың рухы шат болып, аруағы риза болсын деген ниетпен бұл жарысты ұйымдастыруға мұрындық болған, демеушілік танытқан атамыздың туысқан баласы – Серік Турдалиев. Серік Мелісұлы Қырғызсай ауылында туып, өсіп, аталмыш ауылдың мектебін өте жақсы бағаларға аяқтаған түлек. Туған ауылынан жырақта тұрса да жыл сайын атасының құрметіне қазақ күресінен жарыс өткізуді дәстүрге айналдырғаны қуантарлық үрдіс.
Күн ұзаққа созылған созылған жарыстың қорытындысында командалық есепте Кеген ауданының балуандары тамаша ойын үлгісін көрсетіп жеңіс тұғырына көтерілді. Екінші орынды Қарасай ауданының жігіттері иеленді. Біздің ауданның жасөспірімдері үшінші орынды місе тұтты. Ал жеке салмақ бойынша 60 кг.да Ерасыл Қыдырәлі алтыннан алқа тақса, 35 кило салмақта Пахридин Сайпидинов, 50 кг салмақта Заир Зайнудинов, 60 кг салмақта Шахияр Шайлақов,+60 салмақта Дидар Рысбайлар күміс жүлдеге ие болысты. 9 бала қола медаль тағынды.
Әрине жарыс болған соң онда жеңетіндер мен жеңілетіндер болуы заңдылық. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығып, тәлім алып, үміттерін үкілеген балалар көп. Олардың алар шыңдары әлі алда. Атамыздың құрметіне өтетін келер жылы алтынды қолдан бермейміз деген сеніміміз мол.
Бағлан СТАМБАЕВ,
аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қазақ күресінен жаттықтырушысы