Басты бет Көкжиек ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ…

ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ…

0
368

«Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға,

Ұстаздық қылған жалықпас,

Үйретуден балаға».

Міне, қазақтың ғана маңдайына біткен ойшылы һәм ұлы ақыны Абай атамыз бір шумақ өлең арқылы ұстаз бенен шәкірт арасындағы тығыз байланысты айрықша етіп айшықтап берген. Иә, ақырын жүріп, анық басып, еткен еңбегі мен төккен терін далаға жібермей, шәкіртін білім бұлағымен сусындатып, оқытып, тоқытып жүрген ұстаздарымыз баршылық. Бүгінгі қаузар әңгімеміздің арқауы математика пәнінің оқытушысы, аяулы ұстаз  Майгүл Жәнетқызы хақында болмақ. Майгүл Жәнетқызы 1981 жылы қыркүйек айында Қарадала өңіріне қарасты әсем табиғаты көз сүріндіретін сұлулыққа толы Сүмбе ауылында дуниеге келген.  Әкесі Жәнет Сәдіұлы мен анасы Майрамхан Әжібекқызы аудан, облыс көлемінде өз тәжірибесімен танымал математика саласының білікті мамандары. Жәнет ағамыздың да Майрамхан апайымыздың да елеулі ғұмырлары шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық қызметте өткені аудан жұртшылығының қай-қайсысына болмасын белгілі. Бір басына жеті өрерді аздық, жетпіс өнерді көптік қылмайтын Жәнет ағамыз бен Майрамхан анамыз екеуі ұлдарын қанаттандырып, қыздарын құтты орындарына қондырып бүгінде немере сүйіп, ата мен әже атанып отырған жайлары бар. Ал енді 5 ағайындының ортаншысы Майгүл әпкеміз Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектептің табалдырығын алғаш 1987 жылы аттап, 1998 жылы үздік бағамен бітіріп шығады. Он жылдық оқуынан соң Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық ұлттық университетіне тапсырып ондағы оқуын да үздікке тамамдайды. Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің  деген тәмсілді жадына түйген Майгүл әпкеміз математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша 2009 жылдан бастап өзі оқыған Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектепте ұстаздық жолын бастайды.  Міне содан бері табаны күректей он бес жылға жуық уақыт аралығында өз болмысына біткен қадір-қасиетін, білім-біліктілін шәкірттерінің жадына құйып, бойларына сіңіріп келеді. Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды демекші  әкенің өнегесін алған Майгүл әпкеміз инабатты да ибалы жан, бес баланың анасы, адал жар, аяулы ұстаз. Мерейлі де білікті ұстаздар отбасынан шыққан Майгүл ұстаздың әпкесі Самал Керімқұлова мен кенже інісі Айбын Сәді де математика пәнінің мұғалімі болып қызметін адал еңбек, маңдай терімен атқаруда. Бір отбасынан бес бірдей білімді, қиялы асқақ, ойы ұшқыр математика пәнінің мамандары шыққанына, шығып қана қоймай осы жолда бар білігін ортаға салып жатқандығына қарап іштей сүйсінесің, тамсанасың. Ұрпақтан ұрпақа сабақтасқан бұл үрдіс әрі қарайда өз жалғасын табарына кәміл сенеміз. Математиктер әулетіне шыққан Майгүл Жәнетқызы бұл күнде 9 «ә» сынып оқушыларының сынып жетекші. Майгүлдің  сыныбындағы оқушылар шетінен білімді, шетінен үздіктер. Атап айтар болсақ Майгүлдің бір қатар шәкірттері ҚР Дарынды балаларының  кітабына тоғызқұмалақ пен оқулардан үздік болғаны үшін енген. Майгүл Жәнетқызының айтуы бойынша Әділбек Қадила, Қуаныш Аружан ,Оңғарбай Ақниет есімді шәкірттері талай аудандық, облыстық, республикалық додаларда топ жарып жүрген үздіктері екен. Сонымен қатар  ғылыми жобадан Майгүл апайымыздың тағы бір шәкірті 11сынып оқушысы Қанат Аянат «Нейробика математикалық тренажердің интелектуалдық дамуға әсері»  тақырыбын қорғап облыс көлемінде 3 орын иеленіпті.

Майгүл апай қазіргі таңда жалпы мектепте «Алгорифм» пән бірлестігінің жетекшісі. Осы кісінің ұйымдастыруымен мектепте 2018-2019 оқу жылынан бастап білім алушылардың математикалық, ақпараттық, логикалық, жалпы STEM бағытындағы пәндерге қызығушылығын дамыту мақсатында «Логикалық эстафета» жобасы өз жұмысын жасап атқарып келеді. Осы орайда бізде Майгүл ұстазға еңбегіңіздің жемісін көріп, толағай табыстарға жете беріңіз демекпіз!

 

Санжар КЕЛЕКЕ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…