Өткен жыл естен кетпес талай тарихи оқиғаларға толы жыл болды. Жүрекке жылы тиетін жақсылығы да, қабырғаңды қайыстырар қасіреті де бар. Қайғыны қайта-қайта қопсытып қайтеміз, жақсылығын айтып мерейін асырайық. Табысты әріжемісті жыл болған 2022жыл елімізде балалар жылы деп жарияланып, бүлдіршіндерімізге бірқатар игіліктерістеліп, келешектеріне көптеген мүмкіндіктердің жолы ашылды. Ел Президентінің қыркүйектегі халыққа Жолдауында да жас ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін бүлдіршіндеріміздің бүгіннен бастап материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілуі, қоржындары кәмелетке толғанша азды-көпті қаражатпен жасақталып тұруы қолға алынатындығы баршамызға ақжолтай жаңалық болды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып, балаларымыз заманауи, бәсекеге қабілетті білім ошақтарында оқуға мүмкіндік жасалатындығы тағы бір қуантты. Сонымен қатар, өңірлерде ел болашағын сеніп тапсыратын бүгінгі өскелең ұрпақ өнер-білімге етене жақын болуы үшін, мәдениетті жастайынан бойына сіңіруі үшін шығармашылық орталықтарының ашылуы қолға алынды. Біздің ауданымызға да бұл шапағатты істің сәулесі түсіп, балалардың жан-жақты дамуына септігін тигізе бастады. Ресми атауы «Алматы облысы білім басқармасының Ұйғыр ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Ұйғыр ауданының балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы» деп аталатын мемлекеттік мекеме өз жұмысын бастағалы су астында жатқан маржандай бүлдіршіндеріміздің біз білмейтін қырлары ашылуда.
«Ұйғыр ауданының балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы » коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2022 жылдың 1 маусымында, айтулы мерекенің құрметіне орай әр өңірде ашылды. Аталмыш өнер ошағы толық жұмысын 2022-2023 оқу жылында қыркүйек айынан бастады. Өнер мен шығармашылыққа құштар балалардың бағытын айқындап, болашағына бағдаршам болу үшін білек сыбана іске кіріскен орталықта бүгінгі күні жалпы саны 34 мұғалім жұмыс істейді. Оның ішінде штаттық негізде 11 мұғалім, қосымша сағат негізінде 23мұғалім өздерінің бойындағы өнерін шәкірттеріне дарытып бастады. Ал бос уақытты құр жібермей, болашағыма рухани азық жинайм деген ынтасы бар оқушы саны – 354 болса, олардың зейінін ашып, өнерге балу үшін16 түрлі үйірме өз бағытында жұмысын жалғастыруда. Баланың бойынан табиғи дарынын байқап, тума талантын аңғарсаңыз осы аталған шығармашылық орталықтағы «Баян», «Дәстүрлі ән», «Домбыра», «Эстрадалық вокал», «Хореография», «Ағаш қолөнері», «Тігін және бисер,тоқыма», «Фортепиано», «Мәнерлеп оқу», «Шахмат», «Тоғызқұмалақ», «Жас ботаник», «IT және робототехника», «Қосымша аспап (әртүрлі ұлт аспаптары)», «Бейнелеу өнері және мүсін», «Стрингарт» сынды түрлі бағыттардағы өнер үйірмелеріне тегін қатыстыруға мүмкіндік ашық. Сонымен қатар ауданымыздың бірқатар ауылдары мен елді мекендерінде «Ұйғыр ауданы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының» филиалдары ашылған. Атап айтатын болсақ Шарын, Үлкен Диқан, Кепебұлақ, Сүмбе, Ақтам, Кетпен сынды ауылдардың тұрғындары да дәл осы бағыттар бойынша үйірмелерге өз балаларын қатыстыруына толықтай мүмкіндік бар. Шығармалық орталық оқушылары аталған ауылдарда тиісті салалар бойынша арнайы мамандардан сабақ алуда. Шығармашылық орталықтың ең басты мақсаты балалар білікті мамандардан сабақ алып, білімді өнермен ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті, дарынды, өнерлі, жан-жақты жеке тұлға болып қалыптасуына аянбай еңбек ету. Орталықтың тағы бір басты ерекшелігі – өз оқушыларына қосымша музыкалық теория және сольфеджионы меңгере отырып, 5 жылдық оқу мерзімін толық аяқтаған уақытта арнайы куәлік беріледі.
Жас жеткіншектер мен бүлдіршіндеріміздің бос уақытын тиімді өткізіп, өзін о бастан жан-жақтылыққа жетелей алатын, өнер мен білімге құштарлығын ерте оятып, мектептен үлкен өмірге қанаттанғанда толыққанды тұлға болып қалыптаса алуына кәміл сенімді бола алатын болашағымызды қалыптастырып жатқанымыз шынайы қуантады. Жаңа Қазақстанның жан-жақты әрі білімді ұрпағын бүгіннен дайындайық!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ