Басты бет Басты ақпарат Абыройын асқақтатқан ауыл

Абыройын асқақтатқан ауыл

0
4,576

Мәдениет — кез келген елдің даму және өркениетке қарай қадам басу көрсеткішінің өлшемі секілді өте құнды құбылыс. Бүгінгі таңдағы дамыған озық елдердің қайсысын алып қарасаңыз да мәдениеті өте жоғары деңгейде екендігін анық аңғарасыз. Сондықтан көштің алдынан көрініп,  бәсекеге қабілетті болуымыз үшін алдымен рухани айнамыз — мәдениетімізге мықтап көңіл бөлуіміз қажет. Халықтың мәдениетке деген көзқарасын жақсартып, қызығушылығын арттыру үшін облыс, аудан көлемінде жыл сайын мәдени шаралар, шығармашылық кештер, жан-жақты тақырыпта байқаулар мен сайыстар өткізіліп, өнердің түрлі бағыты қамтылып, көпшілікке рухани азық таратылып тұрады. Әсіресе шалғай жатқан елді мекендер мен ауылдарда мәдениетке көптеп ден қойылуы тиіс. Шалғайдағы ағайынның шаруашылықтан қолы босамай, мәдениет пен өнерге, руханиятқа деген қызығушылығы төмендеп кетпес үшін жыл сайын еліміздің әр өңірінде «Ауылым – алтын бесігім» атты мәдени байқау өткізіліп тұрады.


Қалыптасқан дәстүрге сәйкес ағымдағы жылы да «Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының» мұрындық болуымен өткізілген ауылдық мәдениет үйлер мен клубтар, кітапханалар мен мұражайлар арасындағы “Ауылым — алтын бесігім” атты облыстық байқаудан біздің аудан қанжығасын майлап қайтты. Аталмыш байқаудың аудандық кезеңінде өз өнерлерін паш етіп, нағыз ауылдың мәдениетін көрсету үшін Шошанай ауылдық клубының ұйымдастыруымен өткізген аталмыш ауылдың мәдени шарасы облыстың назарына ұсынылған болатын. Қарадаланың мәдениет саласының абыройын тегіннен тегін арқалатпаппыз. Абыройдың туын желбіретіп жүлдеге ие болып, өңірдің мәдениетін өзгелерге өнеге етіп, облыс орталығынан келген мәдениет саласының майталмандарынан құрылған қазылар алқасының жақсы деген бағасына лайық бола білді. Ауданымыздың берекелі ауылы Шошанайдың төрінде өткізілген аталмыш байқаудың мәдени шарасына Қонаев қаласынан облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Ерұлан Мейрамұлы мен орынбасары Айдана Аманжолқызы арнайы келіп қатысып кеткен еді. Еліміздің мақтанышына айналған қазақ өнерінің нағыз жанашырлары Бекжан Тұрыс, Ардақ Балажанова, Нүркен Өтеуіл сынды танымал тұлғалардың кіндік қаны тамған қасиетті топырақта өткен шара жүлдесіз болмайтындығына о баста көзіміз жеткен болатын. Қаз қатар киіз үйлер тігіліп, қазақтың төл өнері, қолөнері дәріптеліп, дәстүрлі әндер шырқалып, ұмыт болған салт-дәстүрлер мен ғұрыптар жаңғыртылған құнды шара ұйымдастырылған еді. Көрермен көзайымына айналып, қазылар алқасының ықыласына бөленген Шошанай ауылының дүйім ел болып, жұдырықтай жұмылып өткізген мәдени шарасы, оның ішінде ауылдық клуб жанынан құрылған «Шежіре – тәлім» үйірме ұжымының құрамындағы ауылдың қазыналы қарттары орындаған ауылдың алты ауызы “Қазыналы қариялар” номинациясы бойынша жүлделі болып, 300 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықты қоржынға басты. Түрлі номинацияларға сәйкес бағаланған облыстың әр түкпірінде өткізілген аталмыш байқаудың барлық кезеңіндегі мәдениет жанашырларының арасынан Қарадала нағыз қазыналы қарттары бар қасиетті өлке екендігін дәл осы Шошанай ауылының өнерпаз ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары дәлелдеп берді. Ауданның абыройын асқақтатқан ауқымды шараның жоғары деңгейде өтуіне ауылдық клуб меңгерушісі Клара Қалшаева, Шошанай орта мектебінің директоры Ұлан Шабаданов, ауылдың белсенді жастары Абай Атамқұлов, Айдар Мұқажанов, Азамат Абықанов сынды азаматтардың қосқан үлесін ерекше атап өтуге болады.
Бұл байқауда мәдениет пен өнерді белгілі бір бағытта ғана емес еңбектеген баладан еңкейген қарттың арасында дәріптеп жүрген ауылдың мәдениет қызметкерлерінің, мектеп ұжымының, ауыл жастарының еңбегі еленді. Ауданымыздың мәдениет саласы жыл сайын осындай тартысты додалар мен бәсекелі байқауларда бой көрсетіп, үздіктердің қатарынан көріне берсін демекпіз!

Жадыра
ЖАҚСЫЛЫҚОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент өңірдегі құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқынынан з…