Еліміздің бас қаласы Астанаға бұл жолғы сапарымыздың жөні мүлдем бөлек болды. Іштей қобалжу мен толқу басым. Біз мінген ұшақ Астананың аспанын басқан ақ бұлттарды жара өтіп, Елорданың әуежайына қонды. Н.Назарбаев атындағы әуежай әдеттегіше қарбалас. Әсіресе сол күні еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қабылдап, ілтипат танытуда. Астананың үйреншікті ақ бораны қарсы алды бізді. Бірден келуші қонақтарды жайғастырған адамдар ертеңгі күннің бағдарламасымен таныстырып жатыр. Өйткені ол күн ел тарихындағы ерекше айтулы күндердің бірі болмақ.
26 қараша. Тәуелсіздік сарайы. Зәулім сарай іші бұл күнгі іс-шараға арнайы келген қонақтармен толысқан. Еліміздің танымал тұлғалары да, атағы дардай дарабоздар да, ақын-жазушылар мен сарабдал саясаткерлер де, Үкімет мүшелері, министрлер, сенат пен мәжіліс депутаттары да осында. Себебі бүгін 20 қараша күнгі кезектен тыс сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі өтпек.
Мемлекет басшысының ұлықтау рәсіміне бірінші рет қатысып отырғандықтан болар, қуаныш пен толқу қатар басып тұр көңілді. Мемлекеттік Ту мен Президент Байрағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы Тәуелсіздік сарайының үлкен залына әкелінген соң Қазақстан Республикасының Президенті келіп, мінберге көтерілді. Мұнан соң «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!» — деп Мемлекет басшысы барша қазақстандықтар алдында ант берді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды. Міне, осындай тарихи сәттерді көзбен көру мен үшін де, сол залдағы әрбір азамат үшін де үлкен бақыт, мәртебе.
Мемлекет басшысы салтанатты ұлықтау рәсімінде өзіне сенім білдіріп, дауыс берген барша отандастарына алғысын айта келе: «Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ер азамат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. «Мен бүгін көк туды сүйіп, дана халқымның алдында бас идім. Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым еттім. Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім. Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын. Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметімде Мен үшін айнымас темірқазық болады», – деп Қасым-Жомарт Тоқаев ел мүддесіне қиянат жасамауды басты бағдар етті. Сондай-ақ «Қазір – сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуіміз керек, босаңсуға болмайды», – деген ел Президенті болашақтағы бірқатар жоспарларымен бөлісті. Ауылды көркейтуді, заң үстемдігін арттыруды, білім беру ісінен бастап индустрияландыруға дейін қоғамның барлық саласын жаңғыртуды мақсат еткен Мемлекет басшысының нық әрі сенімді әр сөзін құлақпен тыңдап, көңілге түйдік. Іштей Жаратқанға тәубе етіп, осындай бірлігі жарасқан, арынды азаматы мен елім дейтін ері бар тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатқаныма, қазақ болып дүниеге есігін қаққаныма мақтандым да марқайдым. Әділетті қоғам құруды мақсат еткен басшымыздың әр сөзінен болашағыма бағдар алдым. Дәл осындай тарихи сәттің куәгері болып, мемлекет басшысының қатарында бірге тұру бақытына ие болғаныма өзімді шексіз бақытты сезіндім. Оң қолымды жүрек тұсыма қойып мемлекеттік Гимнді шырқап тұрып мемлекетімнің мерейінің үстем, Отанымның отының ешқашан сөнбеуін тіледім Жаратқаннан.
АСТАНА