Алаштың Алтынбегі

0
953

2006 жыл. 13 ақпан. Қазақтың қарашаңырағы атанған Ұлттық университеттің студентіміз. Талай журналистің тұсауын кескен Сағатбек Медеубекұлы ағамыздың сабағы. Қабағы қатулы, қатулы ғана емес-ау, жүзінде жабырқау мен өкініш, кеудесін қысқан өксік өзегін өртеп бара жатқандай. Орнына сылқ етіп отырды да, терең бір күрсінді. Күрсінді де «Алтынбекті танисыңдар ма?» деген тосын сұрақ қойды. Көз алдымызға еңсегей бойлы, көзілдіріктің артындағы жанарда талай сыр жатқан журналист, саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев ағамыз елестей кетті. Қалай танымайық? Оның үстіне осыдан біраз уақыт бұрын (нақты қай кез екені есте жоқ) өзі білім алған журналистика факультетіне келіп, мұндағы студенттермен, оқытушылармен кездескенде көзбе-көз көргеніміз есімізде. Соңғы жылдары оппозицияға кетіп, ел алдындағы беделінің де артқанын білеміз. Міне, сол «алтын басты» Алтынбек ағамыз 2 күн бұрын қапияда жан тапсырыпты. Осыны айтқан ұстазымыз жанарына іркілген жасты тия алмады…

Біз Алтынбек Сәрсенбаев туралы сол сабақ үстінде біраз әңгіме естідік. Оның білімділігі, адамгершілігі, адалдығы, саясаткерлігі… Содан кейін… Кейін ол туралы сөз де, әңгіме де шорт кесілді. Бірақ шындық шыңырауда жатпайды. Алтынбекке берілер баға да болашақтың еншісінде еді.

Жуырда Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының 60 жылдық мерейтойына орай халықаралық ғылыми конференция өтті. Жиынға алыс-жақын шетелден қонақтар, Түркиядан, Мажарстаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, басқа да елдерден ғалымдар, еліміздің өзге аймақтарынан Алтынбек Сәрсенбайұлының достары мен қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен әріптестері келіп қатысты. Шарада ең әуелі Алтынбек Сәрсенбайұлының фотокөрмесі өтті. Көрмеде саясаткердің балалық шағынан бастап, студенттік, мемлекеттік қызметкер, саясаткерлік кезеңдерінің барлығы қамтылған. Көз алдыңа тұлғаның бар ғұмырын жайып салған.

Конференцияға Қазақстанның мүйізі қарағайдай ғалымдары, ақын-жазушылары, журналистері келген. Тіпті Ұлттық кітапхана залында ине шаншар орын болған жоқ. Бәрі де – Алтынбек Сәрсенбайұлының рухына тағзым жасап, болмысына шынайы құрметпен қарайтындар.

Конференцияны белгілі ғалым, Алтынбек Сәрсенбайұлының курстасы Сағатбек Медеубекұлы жүргізді. Сағатбек ағамыз осы шараның өтуіне мұрындық болған жанның бірі де бірегейі.

Өз сөзінде Сағатбек Медеубекұлы: «Тарих, филология, әлеуметтану, қоғамтану, саясаттану, журналистика ғылымында Алтынбектану деген бағытқа түрен салынды. Енді ғылыми негізде сараптап, Алтынбектей тұлғаның қалыптасуының негізі неде?» — дей келе Алтынбектің өмір жолы кейінгі ұрпақтарға өнеге болу үшін не істеу керек, қалай зерттеп, қай бағытта, қай қырынан алып саралау керек деген мәселелерді қозғады. Мұнан соң құттықтау сөз А.Сәрсенбайұлының ұстазы, белгілі ғалым Намазалы Омашевқа берілді. «Алтынбек менің шәкіртім екені рас. Бірақ Алтекеңді «шәкіртім еді» деп айта алмаймын. Өйткені Алтынбектің тұлғасы биік, ол күрескерлік ғұмырымен де, қазасымен де ұлтты тәрбиелеп кетті. Ол өз дәуірінен оза туған ұл еді. Қазақ қоғамы үлкен азаматты сақтай алмады», – деді. Біздің қоғамдағы Алтынбектің рөлі, оның туа біткен саясаткерлігі, білімі мен білігін, аса аңғарымпаздық қасиетін Намазалы Омашев жіктеп жеткізді. Бүгінде журналистердің мерекесі ретінде аталып жүрген 28 маусым да осы Алтынбек ағамыздың идеясы екенін де атап кетті.

Конференцияда белгілі ғалым Бүркіт Аяған онлайн режимде Алтынбек Сәрсенбайұлының өмірбаянымен таныстырды. Оның небәрі 45 жылдық ғұмырында тау қоспаарып, тас үгітерліктей ерлік істер жасағаны, саясатта салмақты олар айтқаны бәрі де осы баяндамада айтылды. Саясаткердің досы Болат Әбілов те жүрекжарды сөздерін жеткізді. Алтынбектің қазақ қоғамын дамытсам, осы мемлкеттің гүлденуіне үлес қоссам деген арманының аяқсыз қалғанын тебірене жеткізді. Алтынбек аңсаған күннің әлі де тумағанын, оның асыл мұраты тек осы мемдекеттің дамуымен байланысты ғана болғанын, оған жанында өткізген бірнеше жылдарда куә екенін де  айтты.

Алтынбек Сәрсенбайұлының курстасы Еркін Қыдыр досының студенттік кездерінен естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар оның министрлік қызметте болған кезіндегі ақпарат құралдарының беделі мен бедеріне аса зер салғанын, тіпті «Егемен Қазақстан» газетінің өзі өткір де өтімді тақырыптарды қаузағанын, соның бәрінің басында Алтынбек Сәрсенбайұлының тұрғанын айта келе, оның саяси тұлға ретіндегі өмір жолын үш кезеңге бөліп зерттеу қажеттігін де айта кетті. Еркін Сағындықұлы күрескер өмірінің бірінші кезеңі ретінде журналистік және редакторлық қызметін көрсетті. Жиырмадан жаңа асқан жас жігіттің журналистикадағы рөлі мен редакторлық қырын барынша аша сөйлеп, осы сала терең зерделеуді қажет ететінін жеткізді. Екінші кезең – Алтынбек Сәрсенбайұлының мемлекеттік қызметке келуі, отызда орда бұзып, министр болуы, Қазақстанның идеологиясының бір ұшын теңселтпей ұстауы, ақпарат саласын басқарған тұстағы мінсіз қызметі. «Ал үшінші кезең, әрине, Алтынбектің демократиялық қоғам құру жолындағы саяси қайраткерлік кезеңі», — деді. «Ол министр болды, биліктің барлық баспалдақтарынан өтті, бәрін көзімен көріп, басынан кешті. Бұл жүріспен Қазақстанда түбегейлі өзгерістердің болмайтынына көзі жеткен соң, үлкен өзгерістер жасағысы келді. Басшылықты да сол жолға тартқысы келді. Бірақ ондай үміті үзілген соң, қызметін тапсырып бұқаралық саясатқа біржола кетті. Егер басын бұғып жүре берген болса, қазір Алтынбек осында отырар ма еді? Бірақ оның табиғаты ондай өтіріктерді қабылдай алмады. Тумысынан сондай азамат. Билік, мансап қуған жоқ, мақсат қуды. Сөйтіп, саяси күреске бел шеше кірісті. Зерттеушілер осы үшінші кезеңіне көбірек көңіл бөліп жатады. Меніңше, болашақта зерттеушілер оның өмірінің бірінші және екінші кезеңіне де мойын бұрса деймін», — деп түсіндірді.

Одан кейін тарихшы Сәбит Шілдебаев Алтынбек Сәпрсенбайұлын қазақ тарихындағы батыр бабалармен, ел бастаған көсемдермен салыстырып, демократиялық қоғам үшін күрескен асыл ердің күрескерлік өмірін талдап, ол да кезең-кезеңге бөлді.  Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Алтынбек Сәрсенбайұлының «Үштаған немесе Қазақстанда әділ сайлау неге арман?» деген мақаласын негізге ала отырып баяндама жасады. Алтынбектің аяқсыз қалған арманын, саясаткердің күрес жолындағы ұстанымдары мен ой-толғамдарын, әділдік үшін күрескен тұлғаның өмірін батыс саясаткерлері мен кейбір демократиялық мемлекеттердегі саяси тұлғалардың өмірбаянымен салыстыра отырып сөйледі. Мұнан соң сөз алған саясаткерлер мен ақын-жазушылар Алтынбек ағамызды әр қырынан танытып, оның мақалалары мен сұхбаттарында, ойтолғамдарында әлі зерттелетін, зерделенетін пікірлер жатқанын айтысты.

Осыдан біраз уақыт бұрын республика көлемінде Алтынбек ағамызды еске алу мақсатында журналистер арасында эссе жанрындағы шығармалар конкурсы жарияланған болатын. Конференция барысында аталмыш конкурстың жеңімпаздары да марапатталды. Бірінші орынды «Ана тілі» газетінде жарияланған «Бас имегендер басқа жолмен жүреді» деп аталатын мақала авторы, жас журналист Нұрлайым Батыр иеленді. Екінші орын «Процесс» деп аталатын эссесі үшін NEGE порталының бас редакторы Ерік Рахымға бұйырды. Үшінші орынға Серікжан Қажи мен Ақгүл Айдарбекқызының мақалалары лайық деп танылды.  Сонымен қатар шара барысында «Уақытында айтылған шындық» атты Алтынбектің өзінің жазған мақалалар жинағы мен «Алаштың Алтынбегі» атты саясаткер туралы өзгелердің жазған естеліктері мен зерттеу мақалалары жинақталған қос кітаптың тұсаукесері болды.

Конференциядан кейін ұйымдастырушылар марқұмға арнап ас берді. Аста да Алтынбек туралы сүбелі ойлар айтылды. Алтынбек ағамыздың мүдделес достары Болат Әбілов, Ғалымжан Жақиянов, Ораз Жандосовтар біршама естеліктермен бөлісіп, оның саясаткерлігіне тәнті болғандықтарын жеткізді. Тек шындық үшін шырылдаған ұлт ұлының бейбіт заманда оққа ұшқанына күйінді. Күйінбеген, күйзелмеген жұрт қалмады бұл жиында.  Астан соң Алматының төріндегі «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алуға арналған кеш өтті. Қазақтың ән өнерінің майталмандары жиналған кеште Алтынбек туралы фильм көрсетіліп, қысқа қойылым да қойылды. Айтылған ән де, шертілген күй де Алаштың Алтынбегіне арналды. Осылайша Алатаудың төрінде Алтынбектей Алаш ұлының рухы қайта жанданды.

Түйін: Осыдан аз уақыт бұрын Алматы облысы, Кеген ауданындағы Алтынбек Сәрсенбаев білім алған білім ордасына саясаткердің есімі берілді. Алдағы уақытта да Алтынбек Сәрсенбайұлының 60 жылдығына арналған шаралар жалғасын табады.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…