Иә, Елназ – қайсар деген атқа лайықты қыз. Қайсарлығы сол татамиде талайларды тізе бүктірді. Намысы нардан құлатпайтын қазақтың ержүрек қызының бірі екенін дәлелдеді. Кешегі тарихта аты қалған батыр Хиуаз, Әлия, Мәншүктердей жігерін жасытпай, жасындай жарқылдады Украина төрінде.
Әбітжан Елназ Қуанқызы – өзіміздің Қарадаланың тумасы. Ата-анасының жұмыс бабымен Алматы қаласында тұрады. Небәрі 13 жастағы Елназ осыдан 3 жыл бұрын інісінің жаттығуына барып, джиу-джитсу деп аталатын спорт түріне қызығушылығы оянады. Өзі де осы спортқа жаттығуға қатыса бастайды. Бірте-бірте түрлі сайыстарға қатысып, жоғары орындарға ие болады. Әу бастағы қыз балаға бұл спорт түрі қол емес деп қабылдағананасының қарсылығы да Елназдың спортқа деген талпынысына кедергі бола қоймады. Қалалық, Республикалық, халықаралық турнирларда басты бәйгені бермей келді.
Жуырда Украинаның Киев қаласында аталмыш спорт түрінен әлем чемпионаты өтті. Біздің елдің де үкілеген үміттері сол сында бақ сынады. Әр мемлекеттің кіл мықты бүлдіршіндері жиналған додада біздің Елназымыз мықтылардың мықтысы атанды. Бас жүлдені қанжығасына байлап, әлем чемпионы атанды. Ол турасында Елназдың өзіне хабарласып, сөйлескенімізде қуанышы мен тебіренісін жасыра алмай әңгімесін айтты. «Әлем чемпионатының алдында әр спортшыдағыдай ішімде кішкене бір қорқыныш сезімі болды. Бірақ татамиға шыққанда сол қорқынышты шетте қалдыру керек. Бірінші күні «close contact» деп аталатын түрі бойынша сайыс болды. Бұл біздің негізгі бағыт емес еді. Сонда да қарсыласымды ұтқаннан кейін қатты қуандым әрі кішкене өз өзіме сенбей, өз өзіме келе алмай тұрдым. Өйткені 10 минут тоқтамай күрескеннен кейін шаршап басым айналып қалған болатын. Ал екінші «full contact» күні бар үйренгенімді көрсетіп, күш салу қажеттігін ұғындым. Өйткені бұл – біздің негізгі бағытымыз. Бой кезінде намысымды қайрап, жігерімді жанып, бар күшімді салдым. Ұтқаннан кейінгі сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Бойымнан бір ауырлық түскендей болды. Қатты қуандым, ең бірінші жүгіріп барып сенсейімді (тренер) құшақтап алдым. 3 жыл бойы білмегенімді үйретіп келген тренерімнің еңбегі бос қалмады», – деп чемпионаттағы сезімімен бөлісті. Әрине, әлемдік додада бақ сынау оңай емес, оған жігер мен жүрек керек. Осындай маңызды сәтте қаршадай қыздың бабы да, бағы да шапты.
Елназдың алдағы арманы да асқақ. Мұнан да зор жетістіктерге жетіп, Азия, Еуропа біріншіліктерін бағындыру, қазақ елінің абыройын асыру.
Биыл тәуелсіздігіміздің – 30 жылдығы. Тарихта Қазақстан деген мемлекеттің іргесі қаланғанына 30 жыл уақыт болды. Бабалар аңсаған азаттық ұзақ уақыт өткен соң келсе де, оның қадірі қашанда жоғары. Тәуелсіздік алған соң еліміз жан-жақты дамып, өсіп, өркендеді. Жастарымыз білімде де, спортта да талай биіктерді бағындырды. Ең бастысы еркіндік салтанат құрды. Таланты бар тарландар ел алдынан табылды. Тәуелсіздік ұрпақтары қадірі асқақ ұғымның қасиетін жете түсіне білді. Өз елінің, жерінің патриоты болуға тырысты. Солардың бірі – Елназ. Ол нағыз тәуелсіздіктің ұланы. Тәуелсіз елде дүниеге келіп, сол елде тәрбиеленуде. Алдағы арманы да осы елмен етене байланысты. Осындай тарихы тереңде жатқан ұлы елінің атын әлемдік додаларда шығарып, көк туын желбіретіп, Гимнін шырқатсам дейді. Біз соған қуандық. Лайым сондай жеңісті күндер көп болғай! Елназ сынды тәуелсіздіктің намысты ұл-қызы көбейе берсін деп тілейміз Жаратқаннан!
А.ҚАБИ