Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз өкілеттігін тоқтататыны жайлы қазақстандықтарға мәлімдеме жасады. Шыны керек баршамыздың бұған абдырап, таңданыспен қарағанымыз рас. Алайда еліміздің тар жол, тайғақ кешуде өткерген күндерінде Нұрсұлтан Әбішұлы халықты бірлікке бастап, ынтамаққа ұйытып, салиқалы саясатымен көшімізді ілгері бастады. Елі мен жері, халқы үшін төккен тері, еткен еңбегі орасан зор екендігі де айқын.
Мемлекетіміздің Президенті болған бұрынғы Қазақстан Республикасының сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі күні барша қазақстандықтардың алдында ант берді. Сонымен қоса Нұрсұлтан Әбішұлының ел басқарудағы саясатын жоғары қойып, еліміздің Тұңғыш Президенті ретінде әр қаланың орталық көшелеріне атын беру керектігін ұсынды. Бұл шындығында да өте орынды әрі дұрыс шешім деп ойлаймын. Жаңадан тәуелсіздік алып, жеке дара мемлекет болғаннан бері қараша халықтың қамын ойлап, елдің дамуы мен ілгерілеуі жолында тер төккен азаматымызға деген үлкен құрмет, әрі сый. Яғни ірі қалаларымыздың орталық көшелері Нұрсұлтан Назарбаев атымен аталса, ұрпақтарымыз ел тарихының өткенін де, бүгінгі күнге жеткенін де, болашағын да айқындай алады. Бүгінгі өзгеріс, ертеңгі тарих. Мұның барлығын әр ұрпақ санасына сіңіріп, тарих арқылы аманатты арқалауға тиісті. Назарбаев атымен аталған көше арқылы өскелең ұрпақтарымыз тарихына зер салады деген ойдамын. Ендігі уақытта Ұлт көшбасшысы салған ізбен дамуымызды жалғастырып, мақсат-міндеттерімізге бірге жетуіміз қажет. Себебі біз қазақстандықтар бірлік пен татулықты ту еткен, ауызбірлігімізді үлгі еткен, бейбіт өмірде, бір шаңырақ астында, бір отбасының балаларындай жасап жатқан мерекелі де берекелі мемлекетпіз.
Еркін СӘРСЕНБАЕВ,
кәсіпкер