«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларына әрқашанда ашықпыз әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Қазақстан Президентінің түркі әлеміндегі беделі биік, Нұрсұлтан Назарбаевтың барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды», – деп екшеп айтқан болатын Түрік Республикасының Президенті Реджеп Тайып Эрдоған біздің көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы. Иә, КСРО-ның құлдырауы кезінде экономикалық дамуы әлсіреген, әлеуметтік жағдайы мәз емес мемлекеттік ширек ғасыр ішінде іргелі елдердің қатарынан табылуы, әрине, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жүйелі де дара саясатының нәтижесінде. 28 жыл Қазақ елін ынтымақ пен бірлікті сақтай, экономикалық дамуды алға жылжыта отырып басқарған Елбасымыздың еңбегін қалай бағаласақ та болады. Оны ел біліп, халық түйсініп отыр.
Күні кеше ғана Елбасымыз өз еркімен Президенттік өкілеттігін тоқтатты. Өз сөзінде: «Бұл – оңай шешім емес. Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады. Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді. Осы жылдарда өткен барлық сайлауларда сіздер маған сенім артып, бастамаларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін», – деді. Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелгендіктен Президенттің өкілеттігі бұған дейін Сенат төрағасы лауазымын атқарған Қасым-Жомарт Тоқаевқа табысталды.
Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді. Жиында сөз алған ҚР Президенті Елбасының Қазақстан мен оның халқына сіңірген айрықша еңбегін айтып өтті. Саналы ғұмырын қазақ елінің өркендеуі мен өсуіне сарп еткен Елбасының еңбегін ескерген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты мемлекетіміздің жалғыз әрі мәңгілік Елбасы болып қалады деген пікірін айтып, лайықты құрмет көрсетуге шақырды.
Анар ҚАБИ