Басты бет Мәдениет және руханият ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

0
4,615

Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесері болды. 30-шы жылдардың басы. Ашаршылық. Адамдар азып-тозған, тұрмыс тоқыраған. Елдің бәрі бір тілім нанның зарын тартқан. Ел көз көрмеген, құлақ естімеген жақтарға ауа көшкен. Фильмде дәл осы аласапыран заманда атажұртын тастап көшкен елдің арасында ашаршылықтан аман қалғанымен, ата-анасынан айырылған жеті жасар Қасымның ауыр тағдыры бейнеленген. Қасымның балалық шағы Қазақстанда емес, Ауғанстанда өтті. Жетімдіктің ащы зарын татқан жеткіншек тіпті өзінің кім екенін де білмей өсті. Мейірімге мұқтаж болды, бірақ оның басынан сипаған ешкім жоқ, қайта тағдырдың таяғы аяусыз тиді. Кейіннен Түркияға көшіп, өзінің ептілігі мен іскерлігінің арқасында тұрмысын түзейді. Бірақ Қасымда бір ғана мақсат болды. Өзінің түбін тану. Ыстамбұлда жүріп ұзақ жылдардан кейін қазақтың қоңыр домбырасынан шертілген күйін тыңдап, жадынан өшкен бала күнгі өмірі қайта оралып, өзінің қазақ екеніне көзі жетеді. Күдіретті күйдің күмбірі жылдар бойы шетте жүріп, тегін ұмытуға шақ қалған қазақтың бір ұрпағына кім екенін танытады. Күй күмбірі жанына жылу ұялатып, өткен күндерін, атажұртын, әке-шешесін көз алдына келтіріп, тұла бойын шымырлатады. Бұл фильмді көре отырып, тағдырдың талқанын өзге елден тауып жүрсе де бойындағы қазақтық рухын оятқан бір ғана домбыраның қос ішегі екеніне еріксіз тәнті боласың. Қазақтығыңа мақтанасың. Осындай ұлы дүниенің иесі біз екеніміз үшін кеудемізді кернеген ұлы сезімді жоққа шығара алмайсың.
Иә, домбыра қазақпен бірге жасап келеді. Қазақ барда, домбыра бар, домбыра барда қазақ да бар. Ғалымдардың зерттеуінше, домбыра б.д.д 5 мың жыл бұрын пайда болған екен. Ғасырлардан ғасырларға мұра болған домбыра аспабы Алтайдан Анадолыға дейінгі түркі халықтарында кең таралғанын білеміз. Осыдан-ақ қазақтың қара домбырасының тарихы тым әріден басталатындығын аңғаруға болады. Осындай ұлттығымыздың ұлы белгісі болып келген Ұлттық домбырамыздың арнайы күні Елбасы Жарлығымен аталып өтетін болды бұдан былай. Шілде айының алғашқы жексенбісі аталып өтілетін бұл мейрам биыл 1 шілдеге тура келіп тұр. Қуан, қазақ, қуан, Алаш! Бұл ­– рухани жаңғыру жолындағы жемісті қадам нәтижесі. Бұл – қазақтығымызды, азаттығымызды, мәдениетімізді тағы бір мәрте көпке дәлелдейтін мереке. Бұл – қазақтың мәдениетіне, өнеріне, қала берді тарихына тас атқысы келетіндерге тосқауыл болатын һәм өткеніміздің өміршең екендігін айғақтайтын күн.
Домбыра – Сақ дәуірінен сарқыты жеткен, Ғұн дәуірінен ғұмырлы болып келген, үкілі Ыбырайдан үзілмей, Құрманғазыдан құны артып, Динадан дараланып, Тәттімбеттен талайды тәнті етіп, Ақан сері, Біржан салдармен бірге жасасып, Кененнің көзіндей боп бүгінгі күнге жеткен қазақ руханиятының ұлттық құндылығы. Бүгінде сол асыл мұраны әспеттеп, ұлылардың жолын жалғап келе жатқан өнерпаздарымыз жетерлік. Домбыра сахнада сайрай жөнелсе, делебең қозбай, дегбірің қашпай отыру мүмкін емес. Өйткені қос ішектен шыққан құдіретті әуенді тек қазақтың ұлы ғана ұғына алады. «Мен қазақпын» деп марқая да, мақтана да алады. Өйткені даламыздың да, данамыздың да үні – домбыра!

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • Дін. Қоғам. Қауіпсіздік

    Шіркін, студенттік шақтың қызығы мен шыжығы ұмытылмайтын кезең ғой. ҚазҰУ-дың қалашығы ­– …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…