Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Еліміз тәуелсіздік жылнамасының «28 томын» ашты. Өсу мен өркендеу, даму мен қарыштаудан тұрған 27 жыл еліміздің еңсесін тіктеп қана қойған жоқ, әлемнің назарын өзіне аудартып, талайлардың таңданысын тудырды. Алқалы елдің ақылшысына да айналды біздің Елбасы. Алғашқылардың бірі болып ядролық қарудан бас тартып, көрегендік танытты. Бұл ісі арқылы бейбіт өмірді, соғыссыз, қантөгіссіз заманды қалайтындығын аңғартты.
Міне, жаңа жылдың алғашқы күндерінен-ақ «28 томның» алғы сөздері беттеле бастады. Елбасы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында 2019 жылды жастар жылы деп жариялаған болатын. «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек», – деді Елбасы. Ендеше біздің креативті, білімді, саналы да, озық ойлы жастарымызға қолдау көрсетіліп, олардың идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік туатын бұл жыл ерекше болмақ. Бүгінде осы мақсаттағы жұмыстар басталып кетті.
«Нұр Отан» – елдің талабын танып, мұңын бағып, үміт отын жағып, халық пен билік арасындағы аражігін жалғап жүрген, кемел істердің басында тұрған партия. Биыл наурыз айында елдің бас партиясының 20 жылдығы. Бұл да еліміздің даму жолындағы айшықты рөл атқаратын айтулы дата. 20 жыл ішінде партия ауқымды істердің басында тұрды. Қарапайым халықтың билікке деген сенімі партия арқылы артты.
Сонымен қатар Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына биыл 30 жыл толады. 1989 жылдың 15 ақпанында КСРО халқы Ауғанстаннан қайтқан 40-армияның жауынгерлерін қарсы алды. Кеңес әскерлерінің жекелеген бөлімшелері 1988 жылдың 15 мамырынан бастап Ауғанстан аумағынан шыға бастаған. КСРО тоғыз айдың ішінде әскерлерін бұл елден шығаруға міндеттеме алды. Бұл өте күрделі операция болған. 4 ақпан күні Кеңес Армиясының соңғы бөлімі Кабулдан шықты, ал 15 ақпанда 40-армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант Б.Громов Термез қаласында «Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен толықтай шықты, артымда бірде-бір жауынгер қалған жоқ» деп басшылыққа баяндаған екен. Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Ауғанстандағы шектеулі контингент әскерлері құрамында Қазақстаннан 22 269 жауынгер интернационалдық міндетін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған жігіт елге мүгедек болып оралды. Қаншама қазақ отбасына қасірет пен қайғы әкелген Ауғанстан соғысы біз үшін осылай аяқталған болатын. Бұл да – біздің тарихымыздың бір парағына жазылған оқиға.
2019 жыл ұлы тұлғалар мен ғұламалардың, Алаш ардақтыларының, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бірқатарының мерейтойлары екен. Оқырманның ойында болсын деген ниетте мұны да жариялауды жөн көрдік. 2019 жылы халық жазушысы Әбділдә Тәжібаевтың 110 жылдық, академик Қаныш Сәтбаевтың 120, археология мектебінің негізін қалаушы, әдебиеттанушы, өнертанушы және шығыстанушы Әлкей Марғұланның 115, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі Мұхамеджан Тынышбаевтың 140 жылдық, «Жыр Құлагері» Ілияс Жансүгіровтің 125, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың 135 жылдық, халық қаһарманы, Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың 95, қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан тұлға Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жылдық мерейтойларымен қатар, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, график-суретші және әйгілі кескіндемеші Әбілхан Қастеевтің туғанына 115, КСР халық әртісі, ҚР мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 110, жазушы, публицист, драматург Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 130, қазақ балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың дүниеге келгеніне 95, ақын, жазушы, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің, қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлиннің дүниеге келгеніне 125 жыл, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, парламент сенатының депутаты болған Әбіш Кекілбаевтың, қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынованың дүниеге келгеніне 80 жыл, халық әртісі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенованың дүние есігін ашқанына 90 жыл толмақ.
Биыл ел газеті «Егемен Қазақстанның» да ғасырлық тойы аталып өтпек. 1919 жылдың 17 желтоқсанынан бастап жарық көре бастаған басылым әу баста Орынбор қаласынан «Ұшқын» атауымен шыққан. Заман ағымына қарай бірнеше мәрте атауы өзгерді. Жазушы, публицист Шерхан Мұртаза басқарған жылдары газет «Егемен Қазақстан» атауын иеленді. Тәуелсіздіктің қуанышты күндері мен жұлдызды сәттерін бірге көріп, қалың оқырманмен ұдайы ақжолтай хабарларын бөлісіп отыратын басылымның ел баспасөзіндегі орны да, рөлі де зор.
Қазақ тарихында қаралы күндер мен қайғылы сәттер көп-ақ. Әрине, ондай заматтар да біздің жадымызда сақталуы керек. Келер ұрпақ қазақ даласының небір зұлматтар мен зымиян саясатқа куә болғанын, талай қанның ағылып, талай жастың төгілгенін сезінуі керек. Сол арқылы тәуелсіздік деген тәтті ұғымның ащы термен келгенін білгені жөн. Биыл талай жанды тәлкекке салған Семей ядролық полигонында алғашқы сынақ өткізілгеніне 70 жыл толса, осы жылы ядролық жарылысқа қарсы халықаралық «Невада-Семей» қозғалысы, қоғамдық-саяси ұйымының құрылғанына да 30 жыл толады екен. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген 456 жарылыстың ядролық зарядтарының жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимоға тасталған бомбадан 2,5 мың есе көп. Бұл сынақтар күнәсіз сәбилердің өмірін жалмап, талай азаматтың тағдырын талқан етті.
Міне, есігімізден енген жылдың елеулі күндері осылар болмақ. Бұл жылда еліміздің экономикасы еселеп артып, әлеуметтік жағдайының жақсара түсетініне де сенім мол. Жәрдемақы мен жалақы, зейнетақы мөлшерлерінің де бұл жылда артқанын аңғарсақ, табысымыз бен тұрмысымыздың тұрақталарына да үміт көп. Ендеше 2019 жыл Алашымыздың абыройы артып, бағы жанатын жыл болсын деп тілейік.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ