Басты бет Рухани жаңғыру Әжелер ән салғанда

Әжелер ән салғанда

0
1,414

 Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – дер кезінде дөп келген, бүгінгі тіршілігіміздің ажарын ашатын, мәдениетіміздің мәйегі болатын аса маңызды бағдарлама. Оның құндылығы сол – ұлттық рухани дүниелерімізді түгендеп, жоғын тауып, барын ұқсатып, келер ұрпаққа мөлтілдетіп жеткізу. Елбасы айтып отырғанындай «ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елдің» мәдениетін қалыптастыру. Демек, ендігі кезекте ұлт жанашырлары «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деген сөздің биліктегі жауапты тұлғалардан бастап, қарапайым қараша халықтың санасына құйылуы.     Елбасының бұл мақаласында қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Бұл – мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы деуге болады. Елбасы ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасын халық назарына ұсынып отыр. Мақалада біздің еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз, бұқаралық санамызды қалай өзгерту керектігін Елбасымыз тайға таңба басқандай даралап, саралап түсіндіріп берді. 


Әдебиетімізді, мәдениетімізді, дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді кешенді түрде дамытуды қолға алуымыз керек. Үлкен қалаларда басқаша болуы мүмкін, ал біздің Кепебұлақтай шағын ауылда бұл бағдарлама атадан мирас болып келе жатқан төл өнерімізді дәріптеу, төл мәдениетімізді дамыту, қолөнерін жаңғыртудан басталуы керек деп түсінемін. Жастар жағы аға, ата буынның айтар әндерін біледі деу қисынға келмес, білсе да саусақпен санарлықтайы ғана. Осы тұста ауылымыздағы «Күншуақ» әжелер ансамблінің жұмысы жөнінде айтқым келіп тұр. Ауылымыздың Науатхан Оразаева, Сәбетқан Дәменова, Рақымқан Өсекбаева, Шолпан Ұлдақанова, Ұлмырза Әлбекова, Күлсімқан Жылқыбаева, Нұрзат Қожабекова, Жеңіскүл Борашева, Гүлназ Майлыбаевалардан құралған бұл ансамбль құлағымызға жағымды тиетін, бірақ ұмыт бола бастаған әндерді насихаттап келеді. Олар – кез келген шарамыздың көркі. Әжелер ансамблінсіз тойымыз да, шайымыз да өтпейді. Негізгі репертуарлары халық әндерінен топталып, ұмыт бола бастаған әндерді қайта жаңғырту жолында да әжелеріміздің ұстанымдары биік. Ауыздан ауызға жеткен әндердің әуендері мен сөздерінің таза қалпында айтылуына баса назар аударады. Өткен жылы облыс көлемінде «Ауылым – алтын бесігім» атты мәдениет қызметкерлері арасында рухани жаңғыру бағдарламасына сай байқау өтті. Облыста жүлделі орынға ие болып, 1 миллион теңгенің дыбыс күшейткіш аппаратурасын сыйға алдық. Өзім «Үздік мәдениет қызметкері» деген номинацияны жеңіп алып, 100 мың теңге ұттым. Осының бәрі әжелер ансамблінің арқасы дер едім. Үйдегі жұмыстары, немере бағу сияқты тіршіліктері бола тұра біркелкі киім тіктіріп, дайындыққа бір мезгілде келіп, әрқайсысы өз ұсыныстарын айтып, өлең жазатындары сөздерін әнге қосып қызу ортада жүретіндіктері мемлекеттен қаржы алып жүрген талай мәдениет қызметкеріне үлгі боларлық іс. «Рухани жаңғыру» деген – өз еліңнің қожасы, иесі екендігіңді толық сезіну деген сөз. Мен мұны солай түсінемін. Бұл ретте біз «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында әр адамның саяси, рухани, мәдени болмысына әсер ете білуіміз керек. Мереке күндері әжелер ансамблінің концерті міндетті түрде көрерменге ұсынылады. Өйткені олар әркезде репертуарларын өңдеп, жаңалап, жаңаша қырынан көрінгілері келетіндігін байқатып отырады. Осындай концерттерде тек ән айтып, би билеп, жыр оқып қана қоймай, залда отырған көрер­мендердің мәдениетін көтеруіміз қажет. Көпшіліктің рухани бол­мысының көтерілуіне мұрындық болғанымыз жөн. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы біз халыққа рухани тәрбие бере білуіміз керек. Біздегі «Күншуақ» ансамблінің жұмысын осының бір ұшқыны дей аламын. Ұлттық өнерді ұлықтап, тарихымызды түгендей­тін, халықтың патриоттық сезімін, рухын көтеретін шаралар ұсынуымыз керек халыққа. Сонда ғана Елбасы­ның «Ру­хани жаңғыру» бағдар­ламасын өз деңгейінде орындап отырмыз деп толыққанды айтуға болады.
Тәкен ЖЫЛҚЫБАЕВ,
Кепебұлақ ауылдық клубының меңгерушісі

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…