Ж. Құдайбергенов атындағы орта мектепте мектеп басшылары мен басшы орынбасарларының қатысуымен «Менеджмент және инновация» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарын басқарудың заманауи тәсілдерін талқылау, білім беру жүйесіне инновациялық тәжірибелерді енгізу, басшылардың кәсіби құзыреттілігін арттыру және өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияға жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, педагогикалық шеберлік саласының мамандары қатысты. Атап айтқанда, СДУ университетінің PhD докторы, ассистент профессоры Бауыржан Қазиев Қайырбайұлы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультеті зоология, цитология және гистология кафедрасының оқытушысы, PhD докторы, ассистент профессоры Назым Құрманбаевна Корбозова, осы кафедраның ассистент профессоры Гүлнар Болатқызы Кегенова, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығының Алматы қаласындағы филиалының аға менеджері, сертификатталған тренер Қарлығаш Исақызы Қалдарова қатысты.
Сонымен қатар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Әлем тарихы кафедрасының профессоры Ханзада Ағибаевна Сутеева, тарих ғылымдарының доценті Қапаш Танекеевна Қашақбаева және тарих және құқық факультеті деканының тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Медет Дүйсенбекович Азанбаев конференция жұмысына атсалысты.
Басқосуда білім беру ұйымдарын тиімді басқару, басшылық қызметтегі жауапкершілік, заманауи менеджмент әдістерін қолдану және оқу-тәрбие үдерісіне инновациялық шешімдерді енгізу мәселелерін талқылауға мүмкіндік туды. Бүгінгі білім беру жүйесінде мектеп басшыларының басқарушылық қабілеті мен стратегиялық жоспарлау дағдылары оқу сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби дамуына және білім беру ортасын жетілдіруге тікелей ықпал етеді.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияның ерекшелігі – теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастырып, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді кәсіби тұрғыда талқылауға жағдай жасауында. Ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың қатысуы мектеп басшыларына жаңа көзқарастармен танысып, басқару тәжірибесін жетілдірудің тиімді жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді.
Мұндай кездесулер білім беру ұйымдары арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, озық тәжірибелерді таратуға және білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтарды дамытуға ықпал етеді. Себебі сапалы білім беру үшін заманауи талаптарға сай басқару жүйесін қалыптастыру, педагогтердің әлеуетін қолдау және өзгерістерге бейім орта құру маңызды.
Облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция білім беру саласындағы өзекті мәселелерді ортақ талқылауға, кәсіби тәжірибе алмасуға және алдағы міндеттерді айқындауға бағытталған маңызды алаң болды.
