
Ұйғыр ауданында өткен «Жасыл мекен – жарқын келешек» атты экологиялық акция көпшілікке жақсы әсер қалдырды. Республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл шара жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.
Асамбай асуы аумағында өткен акция барысында жастар, еріктілер мен аудан тұрғындары табиғатты қоқыстан тазарту жұмыстарына белсене қатысып, туған жердің тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты. Әсіресе жастардың белсенділігі мен қоғамдық іске деген жауапкершілігі көңіл қуантады. Бұл – өскелең ұрпақтың қоршаған орта мәселелеріне бейжай қарамайтынын көрсететін жақсы үлгі.
Шара барысында айтылған ой-пікірлер мен көтерілген мәселелер экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады. Табиғатты аялау, қоршаған ортаны таза ұстау және туған жерге жанашырлықпен қарау – әр азаматтың ортақ міндеті екені анық.
Осындай игі бастамалар қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, жастардың белсенді азаматтық ұстанымын нығайтуға да ықпал етеді. Сондықтан мұндай акциялардың алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындардың кең қолдауына ие болатынына сенім мол.
Ұйғыр аудандық Журналистер клубының мүшесі Сембекқызы Перизат
