Басты бет Спорт ҰЛЫ ДАЛА РУХЫ

ҰЛЫ ДАЛА РУХЫ

0
36

Шонжының күншығыс бөлігінде ипподром деп аталатын жерде ат спортынан Алматы облысының чемпионаты салтанатты түрде ашылды. Шараға ат спорты жарыстарын ғасырлар бойғы салт-дәстүрге айналдырған бүгінгінің батыр оғландары бас қосыпты. Өңірдің атсүйер спортшылары сәйгүліктерін сайлап, ұлттық рухқа тағзым еткендей боп көрінді.

Ашылу салтанатына қатысушылар мен қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы құттықтады. Ол өз сөзінде ұлттық спорттың ұлттық бірегейлікті нығайтудағы алатын орны ерекше екенін айтып, шабандоздарға адал бәсеке мен жарқын жеңістер тіледі.

«Қазақ халқы үшін жылқы қашанда көлік құралы ғана болған жоқ. Ол азаттықтың, ерліктің, ерліктің белгісі. Бүгінгі чемпионат баға жетпес асыл мұрамызды дәріптеп, өскелең ұрпақтың бойында мақтаныш пен намыс сезімін оятудағы маңызды қадам деп білеміз», – деп атап өтті Ерасыл Толымбекұлы. Сонан соң сөз алған Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жансерік Әдиахметов сөзге шықты. Бұл жарыс халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мұрасын жаңғыртып, оны жас ұрпаққа насихаттауға бағытталған маңызды шара болып табылады. 120 ға жуық спортшылардың жеңіс тұғырынан тек мықтылары шығуына тілектеспін, – деп ақжарма тілегін ақтарды.

Қазақ халқы кез келген істі ақ батамен бастаған. Тұлпарлар сүрінбесін, палуандар жығылмасын, мықтылар жеңіске жетсін, деген ниетте ата-баба дәстүрімен ауылдың абыройлы ақсақалы Тәліпхан Абиров атамыз батасын берді. Әннен шашу шашылып, дүбірлі доданың басталғаны туралы хабарлама жасалды.

Дәстүрге айналған бұл додаға көрші аудандардан да көптеген спортқұмар жандар жиналды. Биылғы чемпионат көкпар, 10 салмақ дәрежесінде аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу сияқты көшпенділер мәдениетінің ең қызықты түрлерін қамтыды. Жарысқа қатысушылар әртүрлі стильде өз шеберліктерін көрсетті. Атқа отырған кез келген жанның арқасы қозатыны ұлттық рухтың ерекшелігінен болар. Қиқулаған дауыстар мен ат тұяғының дүбірі шабандоздар мен жиналған қауымды бір серпілтіп тастады.

Ипподромда нағыз ерлердің додасы басталды. Чемпионатқа тәжірибелі мамандармен бірге болашағынан үміт күттіретін жас шабандоздардың қарасы көбірек көрінді. Бәйгені тамашалап келген жанкүйерлер өз аудандарының намыстарын қорғайтын жігіттерге айқайлап дем беріп тұрды.

Әрбір қатысушы үшін бұл чемпионат нағыз дода алаңына айналды. Бәленбай шақырым жерден аттарын баптап келгендер үшін бір жағы тәжірибе алмасу десек, екінші жағынан ұлттық спорттың құдіреті деп бағалауға болады. Ат спортының өз қиындықтары бар. Оған да ептілік, мықтылық, төзімділік керек. Осындай қасиетке ие азаматтар ғана жүзден жүйрік шығатыны анық.

Үш күнге созылған жарыстың нәтижесі дүйсенбі күні шықты. Теңге ілу бойынша қос құлаш стилімен Еңбекшіқазақ ауданынан келген  Данияр Алиев ешкімге дес бермей, алтын медальге ие болса, кегендік Үсен Ғалым күміс, біздің ауданның спортшысы Қайрат Арзықұлов қола медальға қол жеткізді. Алтын тұяқ стилінде Еңбекшіқазақ ауданынан Әсімжан Нариман алтын, Іле ауданынан Қабыл Бақберген күміс, Кеген ауданынан Отарбай Күнболат қола жүлдені иеленді. Бес белес стилінде де Еңбекшіқазақ ауданы бас жүлдені қанжығасына байлады. Біздің ауданнан Олжас Мырзағалиев күміс, кегендік Әбдікемел Жангелді қолаға қол жеткізді. Жамбы атудан Азия стилінен біздің жігіттер ерледі. Алтын мен қоладан алқа тақты. Алтын Ерболат Наргүл, қола Бағлан Стамбаевқа бұйырды, Жамбыл ауданынан келген Серік Алыбаев күміске ие болды. Түрік стилі бойынша талғарлық Сүлеймен Жанерке алтын, біздің Бағлан Стамбаев күміс, жамбылдық Серік Алыбаев қоланы місе тұтты. Жамбы стилінен біздің Ерболат Наргүл алтынды иеленді. Әр өңірден келген атқұмар жандар бар өнерлерін ортаға салды. Өзіміздің ауданның намысын қорғаған жігіттерге алғысымыз шексіз.

Көкпардан бірінші орынды Қонаев қаласының спортшылары алса, екінші орынды Қарасай және үшінші орынды Кеген ауданының көкпаршылары өзара бөлісті. Жалпыкомандалық есепте жеңіс тұғырына Кеген ауданы көтерілді, біздің аудан екінші орынға ие болды, Қонаев қаласының спортшылары үшінші орынға тұрақтады. Жеңімпаздар тиісті дәрежелі грамота, медаль және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Қазақтың ұлттық ат спорты — көшпелі мәдениеттен қалған, төзімділікке, ептілікке және серілікке баулитын дәстүрлі өнер түрі. Ең танымал түрлеріне бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу және қыз қуу жатады. Бұл ойындар шабандоз бен тұлпардың үйлесімін көрсетіп, ұлттық бірегейлікті сақтайды. Ат спорты — адам мен жылқының серіктестігіне негізделген, шабандоздың ептілігін, төзімділігін және ат баптау шеберлігін сынайтын ежелгі спорт түрі. Оны қайта жаңғыртып, бүгінгі жастардың бойына сіңіру үшін елімізде осындай жарыстар дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл жолғы дода да соның жарқын көрінісі. Қазақ пен ат егіз ұғым іспеттес. Сондықтан ат спорты ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде дамуы заңдылық. Жеңісті күндеріміз көп болғай…

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа Конституцияны қолдауға арналған жұлдызды футбол матчы өтті

Алматы облысының Қарасай ауданында жұлдыздардың қатысуымен ерекше шоу-футбол матчы ұйымдас…