
Спорт – ел бірлігін нығайтып, жастардың бойында жігер мен табандылықты қалыптастыратын маңызды сала. Бұқаралық спортты дамыту, ауыл жастарының белсенділігін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылатын жарыстардың маңызы ерекше. Осындай спорттық додалардың бірі – «ALATAU 2026» лигасы. Аталған лиганың II кезеңінде Ұйғыр ауданының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, аудан намысын абыроймен қорғады. Байрақты бәсекеге Ұйғыр ауданынан 8 команда мен 78 спортшы қатысып, спорттың бірнеше түрі бойынша өзара бақ сынады. Жарыс барысында қатысушылар өздерінің кәсіби дайындығын, командалық үйлесімділігін және жеңіске деген жігерін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша аудан командалары бірқатар жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, баскетболдан «Қарадала» клубы қарсыластарынан басым түсіп, І орынды иеленді. Футболдан аталған команда ІІ орынға тұрақтаса, волейболдан ІІІ орынға қол жеткізді. Сонымен қатар үстел теннисі бойынша Бахар ауылдық округінің «Ұлы Дала» командасы үздік ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі ІІІ орынды иеленді. Бұл нәтижелер – спортшылардың жүйелі дайындығы мен командалық бірлігінің жемісі. Әр спорт түрінде тартысты ойын өрбітіп, аудан намысын қорғаған командалар өздерінің жеңіске деген ұмтылысын айқын көрсетті. Айта кетерлігі, жарыс нәтижесінде баскетбол және футболдан «Қарадала» командалары «ALATAU 2026» лигасының финалдық III кезеңіне жолдама алды. Бұл – аудан спортшылары үшін жаңа белес әрі алдағы жарыстарда өз мүмкіндіктерін тағы бір мәрте дәлелдеуге берілген мүмкіндік. Жалпы, мұндай спорттық жарыстардың ұйымдастырылуы ауылдық округтер арасындағы байланысты нығайтып, жастардың бұқаралық спортқа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар спортшылардың тәжірибе жинақтап, өзара шеберлік алмасуына жол ашады. Ұйғыр ауданының спортшылары қол жеткізген бұл жетістіктер ауданның спорт саласындағы әлеуетін көрсетеді. Жеңіске жеткен командалардың қатарында әртүрлі ауылдық округтердің болуы – спорттың аудан тұрғындарын ортақ мақсатқа біріктіретін маңызды күш екенін аңғартады. Жүлдегер командаларды лайықты жеңістерімен құттықтаймыз! Алда өтетін финалдық III кезеңде «Қарадала» клубының спортшыларына сәттілік тілейміз. Аудан намысын қорғап жүрген спортшыларымыздың жеңісті жолы жалғасын тауып, жаңа белестерді бағындыра берсін!
