Сонымен қатар Эстония Президенті эстон компаниясы Арқалық қаласындағы мектепке пианино сыйға тартқанын атап өтті.
«Шамамен 670 шақырым қашықтықта, жақын арада Эстонияның екі ғасырға жуық өндірістік дәстүрімен жасалған аспаптың үні шырқалмақ. Осылайша, Эстония мен Қазақстан арасындағы достықтың әуені тек Астанада ғана емес, одан тыс жерлерде де тарайды», – деді Карис мырза.
Эстониядан келген қонақтар мен музыканттарды Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі қарсы алды.
«Бүгінгі кеш – екі түрлі мәдениет пен музыкалық дәстүрді біріктіріп отырған ерекше оқиға. Музыка үшін, жалпы өнер үшін, шекара жоқ. Ол жүректерді байланыстырады, ұлтына немесе шығу тегіне қарамастан, баршаға ортақ сезімдерді жеткізеді. Эстондық музыканттардың «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетуі – өзара құрмет пен шабытқа негізделген мәдени диалогтың жалғасы деп білемін», – деді Аида Балаева.
Кеште көрермен Арво Пярт пен Вельо Тормистің туындыларын тыңдады. Оларды Vanalinna Hariduskolleegium ішекті аспаптар оркестрі мен Скандинавиядағы белгілі жас музыканттардың бірі, шебер скрипкашы Ханс Кристиан Аавик орындады.
Концерт дирижері Эстон музыка және театр академиясының түлегі, симфония, екі опера, кантаттар мен көптеген оркестрлік және камералық туындылардың авторы, композитор әрі дирижер Расмус Пуур болды.
