Аптаның басынан ауданда дүбірлі тойдың иісі аңқыды. Мерекелік көңіл-күй, сабылысқан жұрт, әсем киінген аналар көшенің сәнін кіргізе түсті. Аудандық мәдениет үйінің алды дүйсенбіден бастап көпшілікке толы. Ауданның 90 жылдығына арналған мерекелік шара «Білімді ұрпақ – кемел келешектің кепілі» атты пленарлық отырыстан бастау алды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиева кездесу тізгінін өз қолына алып, ауданнан түлеп ұшқан білім саласында жүрген атақтары дардай профессорлар мен ғалымдарды таныстырды. Бұл жөнінде Сәбира Анварованың мақаласынан толық мағлұмат аласыздар.
Сейсенбі күні аудандық мәдениет үйінің алды мәдениет саласының майталмандарына арналған көрмемен көмкерілген. Ақын, жазушылар, актер, әншілердің портреттері менмұндалап тұрды. Кіре беріс фойеде Әдебиет пен мәдениет күні деген үлкен банер жасалыпты. Көрмемен танысқан, бірін-бірі көптен көрмеген жұрт қауқылдасып залға енді.

Нұрлан ағамыздың «Қарадала» өлеңін театрдың актерлері мәнеріне келтіре айтып шықты. Экраннан туған жеріміздің тамаша табиғаты көрсетіліп, жырдың мәнін одан әрі аша түскендей болды. Бекжан Тұрыстың 50 жылдық мерейлі тойында Бақыт Беделхан жазған «Ұлым, саған айтам…» монодрамасы халқымыздың іздеп жүріп көретін сахналық қойылымына айналғандығын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Сол моноспектакльден үзінді ұсынылды. Залда Бекжан да, Бақыт та отыр. «Қарадала» театры үшін бұл үлкен сабақ болды десек артық айтпағандық болар. Ерекше форматта басталғандығы бәрімізді елең еткізді.
Мерейлі тоймен құттықтау үшін сахна төріне аудан әкімі Бота Елеусізова шықты. Жиналғандарды ауданның 90 жылдығымен құттықтап, “Туған жерге туыңды тік” бастамасын ту етіп, осы өңірден түлеп ұшқан әр салада жетістікке жеткен жерлестеріміз ауданымызға келіп өз үлесін қосуға және туған өлкесін жан-жақты қолдауды, ауданымыздың жарқын болашағына қызмет етуді қолға алып отырған бастаманың жүзеге асырылып жатқандығы қуантып отырғандығын тіліне тиек етті. Осы орайда тарихтың өзі таңбалаған тоқсан жылдықтың мерейіне апта бойы әр саланы қамтитын форумдар мен танымдық шаралар, концерттер мен кездесулер өткізілмек. Ал 21 қараша күні апталық қорытындыланып, барлық сала бойынша қарарлар қабылданып, алдағы 10 жылға арналған ауданның даму жоспары бекітілетін болады. “Бірлік пен даму” деген тақырып алған қорытынды форум гала концертке ұласады. Ендеше бірлік пен татулықтың мекеніне айналған ауданымыздың 90 жылдығы баршаңызға құтты болсын! – деп ақжарма тілегін ақтарды. Ауданымыздың атын шығарып, өнер өрінде биіктерді бағындырып жүрген өнер майталмандарының аттарын атап, түстерін түстеп шықты.
Осы орайда туған жерден түлеп ұшқан тұлғаларды ауданның 90 жылдығына арнайы шақырып, кіндік қаны тамған жерге маңдайының тері де тамса екен, ұзақ жылдар бойы жинақтаған тәжірибе мен еңбектің сара жолын артынан ерген жас буынға көрсетсе екен деген бастаманы алға тартып отырған жайымыз бар. Бүгінгі күн мәдениет пен әдебиетке арналғандықтан, осы өңірдің жыр бесігінде тербелген қаламгерлер мен ақын-жазушыларды, өнердің киелі өлкесінде жүрген жандарды туған жеріне жарық сәулесі түссе екен деген ниетпен бастарыңызды өздеріңіз түлеген қарашаңырақта қостық. Бүгінгі шарада белсенділік танытып, ауданымыздан енді қанатын қомдап жатқан жас ақындар мен таңдайында тарыдай бағы бар жас өнерпаздарды жарқын болашаққа жетектеп, оң бағыт көрсетіп жіберсеңіздер, туған елге айтқан алғыстарыңыз бен қолдауларыңыз деп білер едік, – деген ниетін жеткізді.
Сосын сахнаға Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, әкемтеатрдың белді актері Бекжан Тұрыс, халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ақын, драматург Бақыт Беделхан, Қазақстан Жазушылар Одағы жанындағы ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрағасы Патигүл Махсатова, «Азия бүгін» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Тельман Нурахуновтар көтерілді. Оларға арналған сұрақтар қойылды. Ең әуелі Бекжан Тұрыс жиналған қауымды, жалпы аудан жұртын 90 жылдық мерейлі тойымен құттықтады. Өнерде жүргендіктен өзге өңірлерге гастрольмен көп жүреміз. Сондай сәттерде әріптестерімді туған жері шақырып, кейінгі буын балалармен таныстырып, әртүрлі кездесулер өткізеді. Біздің аудан неге осындай шаралар ұйымдастырмайды деген сауал көкейімде жүретін. Міне, армандап жүрген сондай күнге де жеттік. Шүкір. Мен өзі еңбек жолымды осы мәдениет ошағында бастаған жанмын. Ол кездерде «Арзу» ансамблі ғана бар. Концерттер болса мені Шошанайдан, Сүмбеден Айсұлуды шақыртып алатын. Екі ән айтатынбыз, қайтатынбыз. Қазір шүкір «Қарадала» театрымыз, «Жазерке» ансамбліміз бар. Өнерде биікке шықтым деп айта алмаймын, белортада келе жатқан жайым бар. Театрға байланысты шаруаларға көмектесуге дайынмын, – деп сөзін түйіндеді.
Бақыт Беделхан «Ұлым, саған айтам…» драмасының жазылу тарихы туралы баяндады. Ауданның дамуына, өркендеуіне тілекші екендігін айтып, ақынға қара сөзден өлең оңай демекші, тамаша туындысын оқыды. Ақын қызымыз Патигүл Мақсатова құттықтауын айтып, «Қазақ досыма» деген өлеңін тарту етті. Бақыттың арқасы қозып, Патигүл апайына ұйғыр тілінде бір шумақ өлеңмен жауап берді. Емін-еркін форматтағы кездесу болғандықтан бұл өтімді болды. Жиналған қауымды күлкіге қарық қылған Бақыт інімнің ерекше дарыны екенін де мойындауымыз керек. Патигүл Мақсатова жастарға кітап оқуды, ол проза болсын, поэзия болсын, көп оқу керектігін тәптіштеді.
«Азия бүгүн» газетінің редакторы Тельман Нурахунов 6 сыныпта оқып жүргенде Жамалдин Босақовтың романын оқып шыққандығын, сол сәттен бастап жазушы болуды армандап, қолына қалам ұстағандығын қызықты етіп әңгімеледі. Ал газетке келер болсақ, дамыған Америка мен Жапонияда газеттердің 30-50 миллион данамен таралатындығын айтып, егер өркениетке жетер болсақ бізде де сондай таралымдар болатындығын түсіндірді.
Сыр-сұхбат алаңына Қарадаладан түлеп ұшқан сценарист, режиссер, журналист Мұрат Есжан, ақын, Жазушылар Одағының әдеби кеңесшісі Жарас Сәрсек, әншілер Қалбинур Розиева мен Сағыныш Сенбілер шықты. Алғашқы сұраққа Мұрат баламыз жауап берді. Соғыс болып жатқан кездің өзінде дамыған елдер мәдениетке қыруар қаражат бөлгізген екен. Оның себебін елдің, мемлекеттің атын батырлар емес, мәдениет пен рухани өркениеттің шығаратындығын айтқан Черчилльдің сөзімен бастады. Яғни мәдениетіміз мен өнеріміз, әдебиетіміз өркендесе, мемлекеттің де мәртебесі артатындығын тарихи деректермен жеткізді. Әдебиет пен мәдениеті дамыған мемлекет қана өркендеп алға дамитындығын түсіндірді. Сағыныш баламыз өнерге жол бастаған Бекжан ағасының ізбасары, шәкірті екендігін, Шошанай деген кішкентай ауылдың тумасы екендігін айтып, ауданның 90 жылдық тойына келгеніне қуанышын жасырмады. Қалбинур Арупқызы Ақтамнан түлеп ұшқандығын, әпкесі Пәридәм Тейипованың ақындығын, өздерінің өнер қонған шаңырақтан шыққандықтарын мақтанышпен жеткізді. Халық әндерін орындаушы ретінде еліне қызмет етіп жүргенін айтты. Жарас Сәрсек өлеңмен шашу шашты.
Сахна төріне «Қарадала» театрының көркемдік жетекшісі Еркебұлан Нұржақып шығып, әдебиет және мәдениет күнінің қарарымен таныстырды. Аудан бойынша белгілі ақын-жазушылар мен өнер иелерінің деректер базасы жасақталатын болды. Онда танымал адамның өмірбаяны, шығармалары, елге қосқан үлесі енеді. «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында әдеби кештер, шеберлік сағаттары, өнер жұлдыздарының қатысуымен бірлескен жылдық қорытынды концерттер тұрақты түрде жылына бір рет өткізілсін деген шешім қабылданды. Ақын-жазушылар мен өнер жұлдыздарының өз туған жеріндегі мәдени мекемелерге демеушілік және рухани қолдауы бойынша «Жыр мен сөз – ел рухы», «Жас талант – ел болашағы», «Жас сахна» театрлық студиясын, «Дәстүрлі ән – ұлттық мектеп» жобалары жасалып, тәлімгерлер бекітіліп, жүзеге асырылатын болды. Облыстық, республикалық драма театрдағы өнер адамдарымен бірлескен қойылымдарды сахналау, олармен бірлескен көркемдік кеңестер өткізу жолға қойылып, осы жоба іске асатын болса ауданның мәдениетіне үлкен өзгеріс әкелері анық. Түске дейінгі шара көп көңілінен шықты.
Түстен кейін сыр-сұхбат алаңына жастар жиналды. Ақындар, актерлер, жыршылар, әншілер өз шеберліктерін танытты. Кино саласындағы өзіндік қолтаңбасын қалдырған Мұрат Есжан мен оның жары Айсәуле Әбділдә жастардың сұрақтарына жауап беріп, өздерінің биікке жету жолдарынан тұщымды әңгімелер айтты. Мұрат пен Айсәуленің ата-аналары Нұрәкім Есжан мен Шәкира Шынтеміровалар жастарға таныстырылып, олар да бала тәрбиесіндегі өз тәжірибелерімен бөлісті. Мамытхан Құдайбергенов баптап жүрген ақындар мектебінің шәкірттері өлеңдерін оқып, жаңаша леп берді кездесуге. Сағыныш Сенбі мен Қалбинур Арупқызы вокал бойынша дәріс өткізді. Өздері ән орындап, жастарды биге шақырып, кездесудің ажарын аша түсті. Жыршылар мектебі, театр сабақтары да тартымды өтті.
Әдебиет пен мәдениетке арналған күн талантты адамдардың сыр-сұхбаты мен өнеріне арналды. Аға буынның ақылы мен толғауы тоғысқан, жастардың жалынды шақтары қабысқан, балалардың өнеге алатындай деңгейіне жеткен керемет той деуге болады. Тойдың мазмұны мен мәні, тақырыбы мен сәні үйлесім тапты. Діттеген мақсат орындалды.
Баян МАМЫРБАЕВА
