Басты бет Иман ДІН ЖӘНЕ САЯСАТ

ДІН ЖӘНЕ САЯСАТ

0
2,162

Бүгінгі заман әрбір тәуелсіз мемлекет үшін бәсекелестіктің баспалдағында сүрініп қалмай, әр қадамды аңдап басу арқылы тек алға қарай ұмтылуды талап етіп тұрған уақыт. Сын сағаттар соғып тұрған сәтте әлем елдері жеті рет өлшеп бір рет кесетін түрлі саяси шешімдерді қабылдай отырып, өздерінің жарқын болашағының бағдаршамын жағады. Сенімді әрі бейбіт келешектің қамын бүгіннен ойластырып, ұрпақтарының қауіпсіз әрі қиындықсыз өмір сүруіне қолайлы жағдайлар туғызып кетуге әрекет етеді. Кез келген ел үшін сыртқы саясат пен ішкі саясаттың тұрақтылығы және өз шеңберінің ішінде жүргізілуі аса маңызды. Осы орайда біздің Тәуелсіз еліміздің де алдағы жылдарға жоспарланған стратегиялық маңызы бар құжаттары мен еліміздің Президенті алға мақсат етіп қойып отырған сарабдал саясаты жүзеге асырылуда. Өзге мемлекеттер секілді көршілес елдермен тереземізді тең ұстап, татулық пен тұрақтылықты даму мен тәуелсіздіктің ең негізгі тетігі ретінде ұғынып келеміз.

Осы орайда мемлекеттің саясатына тікелей әсер ететін қоғамның ауқымды бөліктері де жоқ емес. Соның бірін дін деп алып қарауымызға болады. Бұл жерде айтпағым дін мемлекеттің басқару ісіне немесе саясатына үзілді кесілді кері әсерін тигізіп жатыр деп айтудан аулақпын. Алдымен діннің өзін жеке алып қарайтын болсақ, дін қоғамды тұрақтылыққа, бейбітшілікке, имандылыққа, парасаттылыққа, тазалыққа, жалпы ең жақсы құндылықтарға қарай баулитын нағыз ізгі рухани құрал. Оған ешкімнің таласы жоқ. Ал дәл қазіргі кезде дін қоғамға кереғарлық тудырып тұрған кесапат сияқты өте жаман кейіпке еніп кетті. Бұл рухани әлемнің осындай кейіпке дейін түсіп кетуі дінді ұйыған ортаға іріткі салуға, дау шығаруға, қырғын жасауға, тіпті соғыстың отын тұтатуға дейін пайдаланушы дінбұзарлар мен басбұзарлардың, лаңкестердің кесірі екендігі айтпаса да түсінікті. Соңғы жылдарда діннің атын жамылып бейбіт елде бүлік салуға,  тыныш елді тас талқан етуге тікелей пайдаланатын таптырмас айла-тәсілдің бірі болды. Сондықтан да бүгінгі күні дін туралы тақырып қозғалса болды бойымызды әуелі қорқыныш пен үрей билеп тұратын күйге дейін жеткенбіз. Адамдардың қатігездігі мен қара басының қандыкүйлі мақсатына жету жолындағы қасірет пен қайғыға ұрындыратын шешімі дінді қоғамға қарсы етіп қоюда.

Бұл ретте дін мен саясаттың тізгінін бос жіберіп қойып, ауыздықтай алмай, тыныштығы ойран болып, шағырағы ортасына түсіп, құрдымға кетіп бара жатқан кейбір елдер секілді бармағымызды тістеп қалмас үшін не істеуіміз керек деген заңды сұрақ туындайды. Ең әуелі елдің билігіне, мемлекеттің саясатына тікелей әсер ететін қоғамның үлкен рухани бөлігі дін ұстану мәселесін бір жүйеге келтіріп, мемлекет пен діннің ара қашықтығын алыстатып алмауымыз керек. Біздің Тәуелсіз Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан азаматтардың дін қабылдау еркіндігіне шектеу қойылмайды. Алайда негізгі ата дініміз Ислам діні екендігі белгілі. Ислам діні ізгіліктің, имандылықтың, тазалықтың діні. Ата-бабамыз ұстанған асыл дініміз ретінде руханиятымыздың төрінен орын алып тұрады. Осы күнде елімізде Ислам дінін ұстанушылардың өзі де сан тарауға бөлініп, түрлі жат ағымдар салатанат құрып, көпшілікті адасушылыққа дейін алып барып жатқандығы жасырын емес. Бұл жағдай мемлекетіміздің жүргізіп отырған сыртқы және ішкі саясатына тікелей әсер ететіндігі айқын. Сондықтан біз осы сәттен бастап ата-бабамыз ұстанған асыл дініміздің қағидаларын жаңғыртып, шариғатымыздың шеңберін бұзып алмай, бес парызымыздан алыстап кетпей, дәстүрлі дінімізді мықтап ұстануымыз керек. Дәстүрлі дін деген ұғымды ұрпақтың санасына сіңдіруіміз керек. Дінге қадам басқан жанның бойына үрей туғызбай үміт ұялатып, ізгілік пен ілтипатқа толы дәстүрлі дінімізді оң қырынан көрсете алуымыз керек.

Біздің тәуелсіз, біртұтас, зайырлы мемлекетіміздің кемел келешекке деген үміт пен сенімін рухани тұрғыда демейтін атадан аманат болып келе жатқан дәстүрлі дініміз екендігіне еш күмәніміз болмауы тиіс.  Дін және мемлекеттің саясаты ертеңгі күніміздің еңселі болуына, болашағымыздың жарқын болуына тікелей кепіл болатын маңызды ұғымдар.

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ,

аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы    

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАТ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ДІТТЕГЕНІ НЕ НӘРСЕ?

Бүгінгі қоғам өте қызық. Ондағы тіршіліктің қайсысы жақсы, қайсысы жаман деп ойыңды қорытқ…