Аудан орталығы Шонжының қақ ортасында жаңа дүкен ғимараты бой көтерді. Заманауи типте салынып жатқан ғимараттың сыртынан қызыға қарап өтетінбіз. Өте аз уақыттың ішінде аудан тұрғындары үшін салынып болған бұл дүкеннің ашылуын күтіп жүргендер көп екен. Үлкендермен бірге шуылдасып жүгіріскен балалардың қарасы да көп көрінді.
Екі қабатты «Жанұя» атты дүкен тұрғындар үшін есігін айқара ашты. «Жақсыны көрмекке» дейді даналар. Көпшілікпен бірге біз де ашылу салтанатының куәгері болдық. Қызығушылық танытқан тұрғындардың ішінде зейнеткерлер де, жастар да баршылық. Белгіленген мезгілде көпшіліктің алдына аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы шықты. Аудан жұртшылығына қызмет көрсетуге арналған сауда орнының ашылуына құтты болсын айтып, кәсіпкерліктің тізгінін ұстап, халқына қызмет көретіп отырған жігіттердің жұмысына табыс тіледі. Осындай жағымды жаңалықтардың көп болуын және тұрғындардың қуанышты сәттерін бөліскеніне ризашылық сезімін жеткізді.
Сонан соң ақ батасын арқалаған ақ жаулықты ана шықты ортаға. Жәлімбетова Нүрия анамыз «Жанұя» дүкенінің жетекшісі туған жиені Мұхтар баласының ізгілікті ісіне береке тіледі. Қымбат дүкендер баршылық. Оған адамдардың бәрінің қолы жетімді бола бермейді, сондықтан қарапайым халықтың талабына сай, арзан бағада бұйымдар сататын екі қабатты салған дүкенің құтты болсын. Бұл жақтың адамдарымен тіл табысып, дос тауып, кәсібіңді дөңгелеткеніңе қуаныштымын. Ылайым абыройлы бол, кісілігіңді көрсет деп, баласына батасын беріп, жиылған қауымға алғысын арқалатты. Өзінің де қырық жыл сауда саласында қызмет атқарғандығын, үлкен дүкендерде меңгеруші болып, бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен нағыз маман екендігін түсіндіріп, ең бастысы елдің көңіліне қаяу түсіре көрме, деп баласына ақылын айтты. Ақ тілектер ақтарылар күн болғандықтан кәсіпкер Мұхтар Жаңабаевтың анасы Бәтима ана да ыстық ықыласын жеткізді. Баласының жұмысына Жаратушы иемнің қолдау көрсеткендігін, ендігі жерде ауыл тұрғындарына адал қызмет көрсетіп, көпшіліктің батасын алуына тілектестігін білдірді. Шашу шашып, қош келдіңіздер деп жиналған жұртқа аналық мейірімін төкті.
Дүкеннің ашылуына орай лентасын қию құрметіне аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы ие болды. Лента қиылған соң жиналған жұртшылық дүкенге лап қойды. Әр жерден шашу шашылып, ақ бауырсақ ұсынған қыздар қарсы алып тұрды. Шашуды теріп үлгермей жатқан балалардың қуанышында шек болмады. Ауыздарына салып үлгеріп, қалғандарын қалталарына басқан бүлдіршіндердің бақытты шағын көрудің өзі керемет көрініс болды. Адам өте көп. Бірінші қабатта мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен үй шаруасына керекті ұсақ-түйектер тізіліпті. Екінші қабатта мектеп формалары мен киім-кешектер. Тұрғындарға қызмет көрсететін қыз-жігіттер керекті заттарды табуларына көмектесіп елгезектік танытуда. Жаңа дүниенің аты жаңа. Жарқыраған шамдар, рет-ретімен жиналған заттар көз қызықтырады.
Ашылу құрметіне арнайы жасалған ас мәзірі болатындығын ескертіп жатты. Одан жиналған жұрттың бәрі ауыз тие алады деген сөзді естіген көпшілік дүкеннен шығуға асыға қоймады. Бұл да жақсылықтың белгісі болар. Арнайы шақырылған қонақтар үшін ғана жайылатын дастарқаннан сырт қалып жүрген жандар бір-бірін шақырысып, кетпейік деп мәз-мейрам болысты,
Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ