Алаш қайраткері, жазушы, ақын, драматург, аудармашы һәм ұстаз, педагог-ғалым Жүсіпбек Аймауытовтың білім алуы, алғашқы шығармашылық кезеңі, қоғамдық қызметке араласуы Семей қаласымен тығыз байланысты.
Семей – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір, ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы.
«Ертіс – үлкен өзен. Өре басы Қытайдан келеді. Екі қабағы ызғындай ел. Ызғындай елдің ортасындағы өнер-білімнің, сауда-кәсіптің, отарба, от-кеменің тоғысатын кіндігі, қара шаңырағы – Семей. Семей – бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы – Семейде. Семей – бір губерния елдің жүрегі. Семей бүлкілдесе, бір губерния ел бүлкілдейді. Ертістің оң қабағында – Семей, солында – Алаш қаласы…». Бұл – Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың Семей қаласының өткен ғасырдың басындағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени маңызын дөп басқан сипаттамасы.
Хан базары қайнаған осынау өлкеге Арқаның әр тарапынан арман қуған Алаштың азаматтары жиналғаны, өнер-білім іздеп шарқ ұрғаны белгілі. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында Смағұл Сәдуақасов сол тұстағы қаламгерлерге бірнеше сұрақ беріп (анкета түрінде) олардың өмірі, еңбектері туралы мағлұматтар жинауды мақсат етіпті. Мұхтар Әуезовтің архивінде сақталып қалған сол анкеталық сұрақтың біріне Ж.Аймауытов: «1914 жылы Семейдің учительский семинариясына барып түсіп, 1919 жылы мұны бітірдім», – деп жауап берген.
Жүсіпбек Аймауытов — қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Алаш ардақтысы. Аймауытов өзінің қысқа ғұмырында артына аса бай, ғылыми мұра қалдырып үлгерді. Жүсіпбек Аймауытұлы 1921 жылы Семей губерниясында оқу бөлімінің меңгерушісі болып тұрғанда Баянауыл жеріндегі қазақ жастарының білім алуына айрықша назар аударған. Бұған дейін қазақ даласында жұт болып, малынан айырылған халық аштыққа ұшыраған кезең еді. Ел-жұрт босып, жетім қалған балалар көбейіп, оларды жергілікті бас көтерер азаматтар Жүсіпбектің айтуымен Қызылтау өңіріне жинайды. Жергілікті байлардың демеушілігімен ас-суы, жатар орны ұйымдастырылып, жүздеген қазақ баласының аман қалуына себепші болыпты. Осы кезеңде Жүсекең және онымен пікірлес ел азаматтары Қызылтау маңында «Мәдени кіндік» деп аталатын білім ошағын салуға бел буады. Көнекөз қариялардан қалған, ауыл арасында айтылып жүрген әңгімелерге сенсек, 1921 жылы Алаш ардақтысы жергілікті төрт рудың ірі байларының қаржыландыруымен әлгі жерге әуелі бастауыш мектеп салуға ұйытқы болады. Соңынан ағылып келіп жатқан баланың көптігін ескеріп, «Мәдени кіндікте» шаруашылық ғимараттары, жатақханалар бой көтереді. Атап айтқанда, қыздар мен ер балалардың бөлек жатақханалары, асхана, бірнеше қойма, жертөле қойма, «қызыл отау», дәрігерлік пункт, әкімшілік ғимарат және атқора салынады. Біраз уақыт өткен соң бұл арада саман кірпіштен салынған кәдімгідей ауыл пайда болып, ауылдың батыс бөлігінде мал ұстайтын қоралар тұрғызылған. Мұндағы мақсат – байлар жиып берген малды осында бағып-қағып, интернатта жатып оқитын балалардың ішер асын тұрақты ұйымдастыру. «Көмек көрсеткен байлардың арасында сол заманның қазіргі тілмен айтқанда ірі меценаттары ретінде Текебай мен Түйебайдың есімдері айрықша аталады. Текебайда бала болмай, Жүсіпбектің ақылымен ол жетім балалардың бірнешеуін өз тегіне жазып алған екен. Содан Текебаевтар әулеті көбейіп шыға келген. Олардан қалған жұрағат бүгінде аз емес. Ал Текебай мен Түйебайдың дүние-мүлкі кейін кеңес өкіметімен кәмпескеленіп, өздері Ресейдің Қарасуық өңіріне жер аударылып, сол жақта өмірден өткен.
1918-1919 жылдары Семей қаласында Мұхтар Әуезовпен бірлесіп, «Абай» журналын шығарды. Осы журналда «Екеу» деген бүркеншік атпен Әуезовпен бірлесіп, «Абайдың өмірі және қызметі», «Абайдан кейінгі ақындар» деген мақалалар жазды. Аймауытов – қазақ әдебиетінде Абайдың шығармашылық мұраттарын ілгері жалғастырған ең ірі тұлғалардың бірі. Біз білетін жазушы, драматург, педагог Аймауытұлының тағы бір қыры аудармашылығы еді. Бұл турасында ол әдебиеттің өзінде екі көште қатар жүрді деуімізге әбден негіз бар. 1917 жылғы ақпан төңкерісі оның шығармашылығына, көңіл күйіне қатты әсер еткені белгілі. Ол ұлт бостандығын, адамзаттың қоғам алдындағы теңдігін, әйелдер теңдігін, махаббатты шығармаларына арқау ете отырып, қазақ қоғамына, сол қоғамды құраушы ұлтқа ненің керек екенін айтқысы келген, айта алды да. Қаламның күшімен ұлтын оятқысы келген оның асыл үміті сонау бала жасында оянғанын да білеміз. Ұлтын сүйген қалам иесінің сана көзі ерте ашылған.
«Ең алғаш 13 жасымда дұғалық жазатын кішкене қара шолақ кітапшама тіленші шалға боранда есігін ашпаған бір кемпірді, көшкенде байталға мінбеймін деп әкесін ренжіткен қызды (Ол Жәмікен деген апам ғой) өлең қылып жазғанымды әкем көріп, маңдайымнан иіскегені әлі есімде», – деп жазды ол бір естелігінде. Оның аудармасындағы «Дәмелі» романын аударма емес, өзінің төл туындысындай қабылдадық. Француз ақыны Фердинанд Дюшеннің «Дәмелі» романы қазақ қызының тағдырымен өте ұқсас. Жазушының өзі Шымкенттегі техникумда қызметте жүргенде Мәшһүр Жүсіпке жазған хатында: «Екі жарым ай болды, үйден түзге шықпағаныма. Не істедің десеңіз, «Қылуатта» жатып бір роман жазып бітірдім, өзіңіз көрген «Қартқожадан» үлкендігі – екі есе үлкен болады» дейді. Ол «Дәмеліні» де өзі айтқандай «қылуатта» жатып аударғаны сөзсіз.
Жүсіпбек Аймауытов қазақ әдебиетіне В.Шекспир, В.Гюго, Г.Мопассан, А.С.Пушкин, Н.В.Гоголь, Л.Н.Толстой шығармаларын аударып, көркем аударманың да көкжиегін кеңейтуге үлес қосқан. Алдымен ана тіліне, сосын орыс тіліне жүйрік Аймауытұлы аудармаға да үлкен ізденіспен, биік мақсатпен барғанын жоғарыдағы ол аударған авторлар тізімі растайды. Біздің сөзімізге тиек болып отырған «Дәмелі» атты шағын романды ол аса ыждағаттықпен, үлкен жауапкершілікпен аударғанға ұқсайды. Аударманы оқып отырып, Дәмелі қыздың тағдырына күйінесіз. Бұндай күй «Ақбілекті» оқығанда басымыздан өткен. Құдды өз шығармасындай жеңіл де түсінікті оқылады. «Дәмелі» жүз елу ділдаға сатылған жас қыздың әкесі мен оны айттыратын жігіттің өзара саудасымен басталады. Дәмелінің ұзатылар сәтіндегі үй айналасындағы тыныс-тіршілік өте тартымды суреттеледі, шығарма авторы, сосын аудармашы үшін де бұл мақтауға тұрарлық. «Мұстафа шәужайынан ұстап Іңкәр қызын ақ қашырға мінгізіп жатыр. Ер орнына қашырдың үстіне қыл кептеген қызыл тысты арқалығы бар, жұмсақ мүйет орнатқан. Дәмелі осы үлкен ұяға малдасын құрып отырады, кемер белбеуін салбыратып, шапанының құрыс-тырысын жазады. Таңның таудан асқан қызғылтым саңлақтанған сәулесіне шомылып, қайтып көрместей, бір жола қалып бара жатқан үйлеріне, қорасына көпке дейін қимай қарайды». Қазақ прозасына әйел теңдігі туралы бір емес, бірнеше шығарма берген Жүсіпбек Аймауытовтың «Дәмеліге» қызығып, оны аударып, қазақ оқырманына жеткізуі заңдылық еді. Өйткені бұл шығарма да әйел теңдігін арқау еткен роман. Кейіпкер Дәмелінің сан қилы тағдыры, бастан кешкен қиын сәттері кімді болса да бейжай қалдырмайды. Дәмелі – сор, Дәмелі – бақытсыздық сияқты сезіледі. Әкесі Мазен оны ақша үшін қайта-қайта еркекке сатып, нәпақа табуды әдетке айналдырған. Оның ойында қызының тағдыры емес, сытырлаған ақшаның рахаты басым. Аталған шығарма туралы аудармашы ретінде Жүсіпбек Аймауытов өзі былай деп жазады: «Бұл қолымыздағы шығарма – француз ақыны Фердинанд Дюшеннің Алжырдағы әдебиет бәйгесінде жүлде алған романы. Мұны біз өңдеп, қырнап, өзгертіп, көп жерін алып тастап, алдарыңызға тартып отырмыз. Оқушыларға, оның ішінде әйелдердің ауыр тұрмысын көзге көрсетуге бұл әңгіме пайдасыз болмас деп үміт етеміз. Неге десеңіз, оның жазғаны – кәдімгі қажылардың қалтасын қағып, қан қақсататұғын бәдеуилердің тұрмысы, өмірі. Олардың тұрмысы, салты, мінез-құлқы құдды қазақтікі. Олар да қызын қалыңмалға сатады, олар да көп қатын алады. Олар да жалқау, надан. Олардың қожа, молда, ишандары да өтірік шариғат соғып, құлқынын қармайды. Қайтып келген қызын пұлдап сата алмаса, әкесі қаңғыртып қуып жіберетіні де болады екен. Бұл салттар – қазақта бұрын (хандар, патшалар тұсында) болса да, бұл күнде тозығы жетіп, әлдеқашан қаусаған салт. Ол түгілі қалыңмалдың да ініне су құйылып отыр ғой. Араб әйелдерінің көрген күнін оқығанда, осы күнгі қазақ әйелі шүкір еткендей, қабырғасы қайысқандай болар».
Кешегі Алаш зиялылары озық елдер саналатын Жапония, Еуропа өркениетіне қызығып, біз де сондай өркениетті қоғам құрсақ дегенді күндіз-түні көксегені шындық. Үлкен елдердің әдебиеті мен мәдениетіне қатысты сан түрлі шығармаларды, оқулықтарды қазақ тіліне аударып, оқулық жасау да сол ізгі ниеттің бір көрінісі. Жүсіпбек Аймауытовтың Француз ақынынан шығарма аударуы да осы сөзімізді дәлелдейді. Шығармадағы оқиғалар өрби келе, Дәмелінің көңіліне кірген алаң да көбейе түседі. Енді оған Күндес ретінде Зейне деген әйел күйеуіне тоқал болады. Бұндай салт көшпелі арабтарда да, бізде де бар екенін ескерсек, «Дәмелінің» біздің оқырманға, қоғамға жат шығарма емес екені айқындалады. Шығарма соңында Дәмеліні әкесі басқа еркекке сатады. Ескі заманның, арабтарға тиесілі дәстүрдің құрбаны болған Дәмелі басына қандай қиын күн туса да, қайсарлықпен күресе біледі. Тіпті оны әкесі кәдімгі зат ретінде байдан-байға сатып, тентіретіп жібермек. Бәрінен түңілген Дәмелі ақыры мұрттай ұшып, әл-дәрмені таусылып, аурухана төсегінде талықсып жатады. Көшпелі арабтың тілін түсінбеген дәрігер «Тілмашты әкеліңдер, тезірек бар» деп айқайлайды. «Кешікпей тілмаш та келеді. Тілмаш – Ақылбай». Дәмеліні алғаш сатып алған Ақылбай бұрынғы әйелі Дәмелінің ең соңғы қиналған сәтін өз көзімен көреді. «Ол хал үстінде жатқан әйелге еңкейіп қарайды да, Дәмелі екенін таниды! Ол боп-боз болып кетеді. Ол оның күс болып жарылған саусақтарына, қу сүйек білегіне, табыт кеудесіне қарайды. Жалаңаш жатқан оң жақ иығы астынан ұзын жараның орнын көреді». Осымен бәрі бітеді. Бір тағдыр, бір адамның есіл өмірі қас-қағым сәтте тындым болады. Адамның қолынан жасалған азап Дәмеліні жан тәсілім етеді. Байыптап қарасақ, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі» де осындай сарынды шығарма. Онда да Ақбілектің тағдыры үшін күресі сөз болады. Оқырман үшін Дәмелі де, Ақбілек те бір адам сияқты болып елестейді. Бірақ екеуі екі халықтың қасіреті мен мұң-зарын бейнелеген шығармалар еді.
Қалай десек те, біз үшін Жүсіпбек Аймауытовтың бұл аудармасы әдеби құндылық үшін керек-ақ. Оның осы еңбекті әйел теңдігі, ұлт бостандығы үшін аударғанын білеміз. Тәуелсіз елімізде жүріп кейде жүрексінетін нәрселеріміз көп болады, ал бодандықта болса да санасы азат, ойы озық, ұлтының қамсыз дамуы үшін әрекет еткен азаматтың рухын, намысын, жүрегін бүгінде әр қазаққа салса ғой деген қиялға еріксіз берілетін болдық. Алаш ардақтыларының аруағы қолдаса екен ұлтын.
Баян МАМЫРБАЕВА