Кіші Ақсу шағын ғана, тұрғындар саны да онша көп емес ауылдардың бірі. Осы ауылдың ынтымағы мен ауызбірлігі, татулығы мені әркез таңғалдырады да жүреді. Алда-жалда өлім немесе басқа да қайғылы жағдай орын алып жатса ауыл тұрғындары бір кісідей жұмыла кетеді. Ондай кездері тіпті таксистер ауылдан ұзап шықпайды. Той-томалақта да осылай. Өздерінің ұстанымдары, бір ауыздан бекіткен жарғылары десе де болады.
Өткен жылы жазушы, журналист, ақын, аудармашы Ахметжан Исрапиловтың 60 жылдығын ауылдастары өздері бастама көтеріп атап өтті. Мерейтой иесі дос-жарандарымен қонақ болып келіп, риза көңілмен қайтқан-ды. Міне тағы осындай бір кездесуді ұйымдастырып, ауыл халқы өздерінің мерейлерін тасытты. Ауылда қырық жылға жуық фельдшерлік қызметін атқарып, тұрғындардың саулығына күзетші болған ардақты жан Мухаббат Алаеваны зейнеткерлік демалысқа шығарып салды.
Ауыл клубына тұрғындар көптеп жиналды. Мухаббат Зулярқызының әріптестері қолдарына гүлдерін ұстап, мерейлі жасқа жетіп, құрметті демалысқа шыққан жанды қол шапалақтарымен қарсы алды. Жан жары Зайнавдун Салимов пен немерелерімен бірге жиналған қауымның ортасына келген Мухаббат Зулярқызының қуаныштан жүзі бал-бұл жанды. Кіші Ақсу ауылының жігітбасы Адылжан Сабитов көпшілікті клубқа шақырды. Кез келген адамға дәл осылайша құрмет жасала бермейді. Еңбегі сіңген, ауылдастарына сүйкімі бар, өз ісінің білгірлері ғана еленеді. Мухаббат Зулярқызының ауылдастарының арасындағы құрметіне көз жеткіздік. «Висал» ансамблінің қыздары арнайы концерттік бағдарламаларын ұсынды. Шараның жүргізушілері өлең жолдарын арнап, жиналғандарды бір серпілтіп тастады.
Сонан соң осы шараның басы-қасында жүрген жігітбасы Адылжан Сабитов Мухаббат Зулярқызының құрметіне жиналған қауымға алғысын айтып, мерейтой иесіне тұрғындардың ыстық ықыласын жеткізіп, ұйғыр этномәдени орталығының Құрмет Грамотасын табыс етті. Үлкен Ақсу ауылдық округінің әкімі Адылжан Курбаниязов Мухаббат Алаеваның жүріп өткен жолындағы адалдықты, тазалықты, іскерлікті баян етіп, зейнетке шыққан жанға ізгі-тілегін жеткізді. Ауылдық аурухананың меңгерушісі Дильшат Абдулхамитов те ортаға шығып, ақ халатты абзал жанға бар жақсылықтарды тіледі. Адам саулығының күзетінде болған қырық жылға жуық ішінде тек қана алғыс арқалаған, көпшіліктің батасына батқан жанға жақсы демалыс тіледі. Бас ауырып, балтыр сыздағандар бірден Мухаббатты іздеп, оның жылы сөзі мен шипалы қолынан ем алған соң бірден сауығып кетіп жататындығын тіліне тек етіп, апайына ризашылық сезімін жеткізді.
Ауылдық фельдшер өте үлкен лауазым болмаса да оның арқалаған жүгінің қаншалықты салмақты екендігін осы кештен ұқтық. Ауыл ақсақалы Абдукерим Баратов та сахна төріне шығып, өзінің аталық ақ тілегін айтты. Атына заты сай Мухаббат қыздың зейнеткерлік жасына құтты болсын айтып, ауыл қарияларының қатарын толтырған жанға қош келдің деп, елді күлкіге көмді. Зейнеткер ұстаз Селимәм Жаппарова да Мухаббаттың ауылға сіңірген еңбегін жоғары бағалап, аналық батасын берді. Ауылдастары құрғақ қасық ауыр жыртар, естелік болсын деп алтыннан сақина салса, әріптестері де алдымызда жарқырап жүріңіз деп алтыннан сыйлық жасады. Клубтағы мерекелік шара жылы сөздермен, әдемі ән мен бимен сабақтасты. Ресми жиыннан соң ауылдастары Мухаббаттың құрметіне деп «Саид» кафесінде жайған ақ дастарқан басына шақырды. Туған-туыс, әріптестері, бала-шағалары, сыныптастары мәре-сәре болысты.
Еткен еңбектің бағаланғандығына не жетсін. Өзінің мейірімді жүрегімен, жылы сөзімен, білгірлігімен осындай құрметке бөленген Мухаббатқа қызыға да, қызғана қарадық. Өмірлік жары Зайнавдун Салимовпен шаңырақ көтеріп, өмірге ұл мен қыз әкелді. Қыздары Гүлсанам Алматы қаласында дәрігер болса, ұлдары Фарух халықшаруашылығы институтын бітірген білікті маман. 6 немере сүйіп отырған бақытты отбасының бір жақсылығына ортақтасып қайттық.
Фельдшерлік – кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келген Мухаббат ұзақ жылғы еңбегінің қызығын көрді. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан, тек ісімен ғана емес жүрегімен емдей білетін Мухаббат сияқты ақ халатты абзал жандарымыз көп болса екен деп тілейміз. Тіршілік үшін судың маңызы қандай жоғары болса, адам өмірі үшін ақ халатты абзал жандардың рөлі өте жоғары. Адам өмірін құтқарып, екінші өмір сыйлап жатқан ақ халатты абзал жандардың еңбегі жоғары, өлшеусіз. Ақ халатты абзал жан атану сөз жүзіндегі білімділікті ғана емес, жүректегі батылдық пен төзімділікті қажет етеді. Дертіне шипа іздеп келген әр адам өзін дәрігердің емдеп шығатынына сенеді және дәрігерге өмірін сеніп тапсырады. Ал бір адамның өмірін өз мойнына алу – оңай іс емес. Мақтауға тұрарлық Мухаббатқа салиқалы қариялық, бақытты әжелік ғұмыр тілейміз.
Баян МАМЫРБАЕВА