Түлектер алдындағы ең үлкен сынақ Ұлттық Бірыңғай Тестілеу мәресіне жетті. Бұрындары бір немесе екі күнде барлық еліміз бойынша бұл сынақтың қорытындысы жария етіліп, жоғары балл алғандар бөріктерін аспанға атса, ойларындағы нәтижеге қол жеткізе алмағандар аппеляциялық шағым жазып, тестілеу орталығының алды азан-қазан болып жатушы еді. Оның ережелері өзгергелі бері бұл сынақ тып-тыныш өтіп жатқандай көрінді. Көңілдері күпті болған түлектердің «уһ» деп еркін тыныстаған сәті де туды. Жыл бойы дайындықтан бастарын көтере алмай, оқу «кемірген» оқушылардың барлығы жоғары балл жинады дей алмаймыз. Қуаныштарымен бөлісіп жатқандар мен өкпе, наздарын білдіргендер де бар. Сынақ сол үшін сынақ болар.
Осыдан біраз күн бұрын барлығы 140 сұрақтың 140-на дұрыс жауап берген алғашқы түлек туралы дерек бүкіл елге тарады. Танымасақ та ол баланың еңбегіне тілеулес болдық. Ұлттық бірыңғай тестілеуде мүдірмеген түлектің аты-жөні Еңсебек Жаннұр. Ол Алматы облысы, Талғар ауданы, Қарабұлақ ауылының №22 жалпы білім беретін орта мектебі түлегі. Одан сәл уақыттан соң Р.Қошқарбаев атындағы Қосшы мектебінің оқушысы Айым Ержанова да айды аспаннан шығарып 140 баллды қанжығасына байлап шықты. Жаңаөзендік Абзал Оңғарбаев та 139 балл жинап, үздік нәтиже көрсеткен еді.
Білімдерімен халықтың мақтанышына айналған балалардың қатарында біздің ауданның №1 Шонжы мектеп-лицейінің түлегі Розана Рахмидинова да бар. Ол 132 балл жинады. «Алтын белгі» иегері математика мен информатика пәнін таңдаған екен. Мақсатын орындап шықты. Бұл да биік көрсеткіш. Үлгілі тәртібі мен ынталы оқуымен діттеген биігін бағындырған Розана қызымыздың жеңісіне құтты болсын айтамыз. Ендігі биік арманы – қалаған жоғары оқуына түсіп, таңдаған мамандығын игеріп, еліміздің білікті маманы атану. Жолың ақжолтай болып, армандарың асқақтап, асуларды бағындыр, Розана дейміз!
ҚАРАДАЛАЛЫҚТАР