Басты бет Заң және қоғам ҰЛТАРАЛЫҚ АРАЗДЫҚ ТУДЫРҒАНДАР ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАЗА АРҚАЛАЙДЫ

ҰЛТАРАЛЫҚ АРАЗДЫҚ ТУДЫРҒАНДАР ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАЗА АРҚАЛАЙДЫ

0
377

Тақырыптың өзі айтылар ескертпемізді айқын баяндап тұрғандай. Біздің еліміз әлем елдері ішінде көпэтносты біртұтас мемлекет ретінде ерекшеленеді. Осы ретте мемлекет құраушы қазақ ұлтымен бірге жүздеген этностар мекен еткен тәуелсіз еліміздің ең басты байлығы халық және сол халықтың ауызбіршілігі мен қоғамдық тұрақтылық екендігі айқын. Сондықтан этносаралық араздықтар мен қоғамдық-саяси ахуалға кері әсерін тигізетін әрекеттердің алдын алу және болдырмау шаралары бірінші кезекте қолға алынып отырады. Біздің бүгінгі ең басты жетістігіміздің бірі осы жүздеген этностарды киелі шаңырағымыздың астына біріктіріп, бес саусақтың саласындай, бір үйдің баласындай тату-тәтті әрі ауызбірлікте ғұмыр кешуіміз.

Алайда арагідік көп ішінен басбұзарлар шығып, ұйыған ұлттың бірлігіне іріткі салып, бүлік шығаруға әрекеттеніп жататын кездер де болып тұрады. Осындайда тентегін тезге салатын заң органдары мен заңда қарастырылған қатаң жаза түрлері нақты жұмыс істейді. Ұлтаралық алауыздық тудыру фактісін қылмыстың ең күрделі әрі ауыр түріне жатқызуға болады. Өйткені оның соңы бүтіндей бір елдің шаңырағын ортасына түсіретін жағдайға дейін алып баруы мүмкін. Бүгінде мұндай қылмыс түрлері көбінесе әлеуметтік желі кеңістігінде, мессенджер чаттарда жасалып жатады. Ұлттың намысына тиетін түрлі бейне және аудиожазбалар тарату арқылы қоғамда резонанс тудыру әрекеті осы қылмыстың айқын көрінісі. Бұл ретте авторлар азаматтардың ұлттық ар намысына немесе жалпы ұлтқа және белгілі бір этникалық топқа әдейі тіл тигізеді. Белгілі бір ұлтқа, соның ішінде тілге қатысты көзқарасына күш қолдануға ашық шақырып жатады. Әдетте ондай материалдардың авторлары ұсталғаннан кейін өкініп, халық алдында кешірім сұрайды. Бірақ олар жауапкершіліктен босатылмайды.

Ұлтаралық араздық тудырған күдіктілер қылмыстық кодекстің          174 бабы бойынша қылмыстық жазаға тартылады. Қылмыстың сипатына қарай 2 жылдан 7 жылға немесе салдары ауыр болса 12 жылдан 20 жылға дейін темір торға тоғытылу жазасы қарастырылады. Сондай-ақ мұндай әрекеттер қылмыстық кодекстің 3 бабы бойынша экстремистік сипаттағы қылмыс түріне жатқызылуы да мүмкін. Ал экстремистік қылмыс жасағаны үшін ең ауыр жаза түрлері қолданылатындығын әркім есінен шығармауы тиіс! Осындай бағыттағы қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылып жатқандар аз емес. Алысқа бармай-ақ өз ауданымызда болған оқиғаны және оқиға авторының арқалаған заңды жазасын өзгелерге сабақ болуы үшін талқылап өтуге болады.

2023 жылдың 06 қарашасы күні WatsApp желісі арқылы Н.М есімді  ұйғыр этносты әйел азаматшаның жазған аудиожазбасы тарай бастады. Аудиожазбада ұлтаралық араздық тудыратын нақты фактілер келтіріліп айтылған. Аталмыш аудиожазба жылдам тарап, қоғамдық резонанс тудырып, ауданның белсенді жастары мен тұрғындарының жиналуына себепші болды. Осылайша күдікті құқық қорғау орган қызметкерлерімен ұсталып, тиісті жұмыстар жүргізіліп, іс сотқа жолданды. Аталған оқиғаға байланысты соттың шешімімен Н.М есімді азаматша қылмыстық кодекстің 174 бабы бойынша кінәлі деп танылып, 3,5 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза арқалады.

Қазақстан – халқы сүттей ұйыған мемлекет. Бұл – біздің байлығымыз, құндылығымыз. Ең бастысы – этнос өкілдерінің ауызбіршілігі мен татулығы құр жалаң ұран сөздер емес. Қазақстан халқының ұлтаралық шиеленістерге қарсы тұра алуының басты себебі де осында. Қазақтың құндылықтарын бойына сіңірген және бір шаңырақ­тың астында өмір сүріп тәрбие­лен­ген азаматтардың бірлігі берік болады.

Түптеп келгенде, қылдан да нәзік түсініктермен сипатталатын ұлтаралық қатынастарды қоздыру мен оны саяси экстремизмнің құра­лы ретінде қолдану қай тарапқа да опа бермейтіні тарихтың ащы сабақ­тарынан белгілі.

Осы орайда кез келген аудан тұрғыны әлеуметтік желі кеңістігінде, мессенджер топтарда қандайда бір арандатушылық сипаттағы немесе ұлтаралық араздық тудыратын аудио, бейнежазбалар жазу, жариялау немесе үшінші тараптан келген жазбаларды тарату сынды әрекеттер жасауға өте мұқият болғаны абзал. Салдары ауыр болған кез келген қылмыс кешірілмейтіндігін және оған ауыр жаза тағайындалатындығын тағы да еске саламыз!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ,

аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ – ҚОҒАМ ДЕРТІ

Сыбайлас жемқорлық  – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, қоғамдағы пиғылдары қара, қолдар…