Басты бет Мәдениет және руханият ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТІ ДАМЫТҚАН ҰЛЫ ТҰЛҒА

ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТІ ДАМЫТҚАН ҰЛЫ ТҰЛҒА

0
345

Сырдария – қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан көптеген көрнекті тұлғалардың мекені. Осындай адамдардың қатарына шығармалары қазақ және әлем әдебиетінің бай қазынасына енген Әбдіжәміл Нұрпейісов те жатады. Нұрпейісов Әбдіжәміл Кәрімұлы 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесінде балықшылар отбасында дүниеге келген. 1942 жылы орта мектепті бітіріп, бірден Қызыл армия қатарына шақырылды, Балтық жағалауын азат ету шайқастарына қатысты. Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғысқа аттанған барлық туыстарының ішінде аман келгені өзі ғана. Ерекше жаратылған адам, сыншыл, әр сөзге құдіреттей қарайтын, сөздің қадірін бәрінен биік қойған тұлға.

Әбдіжәміл Нұрпейісов десе «Қан мен тер» трилогиясы, «Қан мен тер» десек Әбең еске түседі. Бұл романы арқылы әлемге қазақ деген ұлттың бар болмысын, жан дүниесін танытты. Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік, баға жетпес шығармалардың бірі әрі бірегейі. Қазақ тарихын терең зерттеген, қазақ ұлтының басынан өткен қиындықтарды шынайы суреттеген шығарма. «Қан мен тер» – бұл ХІХ ғасырдың аяғынан ХХ ғасырдың басына дейінгі кезеңді қамтитын эпикалық роман. Роман ауыр сынақтарға ұшыраған қазақ отбасының өмірі мен тағдыры және қатаң пайдалану режимі жағдайында өмір сүру үшін күресті баяндайды. Романның басты кейіпкерлері патшалықтың жауыздық саясатына, отарлық езгіге, жер мен бостандық үшін күреске тап болады, бұл «Қан мен терді» қазақ халқының тарихындағы қайғылы беттердің жарқын көрінісі етеді. «Қан мен тер» романы кейіпкерлердің терең психологиялық талдауымен, қазақ ауылының өмірін шынайы суреттеуімен, жарқын бейнелерімен және терең философиясымен ерекшеленеді. Әбдіжәміл Нұрпейісов өз еңбегінде ұлттың өзін-өзі тану, тәуелсіздік үшін күрес, отарлық қанауға қарсы тұру сияқты маңызды әлеуметтік және саяси мәселелерді көтереді. «Қан мен тер» қазақ әдебиетінің классигі және қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін аса маңызды туындылардың біріне айналды. Роман өзінің терең философиясымен, тіл байлығымен және дана ойларымен оқырмандардың назарын аудара отырып, ел ішінде де, одан тыс жерлерде де танылды. Осы роман желісімен түсірілген фильм де шықты. Кітаптың ауқымын түгел қамти алмаса да ұлтымыздың басынан өткерген ауыртпалықты суреттей алды. Кино қалың жұртшылыққа ұнағанмен автордың өзіне ұнамағандығын ашық айтты. Әрине дәл кітаптағыдай жеткізу мүмкін емес те болар.

Шынтуайтында, қазақ әдебиетінде ең сүбелі романның бірі «Абай жолы» болса, одан кейінгі шығарма – «Қан мен тер». Мұны қазақ оқырмандары да жоққа шы­ғармайды. Мұхтар Әуезов әдебиет саласында Лениндік сыйлықты алған тұңғыш қазақ болса, Әбдіжәміл Нұрпейісов КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған бірінші қазақ. Осымен-ақ талай дүниені айтуға болар.

Ә.Нұрпейісовтің ірілігін, даналығы мен даралығын мойындамаған адам жоқ. Мәселен Дулат Исабеков: «Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармаларын оңай жазып көрмепті. Алғашқы «Курляндия» романы мен «Қан мен терді» қалай жазғанын мен білмеймін. Мен білетін, жазу процесінің барлық сәтіне бастан-аяқ куә болғаным – осы «Соңғы парыз» романы. Бұрын он рет, жүз рет, тіпті өмір бойы көріп-біліп, бастан кешіріп келген оқиғаларды көркем шығармаға айналдырып, қағазға түсірер сәтте сол оқиғаларды ерінбей-жалықпай тағы да әлденеше рет көңіл сүзгісінен, көркемдік безбенінен өткізіп барып жазу – Нұрпейісовтің қанына сіңген қасиет», – дейді. Яғни әр жазған сөзін, сөйлемін сүзгіден өткізіп алмай, оқырманға ұсынбайтын сарабдал, кірпияз, таза адам. Мұқияттылық – оның басты ұстанымы. Сонымен қоса жазғанына сыни көзбен қарай алатын сұңғылалығы Әбеңді бүгінгі биігіне шығарды дей аламыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазушыны 95 жастық мерейтойымен құттықтап, мынадай ақжарма тілегін айтқан еді: «Құрметті Әбдіжәміл Кәрімұлы! Мерейлі 95 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сізді егемен еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан аса көрнекті жазушы, сөз өнерінің патриархы ретінде қадірлейміз. Қазақтай елдің арасынан дараланып шығып, бірегей тұлға дәрежесіне көтерілген өзіңізді үнемі мақтан тұтамыз. «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдарыңыз қазақтың көркем сөзінің алтын қазынасына еніп, әлем әдебиетінде өзіндік орны бар рухани мұраға айналды. Баршаны алаңдатқан Аралдың ахуалы сіздің қайталанбас шығармаларыңыздан көрініс тапты. Ел мүддесін жаһандық деңгейге жеткізіп, оқырманның шексіз ықыласына бөленіп келесіз». Бұл өте биік баға. Оның шығармашылығы оқырмандардың жаңа буынын шабыттандырып, тәрбиелейтіні сөзсіз.

Әбдіжәміл Нұрпейісов әдебиетке «Курляндия» романы арқылы келді. 16 жасында со­ғыс­қа аттанған бозбалада бақытты жастық шақ болды деу әбестік болар. «Курляндияны» жазуына себепкер болған да соғыстағы жылдары. Одан кейін әдебиеттегі алып тұлғалар – ұлы жазушылар, ұстаздары еді. Егер кезінде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Омаров секілді қаламгерлер соншама көңіл бөліп, қам­қорлық жасамағанда, Нұрпейісов деген жазушының болмауы да мүмкін еді. Онда «Қан мен тер» де, «Соңғы парыз» да жа­зылмас еді. Сәбит Мұқанов үлкен бір алқалы жиында «Менің қазақ әдебиетінде 20 жыл бойы күткен адамым енді келді» деп көпшіліктен сүйінші сұрап, жар сал­ған екен Нұрпейісов жайында. Алыптар­дың алғысы болар, ол ешқашан өз шы­ғармаларына салғырт қараған жоқ. Тіпті, Әбені «Қазіргі заман­ның Шолоховы» деп жазғандар да бар. Бірі орыс өмірін, енді бірі қазақ өмірін шы­ғарма­ларына арқау еткенімен екеуін де біріктіретін бір нәрсе – адам тағдыры. Баспа тари­хында тұңғыш рет «Қан мен тер» редак­тор­сыз шықты. Абыз жазушы бір де бір редакторды ұнат­пады. Кітабы редакторсыз шыққан тұңғыш адам Әбең болып тарихқа енгендігін әдебиет әлемінде жүрген жандар жақсы біледі. Шығармадағы сүйік­ті кейіпкерлері Ақбала мен Еламан, Судыр Ахмет, Сүйеу қарт, Тәңірберген, Қален… бәрі-бәрі санаға басқан мөрдей жатталып қалды. Бұл не ғажап? Бұл не сиқыр дерсің. Сөйтсек, бізді арбаған бұл сиқыр Алланың Әбдіжәміл Нұрпейісов­тей қаламгеріне берген суреткерлік қа­сиеті екен. «Қан мен тер» әлемнің 35 тіліне аударылды. Компартия қазақ жазушысын төбесіне көтерді. Енді одан коммунизм құрылыс­шылары туралы роман жазуын күткен еді. «Жазып жатырмын» депті жазушы. «Ком­мунизм құрып жатқан Арал балықшы­лары туралы екі томдық роман жазып жатырмын» деген классик ақырында «Соңғы парызын» аяқтап шықты. Бұл шығарма Компартияға айтылған алғыс емес, қарғыс болып шықты. Ақырында компартия да келмеске кетті. Классик те партбилетін қоқысқа тастады. «Соңғы парыз» бірнеше рет өзгерді. Бұл да жазушының шығармашылыққа селқос қарамағанын көрсетсе керек.

Классик жазушының 1986 жылғы ерлігі бір төбе. Бұл туралы белгілі меценат Ұзақбай Айтжановтың айтқаны бар еді. Осыдан 30 жыл бұрын өзінің барлық марапатын (орден, медаль) партиялық билетімен бір­ге қорапқа салып, қоқыс контейнеріне лақтырыпты. Бұл оның 86 жылғы желтоқ­сандағы студенттер мен жастардың қыры­луына наразылығы болатын. «Әскери ма­рапаттарын неге лақтырғанын» сұраға­ны­мда, ол майданда алданып қалғанын, оның жеңіске ешқандай қатысы жоқ екенін айтты. Оған «Қызыл Жұлдыз» ор­дені, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені, «Ерлігі үшін» медалі тектен тек берілмегенін айтып, қарсылық білдірдім. Әбекең әкесімен және әкесінің ағаларымен бірге алты бірдей адам Сталинград майданына түсті. Сол тозақтың ішінен Нұрпейісовтер отбасынан жалғыз өзі аман шықты. Ол жеңісті Кенигсбергте қарсы алды. Бұл ерлік емес пе?» дейді Айтжанов.

Өмірінде үш роман ғана жазды: «Курляндия», «Қан мен тер», «Соңғы парыз». Осы үш шығармаға бүкіл өмірін арнады. Әрі қазақ сөзінің сақшысындай еді. Басқалардың шығармаларын оқып отырып немесе өз шығармасын оқып отырып, қате кеткен бір сөздің өзін түзеп,  «сендер әрбір сөзге мән бер­мейсіңдер» дейтін асылдығын айтсаңызшы. Ал қазіргі прозада, жалпы әдебиетте осындай асылдық, осындай тазалықты кездестіре аласыз ба? Әй, қайдам. Сөздің құдіретін жеңіл дүниелер алмастырып, ұрпақтың көкірек сәулесін көлегейлетіп тастағандаймыз. Поэ­зия­ның музасы Абайдың кеудесінен орын тепсе, қара сөзде Әуезов пенен Нұрпейісовтің кеудесіне қонақ­таған екен. Әуезовтен кейін бүкіл әлемге қазақ әдебиетін, қазақ прозасын танытқан Әбдіжәміл Нұрпейісов еді.

Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ әдебиеті дейтін үлкен әлем­ге өз олжасын салған, қолтаңбасын берген адам.  Қазақтың көп жазушысының бірі емес, әлемдік дең­гейге қазақ прозасын жеткізген адам.  «Соңғы парызы» арқылы қазақтың өмірін жаз­ды. Тағы да әлемге танылды. Өзі ғана емес, қазақтың көр­кемсөзін, жан-дүниесін танытты. Рухын, мәдение­тін, салт-дәстүрін көрсетті. Сүйегі де, сөзі де асыл Әбең қазақ әдебиетінің ерекше жаратылған тұлғасы. Оған ешкім дау айта алмайды. Сөз тазалығын, әдебиет пен өнердегі тазалықты өнеге еткен дара тұлға. Оның артында қалған мол мұрасы мөлдір бұлақтай таза шығармалары. Қазағы барда Әбеңнің аты мәңгі жасайды.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…