Басты бет Әр қилы МАЛ ДӘРІГЕРІ – МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ

МАЛ ДӘРІГЕРІ – МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ

0
276

Қазекем қал-жағдай сұрасқанда «Мал-жаның аман ба?» деп бастайды бісмілләсін. Неге бірінші мал тұрады деген сұрақтың туындауы да заңды. Малың түгел, аман болса жаның да жайлы дегенге сайдыруға болар. «Бәленшенің бәленбай малы жоғалып кетіпті» десе бүкіл ауыл бірге қайғырады. Яғни біздің күнкөріс көзіміз де, табысымыз да малмен байланысты. Ата кәсібіміз болғандықтан біздің тұрмысымызда малдың алатын орны ерекше деуге болады. Ал сол малдың ешқандай жұқпалы ауруға шалдықпай, дұрыс өнім беруі ең алдымен мал иесінің міндеті десек, сонан соң ветеринар дәрігердің біліктілігіне тікелей байланысты. Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің, орманшылардың, тіпті балықшылардың да атаулы күндері белгіленген. Ал мал шаруашылығына жауапты деген ветеринария саласы мамандарының кәсіби күндері биыл ғана заңмен бекітіліп, 10 шілде төл мереке ретінде аталып өтпекші. Осы орайда аудандық ветеринария бөлімінің ғимаратына бас сұқтық. Бөлім басшысы Совет Тұрсынұлы Көдекпен тілдестік.

2002 жылғы 10 маусымда «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңы (бұдан әрі – Заң) және оны іске асыру үшін нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Заңның басты сәті ветеринарияда жүзеге асырылатын бақылау-қадағалау және өндірістік функцияларды бөлу болып табылады.Заң ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін айқындайды және елдің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Дәл осы күн биылдан бастап сіздердің мерекелеріңізге айналды. Құтты болсын айтамыз. Ата кәсібін иеленген мамандық иелерінің жұмыстарына табыс тілейміз. Бөлімнің жалпы тыныс-тіршілігі туралы білгіміз келеді?

– Ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы саласындағы ең маңызды мамандықтардың бірі – мал дәрігері мамандығы. Себебі, сіздің қора-қора қойыңыз болса да, сол мал дәрігерлері қажетті екпелерді салмаса, жиып-терген дүниеңізден пайда көруіңіз екіталай. Бірақ, біздің елімізде осыдан бірер жыл бұрынғы уақытқа дейін сол мамандар мәртебеге жарымай, мардымды жалақы ала алмай жүрді. Бұл шындық. Дегенмен, 2021 жылдың күзінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек» дегеннен кейін, бұл саланы қолдау шараларына жан бітті. Мәртебелі мамандық ретінде мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ветеринария саласын да жетілдіру қажет. Бұл салада орталық пен өңірлер арасында міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес», – деп қадап айтқан болатын. Өзгерістер бар. Ветеринарлардың тыңғылықты жұмыс істеуіне жағдайлар жасалған. Әрине материалдық жағынан толық қамтылған деп айта алмасақ та, малдың жұқпалы ауруларының алдын алуға қатысты шараларды атқаруға мүмкіндігіміз жеткілікті.

    – Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ дәл бүгінгі күні аталмыш салада нендей жұмыстар атқарып отырсыздар, неше мал дәрігері бар?

Аудан бойынша техникалық қызметкерлерді қосқанда біздің бөлімде 115 адам қызмет атқарады. Біздің басты міндетіміз ауылшаруашылығы жануарларының басын көбейтіп, аман сақтау үшін жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық жұмыстар жүргізу. Немесе жұқпалы аурулардың алдын алу. Егу, вакцинациямен айналысу. Мал да адам сияқты аса күтімді, ауру-сырқауға ұрынбауды талап етеді. Мал дәрігері өзім үшін мәртебелі мамандық. Оның да өзіне тән қиындығы, ауыртпалықтары бар. 2021 жылы лептоспироз деген жұқпалы ауру шықты. Шонжы ауылынан. Бұрын-соңды мұндай жағдай мүлдем кездеспеген. Жедел әрекеттің арқасында одан аман құтылдық. Сырттан әкелінген мал арқылы жұққандығын дәлелдедік. Оның өршіп кетпеуі үшін барлық тиісті шараларды қолданып, бұл аурудың ендігәрі болмауы үшін вакцина алып отырмыз. Сақтансаң – сақтаймын, дейді емес пе? Бұл жерде барлық жұмысты мал мамандарына итеріп қоюға болмайды. Малыңыздың аман болып, одан алынатын еттің, сүттің таза болуы үшін жейтін жемінің сапасына, басқасына аса мән беру керек. Мал иелері ауласынан шығарып, далаға айдап қойып жүре беретін кездері кездеседі. Малдың аты мал, көшедегі қағаз, целофандарды жеп қояды. Ол оның соңы мал өліміне әкелуі әбден мүмкін.

– Мал жайылымдары жайлы жыр әр жылы көтеріледі. Мал басы қатты көбейіп кеткендіктен бе, жоқ әлде басқа себебі бар ма?

Мал басы көбейген жоқ, керісінше қой басы екі есеге азайып кетті. Кеңестер Одағындағы статистикамен салыстырар болсақ ол дәуірлерде ауданда қойымыз 400000 болған, қазір 200000 дейін азайған. Мұның себебін бірден  түсіндіріп кетейін. Қойдың күтіміне аса мұқияттылық керек. Қойдың соңынан жүруіңіз қажет. Сондықтан оған қарағанда ірі қара мен жылқы тиімдірек болып тұр. Ірі қара мен жылқы көбейген. Жаңағы өзіңіз айтқан жайылымдық жерлер жеткілікті. Тек адамдардың көзтоймаушылықтары дейміз бе, өзіме ғана болсын деген өзімшілдіктерінің кесірінен бе кейде сондай кереғарлықтар туындап жататыны өтірік емес.

– Вакцина туралы айттыңыз. Ол ақысыз ба, жоқ әлде…?

– Бюджеттің есебінен берілетін 16 түрлі вакцинамыз бар. Оның бәрі ақысыз. Бірақ адамдардың түсініктері әрқилы ғой. Алмаймыз деп қарсылық танытатындар да кездесіп тұрады.

   – Мемлекеттік деңгейде ветеринария саласын цифрландыру жайы сөз болғанын білеміз?

Ветеринария саласын цифрландыру, деректерді жинау мен қызметті автоматтандыру жұмысы қолға алынды. Сол сияқты үй жануарлары сырғаларын сканерлеуді жеделдету үшін арнайы мобильді қосымша әзірлеу жоспарланып отыр. Қосымшаның көмегімен жануардың жеке нөмірін теру арқылы оған қатысты мәліметтермен (жануардың карточкасы) танысуға болады. Ветеринариялық іс-шаралар жоспары да сол жерде орналастырылады. Әзірленетін мобильді қосымшаның басты артықшылығы интернетсіз де жұмыс істейді. Ал интернет пайда болған кезде қосымша деректерді автоматты түрде алу мүмкіндігі туады. Судың да сұрауы бар дегендей малдың да деректерін осы цифрландыру арқылы біліп отыруға болады. Өте тиімді әрі заманауи әдіс.

Соңғы кезде мал мамандарынан гөрі заңгерлік, экономистік, тіпті жалақылары өскелі бері мұғалімдікті таңдайтын жастар көбейді. Ал ветеринария саласына баратындар қаншалықты?

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринария саласы жүйесін реформалауды 2022-2026 жылдарға жоспарлап отырғанын айта кеткен жөн шығар. Дұрыс айтасыз салаға қатысты шешімін табуы тиіс мәселенің бірі – маман даярлау мен олардың жалақысын реттеу. Қазіргі жастар мардымсыз жалақыға жұмысқа келгілері келмейді. Олар бірден табысты жерлерді іздейді. Мал маманы аса жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Сондықтан бізде маман тапшы деп айта алмаймын, білікті маман жеткіліксіз деуге болады. Жалақымыз да шүкір жаман емес. Жоғары білімді ветеринар дәрігерлер баршылық.

     – Қаңғыбас иттер мен мысықтар туралы жиналыстарда мәселелер көтеріліп тұрады. Бұл да сіздің бөлімнің жұмысы ма?

   – Біздікі деуге болады. Бірақ жеке секторға беру керек деген ұсыныс түскен болатын. Ол мәселе де нақты шешімін таппады. Сондықтан әл әзірге біздің бөлім бұл жұмыспен айналысып отыр.

   – Ветеринария – үлкен сала. Мемлекет басшысы да бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру туралы айтып келеді. Жұмыстарыңызға табыс тілейміз. Кәсіби мереке деген мәртебеге ие болғанның өзі бір биік. Тағы бір рет мерекелеріңізбен құттықтаймыз.

– Рақмет.

Сұхбаттасқан Баян МАМЫРБАЕВА

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖЕР КАДАСТРЫ – МӘЛІМЕТТЕР ЖИЫНТЫҒЫ

Жерге қатысты нәрселерге байланысты сұрақтар қашанда көп болады. Жалпы құжаттандыруға келг…