Басты бет Тағзым ЖАРТЫ ҒАСЫР БІРГЕ

ЖАРТЫ ҒАСЫР БІРГЕ

0
654

Сүмбе – қазақи, ұлттық салт-дәстүр жақсы сақталған ауылдардың бірі. Бұл ауылдың әр тасының өзі тұнып тұрған тарих. Аңызға бергісіз адамдарымен де мақтана алады. Ғасырдан аса жасаған Күрішбек атамның өзі осы ауылдың киесіндей болатын. Ол кісімен амандасуға, әңгімесін тыңдауға кімдер келмеді, бұл ауылға кімдердің табаны тимеді десеңізші.

Елу жыл қол ұстасып, бір шаңырақ астында жарты ғасыр бірге ғұмыр кешіп келе жатқан отбасылар да баршылық. Әрине бірінің күйеуі қайтыс болса, екіншісінің әйелі мұндай жақсылыққа жете алмай жатқандары да кездеседі. Солардың ішінде Бекжан Қожамқұлов пен Күнікей Әлдіқасымовалардың жұптары жазылмай, қол ұстасып, бірге келе жатқандарына тура елу жыл толыпты. Осы уақыт ішінде ұл, қыз сүйіп, оларды өмірге лайықты азамат етіп тәрбиелеп, немере, шөбере көріп, ақсақалдық жастың  жақсылығын көріп отырған жандар туралы қалам тербегіміз келді. Мұндай бақыт кім көрінгеннің маңдайына жазыла бермесі тағы анық. Маңдайға жазылғаннан бөлек, отбасылық өмір дегеніңіз үлкен еңбек. Егер бір-бірімізді жақсы көреміз деп, қол қусырып отыра берсе ештеңе өнбесі тағы шындық. Өмірдің ыстығына шыдап, суығына төзгенде ғана нәтиже болады. Екі адамның жан дүние үйлесімділігі болғанда ғана бақыт деген сезімге бөленуге болатындығын өмір өзі дәлелдеп келеді. Жақсы басталған отбасылық өмір кейде түкке тұрмайтын нәрселер үшін бұзылып жатады. Сондай сәттерде екі тарап бір-біріне түсіністікпен қарап, кешірімді болуы шарт. Отбасын Отанына балайтын, жанарымен жаныңды баурайтын, ата-ананы қадірлеп, үлкендерді сыйлайтын, кішілерге қамқор, ағайынға абыройлы, құдай қосқан қосағымен бірге әдемі қартаюды да кез келгеннің маңдайына жаза бермейді. 50 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, жапырағы жайылған жанұяның бірі – сүмбелік Бекжан аға мен Күнікей ананың отбасы. 

Күйбең тіршілікпен уақыттың қалай зымырап өткені де байқалмай қалады. Бекжан ағамыз қой аузынан шөп алмас момын жан. Бірақ көкірегі алтын сандық. Артық сөйлеуді, көрінген нәрсеге араласа беруді жаны қаламайды. Бірақ қолына алған істі тындырмай қоймайды. Ленин атындағы колхозда ұзақ жыл трактор тізгіндеді. Малшыларды жайлауға көшіргендегі Бекжан ағаның еңбекқорлығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Таудың жолдарын жасауда да алдына жан салмады. Ал Күнікей анамыз керісінше. Адуынды, мінезді, ойына алған нәрсесін іске асырғанша жаны тыныштық таппайтын тынымсыз жан. Мүмкін сондықтан да болар бұл жұптың елу жылы бойы тату-тәтті өмір сүріп келулері. Күнікей анамыз темірдей тәртіпті жаны сүйеді. Ұлдарына сырттың жұмысын тапсырса, қыздарына үй тіршілігіне икемді, епті болып өсулерін қатты қадағалапты. Өз аузынан естігеніміз бойынша қыздарының олақ атқарған шаруаларына сөзі өтпеген кездері таяқтап та алатын көрінеді. Одан жаман болған бала көрген жоқпын. Ананың таяғын жеген сайын қыздарының жіптіктей болып, үй шаруасын тап-тұйнақтай орындап, бүгінде өз алдарына көтерген шаңырақтарының шырағын лаулатып, барған жерлерінде жақсы келін деген атқа ие болып отырғандығын мақтанышпен жеткізді. Ер адам түздің тіршілігін түзеп, табысын үйге әкелген соң оны әрі қарай орнымен жұмсап, үйлестіру әйелдің еншісінде. Барлық затың орнында, үйге келген қонағың дәмді шайы мен асын ішіп, ризашылығын білдіріп жатса одан артық не керек тәйірі, – деп ағынан ақтарылған Күнікей ананың әңгімесіне еліттік. Келін атанып, киелі ақ босағаны аттағанына да тура елу жыл болған ана күйеуі екеуінің ерекше қасиеті үнсіз ұғынысып, тілсіз түсінісетіндігін айтты. Осы қасиет арада 50 жыл өтсе де, сол күйі әдет болып қалыптасыпты. Бұл енді отбасы құндылығы үшін екінің бірінің еншісіне бұйырмас бақыт болар.  «Ырыстың көзі – дәулетте, бақыттың көзі – әулетте» екендігін жан жүректерімен түсінген жандарға Жаратушы ием осындай бақты бұйырған болар.

Дүниеге алты бала әкеліп, олардан немере, шөбере сүю де кез келгенге бұйыра бемейтін бақ. Тек қыздары Раушанның бойжетіп, он сегізге толған кезінде, үлбіреп тұрған шағында бақи дүниеге аттанғаны арқаларына аяздай батып, бір сәтте барлық жақсылықтарынан айырылып қалғандай күй кешкендерін айтқанда жүректерінен қан тамшылап тұрғандай болды. Өмір жалғасады, тіршілік өз дегеніне көндіреді. Басқа балаларының амандығын тілеп, немере сүйіп, жаралы жүректері қалыпқа түседі. Күнікей анамыз қырық жылғы өмірін мемлекеттік қызметке арнаған, Сүмбе ауылдық округінде бас маман болған абыройлы жан. Екеуіне ортақ дүние – өздеріне жүктелген жұмыстың үдесінен аса жауапкершілікпен шығу. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей бүгінде ұрпағымен мақтанып, ұрпағының қылығына мәз-мейрам күй кешіп жүрген жандардың өмірлік жолдарына қызыға қарадық.

Әр адамның болмысы өмір сүру ортасына, заманның ерекшеліктеріне де байланысты болса керек. Сүйген жарға деген адал махаббат пен айнымас сезіммен балаларына үлгілі әке бола білген Бекжан аға мен тәрбиелі ана атанған Күнікей ананы балалары алақандарына салып сыйлап отыр. Ұлдары Айдос пен Айдын ата-ана атына кір келтіріп көрмеді. Екі келіннің бірі Өскемен, екіншісі Жаркент өңірінен болса да ортақ шаңырақта Бекжан аға мен Күнікей ананың ережесімен келе жатыр. Айдоста төрт қыз, Айдында төрт ұл немерелері ұрпақ сабақтастығын жалғастырып келеді. Жалпы 16 немере, 2 шөбере сүйген бақытты жандар. Елу жылда ел жаңарып жатады. Бұл шаңырақ та шаттыққа бөленіп, бақытқа кенеліп, керегелері алтыннан қапталып отырған өнегелі отбасы. Бәрімізге осындай бақыт бұйырғай…

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТАСҚАРАСУДЫҢ КӨГІН ЖЫР ТЕРБЕДІ

Шығысы шекара, батысы Бұғыты тауларымен танымал, әлемге Шарын шатқалымен әйгілі, қасиетті …