Домбыра қазақ халқының рухани мұрасының ажырамас бөлігі. Оның кең шанағынан төгілген қоңыр әуені арқылы күллі қазақтың төл тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрлері және ұлттық өнері ғасырдан ғасырға жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп жатыр.
Домбыра қазақ халқының ұлттық ерекшелігінің маңызды символы болып табылады деуге болады. Әлем елдері домбыраны көрсе бірден қазақ деген рухты елді естеріне түсіріп жатады. Біз түпкі тамыры мыңдаған жылдарда жатқан ұлттық аспабымызды бүгін кешегіден де артық дәріптей алуымыз керек. Осыған орай күнтізбемізде «Ұлттық домбыра күні» деген ерекше мереке белгіленген болатын. Биыл алтыншы жыл мерекеленіп жатқан Ұлттық домбыра күні еліміздің рухани әлемінде өзіндік орнын тапты. Жыл сайын шілденің алғашқы аптасында аталып өтілетін бұл мереке биыл да барлық өңірде айрықша өткізілді. Ауданымызда да жылдағы қалыптасқан үрдіске сәйкес ұлттық домбыра күні биыл өз алдына ерекше ұйымдастырылды.
Аудандық орталық алаңда аталып өтілген ұлттық құндылығымыздың ұлықталатын күніне орай қатарынан қазақ үйлер бой көтеріп, оның әрқайсысында домбыра аспабымен тікелей байланысты мәнді де мазмұнды тарихи әрі рухани көріністер көрерменге ұсынылып жатты. Күнді түнге, түнді күнге жалғап жырлайтын домбыраны серік еткен жыршылардың жыры мен ақындардың айтысы, дәстүрлі әншілердің домбыраның күміс үнімен үйлескен әуелеген әні әр үйдің төрінде шырқалып, қалың көрерменнің назарын өзіне аударды. Артынша алаңдағы сахнада мерекелік іс-шара бастау алды. Әйгілі «Ақсақ құланның» тарихын баяндайтын сахналандырылған қойылым адамның тілі жеткізе алмайтын дүниені қос ішекті киелі аспаптың күмбір үні жеткізетін қасиетінің бар екендігін ұғындырды. Қойылымның артынан әр саладан жиналған домбырашылар алаңның ортасында қазақтың күмбірлеген күйлерін орындап, қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жүргізушілер шараны салтанатты түрде ашып, құттықтау сөз айту үшін сахна төріне аудан әкімі Бота Серікқызын шақырды. Аудан басшысы барша тұрғындарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, қазақтың ең баға жетпес ұлттық құндылықтарының бірі домбыраның рухани өміріміздегі және ел тарихындағы алар орасан орны мен биік мәртебесін айқындап өтті.
Сонымен қатар, аудан әкімі құттықтау сөзінен кейін ауданымыздың өнер саласында елеулі еңбек етіп, айтарлықтай үлесін қосып жүрген өнер адамдарын, оның ішінде домбыраны жанына серік еткен дәстүрлі әншілер мен күйші, жыршыларды және аудан орталығындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының, сондай-ақ «Өрлеу» интеллектуалды өнер-білім орталығының домбыра үйірмесінің оқытушыларын өзінің алғыс хатымен марапаттап өтті. Ал марапатталушылардың арасында ерекше марапат иесі Исмаилов Шахимурат есімді бүлдіршін домбыраның құлағында ойнап, қазақтың ұлттық аспабын қаршадайынан игергені үшін аудан әкімінің қолынан алғыс хат алып, ең жас талант иесі ретінде көпшілікті сүйсіндірді. Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, «Жазерке» халықтық ұлт-аспаптар ансамблінің өнерпаздары тарапынан ашық аспан астында күмбірлеген домбыраның әуезді үнімен әуелеген дәстүрлі әндері тарту етілді.
Домбыра қазақтың әні мен әуені ғана емес, қазақтың жаны мен бүтін болмысы. Ата-бабамыздан аманат болып келе жатқан осы бір құндылықты көзіміздің қарашығындай сақтап өскелең ұрпаққа аманаттап беру біздің басты борышымыз болуы тиіс. Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра деп Қадыр атам айтқандай домбыра ұлттық мақтанышымыз. Бүтіндей бір ұлттың рухани айнасына айналған киелі домбырамыздың күміс үні тәуелсіз еліміздің болашағында мәңгі жаңғырып тұрсын!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ