ЕЛЕНГЕН ЕҢБЕК

0
695

Мәдениет саласы өзге салалардан тым бөлек. Бұл бағытта қызмет ету үшін ізденіс пен шығармашылықтың адамы болу бірінші талап. Бойыңда табиғат дарытқан талант пен еш жерден сатып ала алмайтын, ешкімнен оқып үйрене алмайтын өнер дейтін қасиет болуы керек. Бойында өнердің бұлағы сылдырап аққан, таңдайында тарыдай болса да таланты бар жандар ғана осы саланың арнасымен жүзе алады. Біздің ауданымыздың мәдениет үйінде талай жылдар бойы еңбек етіп жүрген нағыз талант иелері аз емес. Осы өнер адамдарының табанды еңбегімен өңіріміздің мәдениеті қашан да өз биігінен түскен емес.

Осы орайда биылғы мәдениет қызметкерлерінің төл мерекесі ауданымыздың өнер және мәдениет саласына айтарлықтай үлкен жаңалықтары мен жетістіктерін сыйлап жатыр. Ауданымыздың мәдениет үйі күнікеше облыс орталығынан су жаңа автокөлікті тізгендеп келсе, ал мамыр айының 29 жұлдызында Елордада ауданымыздың мәдениет саласында тер төгіп жүрген қызметкерлер үлкен марапатқа ие болды. Ғұмырын өнер мен өңірдің мәдениетін дамытуға арнаған талант иелері Астанадағы абыройлы форумда марапатталып, талай жылғы еңбектерінің жемісін арқалап қайтты.
Ағымдағы жылдың 29 мамыр күні Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық мақаласын мәдениет және өнер саласының мамандары арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Әділетті Қазақстанның тірегі — адал азаматтар» атты республикалық форумы өтті. Аудандық мәдениет үйінің көркемдлік жетекшісі Лаура Алипова және «Арзу» халықтық ән- би ансамблінің жетекшісі Гульмира Махпированың 20 жылдан астам қажырлы еңбектері еленіп, осы форумда Қазақстан Республикасының мәдениет және өнер саласының дамуына қосқан үлесі үшін, атқарған елеулі еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы мәдениет саласының мәртебелі маманы» атты орденімен және І дәрежелі дипломымен марапатталды. Бар күш-жігер мен өміріңнің тең жартысын арнап, қажыр-қайратыңды жұмсаған адал еңбек ешқашан жерде қалмайтындығы ақиқат. Мәдениет саласында жүріп, қызығы мен қиындығына, суғы мен ыстығына төзіп, жауапкершілігі ауыр болса да рухани тұрғыда қайыспай көтеріп, тек өрге қарай қадам жасап келе жатқан жерлестердің бұл жетістігі барша аудан жұртшылығына мақтаныш әрі қуаныш болды.

Ауданымыздың намысын Арқаның төрінде көтеріп, ақталған адал еңбектің жемісін көрген жерлестеріміздің жетістігіне бірге қуандық. Мәдениет саласының биылғы жетістіктері жылдан жылға еселене берсін демекпін!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…