Көз майын тауысып түндермен таласып жұмыс істеп, айлар, жылдар бойы үздіксіз ізденісте жүріп, асқан жауапкершілік пен табандылықты талап ететін қызметінің ауыр жүгін арқалап, білімнің бағына еккен жүздеген шәкірттерінің жемісті жетістіктерімен марқайып қалатын ұсатздардың ерен еңбегін жазып та, айтып та тауса алмайтындығымыз ақиқат. Алайда жақсының жақсылығын айтып нұрын тасытуға жанымыз құмартып тұратындығы тағы бар. Әңгімеміздің басын ұстаздардың өлшеусіз еңбегі мен теңіздей төккен теріне тағзым етіп барып бастауымыздың да себебі бар. Тақырыбымызға басты себеп болатын ауданымыздың білім саласына сіңіріп отырған орасан еңбегі мен өңіріміздің ұстаздар қауымы арасында өзіндік орны бар бір майталман мұғалімнің өмірі мен еңбек жолы жайлы тың ақпараттарды өздеріңізбен бөлісіп, аталмыш ұстаз жайлы айтылмаған сырлар ақтарылмақ.
Мақтауын асырған ардақты жан – аудан орталығы Шонжы ауылындағы Жаңабай Құдайбергенов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлмира Нұрымқызы. Әңгімеміздің кейіпкері өмірінің тең жартысын әлемдегі ұлы істердің бірі ұстаздыққа арнап келе жатқан Сқабылова Гүлмира Нұрымқызы 1972 жылы қасиетті Қарадаланың қарапайым отбасында дүниеге келген. 1979-1987 жылдар аралығында осы күнде өзі қызмет етіп жүрген қара шаңырақта мектеп қабырғасының білімін алып шыққан. 8 сыныптық білімнен кейін Есік қаласындағы педагогикалық училищенің бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша арнаулы орта білім алып шығады. Алғашқы еңбек жолына 1991 жылы осы мамандығы бойынша мұғалім болып қабылданып, ұстаздықтың ұлы даңғылына деген бірінші қадамын басқан. Ел тарихындағы алтын әріптермен жазылған айтулы дата Тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атқан 1991 жылы бастаған ұстаздың еңбек жолы 32 жылдан астам уақыт жетістікпен және жеңіспен толығысты. 2002-2005 жылдар аралығында Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық университеттің жоғарғы білімін алып шығады. Еңбекке алғаш білек сыбана кіріскен жылдан бастап 9 сыныпқа бастауыш білімін беріп түлеткен ұлағатты ұстаздың шәкірттері бүгінгі күні әр салада еліміздің жан-жақты дамуына өзіндік үлестерін қосып жүр. Отанымыздың озық елдердің қатарына көрінуіне басқан қадамына қолдау болып жүрген білімді әрі іскер шәкірттерін мақтанып та марқайып та атап шықты. Тынымсыз талпыныс пен ұзақ жылдар бойғы өлшеусіз еңбектің жемісін көріп еліміздің білім министрі болған Асхат Аймағанбетовтан арнайы алғыс хат алған. Одан басқа да республикалық, облыстық, аудандық дәрежедегі мақтау қағаздары мен марапаттардың санында шек жоқ. Білімі мен біліктілігінің деңгейі жоғары бағаланып, педагог-зерттеуші санатына дейін жеткен нағыз өз ісінің шебері.
Бүгінгі күні де шәкірт тәрбиелеу жолында ұзақ жылдар бойы жинақталған білім мен тәжірибенің ең озығын жүзеге асырып, тарыдай болып мектеп босағасын аттап алдына келген баланың қолына қалам ұстатып, алғашқы сауатын ашып, білімнің іргетасын мықтап қалап, кемел болашаққа алғыр да озат оқушыларды дайындап шығарп жатқан жайы бар. Кейіпкеріміз жұмыстан қолы қалт етсе білімнен алшақ кетпей кітап оқып, көркем әдебиеттің әлеміне бір барып келуді жаны құмартып тұратын тамаша қасиетін де айтып қалды. Сонымен қатар ең ерекше қызығушылығының бірі – күнделік жазып жүруді жанына ермек қылатындығы таңқалдырды. Әр күн сайынғы күйбеңнің қызығы мен шыжығын күнделіктің әр бетіне жіпке тізгендей ерінбей жазып отыруды әдетке айналдырған. Бұл Гүлмира апаймен қатарлас өскен аға буынның заманында өзекті болған ең ерекше және ең көп таралған жастардың құмартқан қызығушылығы еді. Осы тамаша қасиетті тастамай әр күніне есеп беріп отыруды әдет қылған ұстаздың барлық қыры кез келген шәкірт үшін өнегенің жолы.
Бүгінгі тарқатылған тақырыптың түп төркіні ұстаздық пен білім болса ол тақырыпты одан әрі аша түскен және айшықтай түскен Гүлмира Нұрымқызының жүріп өткен жетістік пен толағай табыстарға толы еңбек жолы болды. Ұлы мамандықты арқалап жүрген ұстаздың қызметтегі ендігі бағындыра биігі мен асар асуы да көп болсын демекпіз!
АҚЖОЛ НҰРДӘУЛЕТ