Тұңғиық ой, терең мұң, әділдік таппай аласұрған жүрек, шындыққа тура қараған қырағы көз, жасандылық пен жағымпаздыққа деген жиіркеніш сезім, жаурынына қамшы салған сол кездегі қисық қоғамның қорқау әрекетіне деген қарсы мінез, үгілмеген жігер, сынбаған рух! – бұл Мұқағали Мақатаевтың өз әлемі. Бұл — ақынның жыры мен өзі ғана жүрген бөлек әлемі еді.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейтін қоғамның жылдар бойғы үлкен тәжірибесінен пайда болған халық аузында қалған өкінішке толы тәмсілі бар. Шыныменде жұмырбасты пенде қолына қонған бақытын сол сәтте бағалай алмай, тіпті кейбіреуі бақыттың келіп кеткендігін де аңғармай қалып жатады. Дәл сол сияқты пенденің жанында жүрген жақсы адамды, болмысы бөлек тұлғаны уақытында бағасына жете алмай, құнын құнттамай қалатын табиғатқа қарсы қасиеті бар. Мұқағали өзінің айналасындағы адамдардан осындай немқұрайлылық күйді сезді. Ақынның ғасыры ардақты азаматтың барында бағасына жетпеді. Мұқағали өзінің қоғамына өгей екендігін, кейінгі ғасырдың құрдасы екендігін көзінің тірісінде-ақ айтып кеткен.
Мұқағалиды өзінің заманы неге шетке ысырды? Сол кездегі өзінің ортасы ақынның жаны мен мұңын неге түсінбеді? деген сұрақтар ең бірінші ойымызда туындайтындығы заңдылық.
«Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын», – деген ақынның өзегін өртеген өкінішке толы жыры сол кездегі қазақтың өжет ақын қызы Фариза апамызға шағылған мұң еді. Иа Мұқа, сізді бүгінгі ұрпақ, «Құрдастарың» шаң басқан архивтердің сөресінен шығарып алды. Алақанына салып аялап жүр. Поэзияның атасы деп бағалап жүр.
Ақынға ақын адал болсын әмәнда,
Ақынға ақын арам болса, жаман да…
Ақынға ақын, ете көрме пенделік!
Ақын, ақын! Пенделікті жөнделік!, – деп те ақындардың ортасында ақ жүрегімен аңқылдап ақылын айтқан екен ғой жарықтық.Алайда жүзіне қарап жымиып, ту сыртынан пышақ ұруға бір қолын қынабында ұстап дайын жүретін екіжүзділердің көптігі ақынды арқансыз матап, азаптың тұңғиығына батырып жіберді.
Шіркіндер,
Жарамады-ау хал сұрауға,
Серігін іздеп сезім сансырауда,
Қарымта қайтара алмай қарсы дауға.
Қабақтан қара тамшы тамшылауда,
Жебір ой жігеріңді жаншығанда.
Иланып мен туралы сыбыстарға,
Шіркіндер, шыныменен суысқан ба?!
Достарға, жолдастарға не жазып ем,
Не жазып ем бауырға, туысқанға?!
Әсіресе өмірінің соңғы кезеңдерінде өзін қоғамның керексіз бір бөлшегіндей сезініп жалғызсыраған ақынның жанайқайы мен сырлас, мұңдас іздеп шарқ ұрған шағала көңілін білдіріп, сіз бен бізді аянышты халде қалдырып, дәл қазір тірі болса жанына табылғың келетіндей беймаза күй кештіретіндігі жасырын емес. Мұқағалидың қалың оқырманы мен поэзия жанашырлары ақынның әлеміне бір үңіліп, ауыр мұң мен тұңғиық ойдың шексіздігі мен зіл салмағын сезінгендей болады. Мұқағали жайлы толғағанда еркін отырып, жеңіл жаза салу немесе шумақ шумақ төге салу мүмкін емес. Ақынмен бірге әділетсіздікпен арпалысып, шындықты алмасқылыштай тіліп айтып, екіжүздінің бетпердесін ашып, жағымпаз бен жандайшаптан жиіркенетіндей шынайы адами болмыстың күйін кешіп шығасың. Өйткені ол – Мұқағалидың өз әлемі! Бүгінгі күні де қоғам түзеліп, өмір өзгеріп, адамдар сүттен ақ, судан таза болып кетті деп айта алмаймыз. Ақын арпалысқан сол қисық қоғам одан әрі қисая түспесе түзеліп кеткені шамалы. Тек соның бәріне кесе көлденең қарсы шығып, табиғат жаратқан бүтін болмысы мен мінезін мойындатып, басын тік көтеріп жүретін Мұқағали жоқ!
Шындығында Мұқаң туралы толғанбай жазу мүмкін емес. Биылғы ұлу жылы ақынды 93 жылдың тарихына қарай ендіріп бара жатыр. Көзі тірі болса жүзге жақындаған ақиық ақынның кезекті поэзия кешінде отырар ма едік. Қазақтың қара өлеңінің иығына шекпен жапқан ғасыр ақынын қазақ әдебиетінің төрінен түсірмейік, жырсүйер қауым! Мұқағали мәңгі жасасын!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ