…Мұқағалидың «Лениншіл жас» газетін өте жақсы көретінін кейінірек, «Сен- жастықтың сақшысы» деген өлеңін оқығанда анық қанықтым.
Иә, сен мектебісің, мектебісің!
Талайдың сенен түлеп кеткені шын.
Қариялар құмартса сені алады,
Біржолата қартайып кетпеуі үшін.
Жастар қазір сүңгіден сөз жонады,
Сенсің бүгін әр үйдің өз қонағы.
Басымырақ кетсең сен батылырақ,
Басын шайқап қария мәз болады,
Жастығы көп, жанына жаз қонады.
Міне, Мұқағалидың осы өлеңін оқыған соң меніңде нағыз сенімді досым жастар газеті болды. Шынын айтсам,1958 жылдан бері жастар газетінің беттерін ақтарсам өз мақалаларым көзіме оттай басылады. Сондықтан менің жасым ұлғайса да әлі күнге «Жас Алаштан» қол үзгенім жоқ.
Мұқағалимен тағы бір кездескенде «Сен бала, жастар газетінен қол үзбе.Әрине, уақыт өтеді, заман да қоғам да өзгереді. Мүмкін сол кезде газеттің аты да өзгеруі мүмкін.Әрине, соған қазір сенбейсіңдер. Солай болуға тиіс!!! Менің ойымша, ата-бабамыздың «Керегеміз ағаш, ұранымыз алаш» деп ұрандаған уақытымыз да келер.Мен оны көре алмаспын, бірақ газет атының «Жас Алаш» болары анық. Соны ұмытпа.Әрине, қазір оған әлі ешкім де сенбейді.Өйткені біз «Лениншілміз». Бұл ұранды ешкімде қазірше өзгерте алмайды», — деп зор сеніммен сөзін аяқтады. Тағы да бір жымиды да, «Мен сол «Лениншіл жастың» болашағына арнап «Болашаққа» деген өлең жаздым. Мүмкін менің осы ойым тура келеді. Менің сырласым «Жас Алаш» болып, менің атым қойылған Мұқағали Мақатаев көшесінің бойында орналасып, редакцияның адресі Мұқағали Мақатаев көшесі, №? үй дер… »
-Сіздің мына сөзіңізді біреу естісе, апарып абақтыға қамайды, — дедім.Сонда маған:
-Ойлан бала, ойлана жүр,қызталақ!Осы ойым шын болса, сол кездегі жастарға, жастар газетінің басшысына жеткізерсің,- деп қолындағы «Болашаққа» деген өлеңін ұсынды.
Білемін
Керемет бір күн келеді!
Жайнайды, жасыл бағым гүлденеді.
Көремін, керемет бір күн кешемін,
Болашағым, сенімен бірге өсемін.
Мен сенің үніңмен үндесемін,
Мен сенің тіліңменен тілдесемін.
Сауық құрып бойында бір көшенің.
Болашағым, сен тұрсаң мен өлмеспін!
Ақиқаттың алдында бөгелмеспін.
Жоғалмас не, өмірден жөнелмек кім?
Сен есен бол!
Мен мүмкін еленбеспін.
Сол ақиқат-мен сенсіз көгермеспін?!
Бұл әңгіме бұдан көп жылдар бұрын айтылып, жазылғанымен, оның айтқаны айнымай келді. Сол көше Мұқағали Мақатаевтың атына қойылды. «Жас Алаш» сол көшенің бойындағы үйге ту тікті.Ұзақ жылдар бойы архивіме сақтап жүрген «Болашаққа» деген өлеңнің мына жолдарын қайта оқыдым:
«Көремін, керемет бір күн кешемін,
Болашағым, сенімен бірге өсемін.
Мен сенің үніңмен үндесемін,
Мен сенің тіліңменен тілдесемін.
Сауық құрып бойында бір көшенің.»
Не деген ғаламат әулиелік! Осыдан 26 жыл бұрын дүниеден өткен, 30 жыл бұрын осы өлеңді жазған ақынды «әулие» демей кім дейміз?
«Жас Алаш» арқылы Мұқағали Мақатаевты, Мақатаев көшесі арқылы «Жас Алашты» танып жатқан жастарға екеуінің мұңы да, тілегі де, арманы да, болашағы да бір арнаға тоғысқан, өзі айтқанындай бұл өмірдің «Өзеніндей» бір көшенің бойын толтырып, аққан арнадағы тасқын судай болып сарқылмай, жастарға білім мен тәрбие беріп жатқанына, ал ақын жыры жастарға шабыт пен жігер бергендей тасқындап ағып жатқанына таңданбасқа, ойланбасқа бола ма?
Әбіжан ҚҰТПАНБАЕВ
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған нағашысы Әбіжан Құтпанбаевтың «Жазылар естеліктер мен туралы…» атты естелік жинағынан, 2008 жыл.