Кенен Әзірбаевқа – 140 жыл
Кенен Әзірбаев – қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрді үзбей ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген әнші, жыршы, композитор. Әкесі Әзірбай, шешесі Ұлдар да әнші, домбырашы болған. Өзіміз мектеп қабырғасында жүргенде «Базарым-ай, Назарым-ай» деген әнді айтатынбыз. Оның мән, мағынасын сол кезеңдерде онша түсіне қоймағанбыз. Әйтеуір мектептегі кештерде осы ән міндетті түрде орындалатын. Кейіннен хабардар болғанымыздай ол өзінің қос ұлынан айырылып, жүрегі қан жылап, қабырғасы сөгіліп шығарған іштегі құсасы екен ғой.
Әпкем Отар деген станцияда біраз жыл қызмет атқарды. Қолына барып тұрдым. Кенен атамның ұлы Бақытжан мәдениет бөлімінде қызмет атқарды сол ауданда. Красногор ауданы болатын, кейін Қордайға қосылды. Бақытжан ағамен талай дәмдес, дастарқандас болдық. Кенен ауылы аудан орталығынан өте алыс емес-ті. Арнайы музейіне барып Бақытжан ағаның әңгімесін тыңдадық. Киров деген ауыл кейін Кенен ауылына ауыстырылды. Сол кездегі үлкендер жағы Кенен атамыздың нағыз сері болғандығын әңгімелейтін. Қай жерде жиын, той сол жерде Кенен жүретін, Кененсіз той өтпейтін дегендеін естідім. Төрткен апамыздың да көзін көрдік. Ол кісінің есімі туралы да естідік. Кейін қазақтың ұлы тұлғасы Шерхан ағамызбен тағдырдың талайымен бас қосты. Бұл өзім куә болған жайттар ғой.
Кенен атамыз 11 жасынан домбыраға қосылып, өз жанынан өлең, ән шығара бастаған. «Бозторғай», «Көкшолақ», «Бұлбұл», «Он алтыншы жыл» ,«Қайран елім», «Аттан» әндерін шығарып, «Әли батыр», «Қырғызбай» дастандарын жырлаған. Қазақ, қырғыз арасындағы белгілі жиындарға қатысып, айтысқа түскен, ән сайысына араласқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында мәдени-үгіт бригадасын құрып, ел аралап, халқымыздан шыққан батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін, жеңісін жырлады. «Біз жеңеміз», «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай», «Төрт батыр» сияқты көптеген өлең, жырлар шығарды. 50-70 жылдары бейбіт өмірді, республика табыстарын, замандастарын бейнелейтін өлең, терме, толғау дастандары туды. 150-дей ән толғап, оның өлеңін жазды. Оның әншілік, композиторлық болашағына әнші-жыршылардың, домбырашы-күйшілердің әсері зор болды. Әсіресе, Жамбыл, Сарыбас, Балуан Шолақ, Шашубай сынды белгілі әнші-ақын, композиторлардан үлгі-өнеге алған. Ақын-композитордың «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар», тағы басқа әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналған.
Кенен Әзірбаев айтыс жанрына ерте араласып, Шалипа, Ләтипа, Кенеқожа, Әбдіғали, Бопипа, Есдәулет ақындармен айтысқан. Ол қазақ халқының айтыс өнерінің насихатшысы, осы өнерді кейінгі ұрпаққа жеткізуші тәлімгер-ұстаз да бола білді. Дастан жанрын жастайынан жырлаған. «Шөпке барғанда», «Құдалар», «Әли батыр», «Қырғызбай», «Кенебай-Кербез»,« Бұрынғы өткен батырлар», «Жалғыз қаз». «Жамбыл — жыр» атты толғау, дастандары бар. Бұл шығармалары — ақынның эпикалық дәстүрге құрылған көркем дүниелері. Кенен Әзірбаев халқымыздың ауыз әдебиеті нұсқаларын есінде мол сақтаған, оның айтуынан жазып алынған фольклорлық мұралар Қазақстан Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар орталығында сақтаулы.
Халық ақыны, күміс көмей әнші әрі композитор Кенен Әзірбаев 1884 жылы қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылында дүниеге келді. Ал 1957 жылы сол кездегі Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Киров колхозына көшіп барып, өмірінің соңына дейін осы елді мекенде тұрды. 1976 жылы 92 жасында қайтыс болды. Ақынның мәйіті, тұрған үйі, мұражайы осы жерде. «Кенен – екі облысқа ортақ ақын» дейтіні сондықтан. Қазіргі күні бұл жер «Кенен ауылы» деп аталады.
13 жасында өзінің атақты «Бозторғай» әнін шығарды. Он үш жасында халыққа кеңінен таралып кеткен ән шығару дегеніңіз тума талантқа ғана берілген Жаратушының сыйы болар. Халықтың көңілін елең еткізген бұл ән қазақ даласына тез тарап кетті. «Боздаланың бозторғайы» атанған бала Кененнің аты қырғыз-қазаққа мәлім бола бастады. Ақынның бозбала шағында (16-17 жасында) дүниеге келген «Көкшолақ» әні Кененнің даңқын арттыра түсті. Бұл әндері өмірдің қысастығына ашынған, содан құтылар жол іздеген жас ақынның бұлқынған жүрегі еді. «Көкшолақ» күні бүгінге дейін өзінің биігінен түскен емес, кез келген мәдени шараның ажарын ашатын керемет туынды.
Кененнің өнер жолына үлкен бетбұрыс әкелген оқиға 1914 жылы арқадан атақты Балуан Шолақтың Жетісуға келуі болды. Бұл менің Балуанды екінші рет көруім дейтін. Осы жолы атақты әншіге еріп, Жетісудың талай жерін бірге аралайды. Атақты әншінің 12 әнін өз аузынан үйреніп қалады. Ат үстінде ән салудың, домбыра шертудің небір тәсілдерін осы Балуаннан үйрендім дейді екен сері атамыз.
К.Әзірбаевты күрескер ақын деуге толық құқымыз бар. Ол 1916 жылғы бүкіл қазақ жерін шарпыған халық көтерілісінің бел ортасында болған ақын. Қордай жерінде Әли Нұрғожаев бастаған халық көтерілісіне қатысып, көптеген оқиғаны көзбен көрген, Әлидің қасында жүріп әнімен де, жырымен де көпшілікті күреске үгіттеген сарбаз ақыны болған. Осы жылдары шығарған «Аттаныңдар!», «Қайран елім, қайда?», «Бұлбұлға» деген әндері қазақ өнерінің алтын қорына айналған дүниелер. Кейін осы оқиғаға байланысты өзінің атақты «Әли батыр» атты дастанын дүниеге әкелді.
Кеңес үкіметі орнаған кезде халық арасында үгіт-насихат жүргізу шараларына белсене ат салысты. О.Жандосов, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Қ.Бәрібаев, Т.Бокин сияқты жалынды революционер-большевиктермен бірге болды. 1919-1922 жылдары Қордай болысы ревкомитетінің төрағасы болып тағайындалды. Әнімен де, жырымен де халықты бірлікке, жасампаздыққа, білім-өнерге ұмтылуға, жаңаша өмір сүруге шақырды. Осы кезеңде шығарған ән-толғаулары «Шаңқ етпе», «Жас екпін», «Колхоз әні», «Балдай бол» сияқты туындылары сол уақыттың дәл көрінісін бейнелейтін шығармалар.
1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің бірінші онкүндігіне жыр алыбы Жамбылды қолтықтап бірге барды. Қазақтың бұлбұл қызы Күләштің өнеріне қол соққан жұрттың ортасында болды. Осындай тарихи оқиғаны көзбен көріп, куәгері болды. Кремльдің үлкен сарайында өзінің атақты «Жаңа заң» деген әнін шырқады. Ал 1937 жылы Жамбыл Жабаевпен бірге Кавказға сапар шегіп, грузин ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдығына арналған мерейтойға қатысады. 1937 жылы Кенен Әзірбаев ССРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Ал 1939 жылы әнші-композитор К.Әзірбаев ССРО Композиторлар одағының мүшесі аталды. Сол кезде халық ақындары ішінде екі бірдей одаққа мүше болған адам тек Кенен Әзірбаев екен.
К.Әзірбаевтың шығармашылығында ауқымды орын алатын тақырып, ол 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы болып табылады. Кененнің жасы бұл кезде алпысқа тақалып қалған еді. Соғыстың алғашқы күні-ақ «Біздің Отан жеңеді» деген әнімен бүкіл совет халқына үндеу тастап, жар салғаны халық есінде. Ақынның өзі айтатындай: «Қос басында, әскерлер ортасында, үлкен жиындарда, халық арасында күн демей, түн демей шырқалған әннің, айтылған өлең-жырдың есебін кім түстеп-түгендеп жатты дейсің? Көмейден төгілген асыл жырымның бағасын халқым білсе болғаны.. Ақынға содан артық бақыт жоқ» деуші еді. Сол жылдары шығарған: «Жалғыз қайным», «Қош аман бол, Шолпанқұл!», «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай», «Ел қуанышы», «Жеңіс жылғы шаттық ән» сияқты туындылары ел ырзығына айналған, сол кезеңде тарихи роль атқарған дүниелер екені даусыз. Осыған орай 1945 жылдың 1-қаңтарында халық ақыны К.Әзірбаевқа «Құрмет белгісі» ордені берілді. 1947 жылы Москва қаласының 800 жылдық мерейтойына арнайы шақырылып, осы датаға байланысты өзінің «Батыр Москва» деген әнін шығарды.
1959 жылы ақынның 75 жылдық мерейтойы Қордай жерінде өтті. Тойды қазақтың біртуар азамат жазушысы Сәбит Мұқанов басқарды. Осы мерекеге орай ақынға екінші рет «Құрмет белгісі» ордені табыс етілді. 1960 жылы қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұйымдастыруымен Мәскеуде өткен Шығыс фольклорын зерттеушілердің дүние жүзілік ХХҮ конгресіне қатысты. Осы алқалы жиында «Қобыланды батыр» жырындағы «Тайбурылдың шабысы» үзіндісін асқан шеберлікпен орындап шықты. Сол жылдың күзінде қырғыз халқының ұлы демократ жыршысы Тоғолоқмолданың 160 жылдық мерейтойына да М.Әуезовпен бірге барды. Осындай іргелі жиындарда үнімен де, өнерімен де көпшілікті тәнті қылған ақынның тума талантына риза болған Мұхтар: «Кенеке, сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне ғұлама жырау, әбжіл шешен, байтақ шежіре екенсіз. Халқымыздың аяулы өнерін шет жұртқа жеткізген талантыңызға дән ризамын» деп жүрекжарды бағасын берген.
1961 жылдың 8 ақпанында К. Әзірбаевқа «Қазақ ССР-нің халық ақыны» деген құрметті атақ берілді.1974 жылы ақынның 90 жылдық мерейтойы республикалық көлемде кеңінен тойланды. Осы тойға көрші жатқан өзбек, қырғыз, қарақалпақ елдерінен қонақтар келді. Тойда ССРО Жазушылар одағы басқармасының бірінші секретары Георгий Марков өз сөзінде: “Совет оқушылары Кенен Әзірбаевтың есімін халық әдебиетінің аса ұлы алыптары Сүлеймен Стальскиймен, Жамбыл Жабаевпен қатар атайды. Кененді бүгінгі Жамбыл, екінші Жамбыл деп біледі» деді. Шыңғыс Айтматов ақынның өнер жолына терең баға бере келіп, қырғыз халқы: «Сізді, өз атамыз, өз ақынымыз, өзіміздің өнердегі Алатауымыз деп есептейді» деп сөзін түйіндеді. Осы мерекеге орай қарт ақынның кеудесіне ең жоғары награда Ленин ордені тағылды.
Осылай 90 жасқа талмай жеткен ақынның жүрегі 1976 жылы 12 сәуірде соғуын мәңгі тоқтатты. Сүйегі өзі тұрған ауылдың шетіне қастерлеп қойылды. 1981 жылы осы жерге үкіметтің арнайы қаулысымен ақынның әдеби-мемориалдық мұражайы салынды.
Ақынның артында өте мол жазба мұрасы қалды. Он дастан, жүзден астам әндері, мыңдаған өлең-жырлары, айтыстары, жеті күйі, басқа да аты аңызға айналған тарихи тұлғалар жайлы жазғандары халық игілігіне айналып отыр. Дәстүрлі әншілер кез келген мемлекет деңгейіндегі шараларда Кенен атамыздың әнін орындап, оны насихатап жүр. Жастар да атамыздың әнін дәріптеп той-думандарда әлі күнге шырқауда. Бұл шынайы өнердің өміршеңдігін танытса керек. Биыл сал-серілік дәстүрдің белді мүшесі, ақындық өнердің жарық жұлдызы, ұлттық әннің биік тұлғасы бола білген Кенен атамыздың 140 жылдығы республика деңгейінде аталып өтеді деп отырмыз. Нағыз өнер ғасырдан ғасырға сабақтасып жететіндігінің белгісі осы болар.
Баян МАМЫРБАЕВА