Басты бет Көкжиек Жаңа мектеп ашылды

Жаңа мектеп ашылды

0
457

Шонжыда жаңа білім ордасы өз шәкірттеріне есігін айқара ашты. Үш қабатты ғимарат 900 оқушыға арналған. 2,5млрд теңгеге құрылысы жүргізілген нысанға жауапты «Алматы облысының құрылыс басқармасы» болатын. Ғимараттың жалпы көлемі – 9859,40 шаршы метр.  Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектептің ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы іссапармен келді.

Зәулім сарайдай жаңа мектептің ашылуына аудан тұрғындары көптеп жиналған. Ауыл ақсақалдары, ардагер ұстаздар, барлық мекеме басшылары мен қуанышқа ортақтасқан ата-аналар да осы ортадан табылды. Алғашқы құттықтау сөзді алған облыс әкімі Марат Елеусізұлы жаңа білім ордасының табалдырығын аттағалы тұрған шәкірттер мен ұстаздарға, ата-аналарға құтты болсын айтып, мемлекетіміздің білім саласына көңіл бөлуі, үш ауысымды мектептерді жою бағытындағы қадамдардың нәтижесінде осындай заманауи білім ордасы бой көтеріп отырғанын айтты. Облысымызда үш ауысымлы мектептерді жою бағытындағы қарқынды жұмыстар легіне тоқталды. Биылдың өзінде жиырмадан астам білім ошағының іргетасы қаланатынын жеткізді. Мұнан соң «Нұр шапағат-Құрылыс» ЖШС директорының орынбасары Ақтамов Дәурен Советқазыұлы да өзінің ақжарма тілегін арнап, мектеп директоры Абдилова Бибігүл Байжұмақызына жаңа ғимараттың кілтін табыстады.

900 орынды «Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектептің» лентасын қию құрметіне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов және ардагер ұстаздар ие болды. Облыс басшысы бастаған топ жаңа білім шаңырағының  ішіне кіріп, дарынды оқушылардың қолдарынан шыққан бұйымдар көрмесімен танысты. Онан соң соңғы бір жыл көлемінде ауданда ашылған әскери-патриоттық клубтардың жұмыстарымен танысты. «Жас сарбаз», «Жас өрт сөндіруші», «Прокурордың жас көмекшісі, «Жас шекарашы», «Жас полиция көмекшілері»  клубтарының мүшелері өздерінің бір жыл ішінде облыс, республика көлеміндегі жеткен жетістіктерімен марқайып, болашақта ел мен жерді қорғайтын ұлтжанды ұл-қыздардан болатындарына сендірді.

Келген қонақтар мектеп ішіндегі робототехника жұмыстарымен танысып, модификациялық кабинеттерді, асхана мен мәжіліс залын аралап, жас спортшылардың жеткен жетістіктерін көрді. Осындай сәні мен салтанаты жарасқан білім ошағында тәрбиеленіп жатқан балалардың бақытты шағының ұзақ болуын тіледі. Облыс басшысы да өнерпаз ұл-қыздарға ыстық ықыласын айтып, ел ертеңін еңселі ету үшін жан-жақты білім алып, биіктерге шығуларын тіледі.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа мектеп ғимаратының ашылуынан кейін құрылысы аяқталмаған дене шынықтыру сауықтыру кешеніне барды. 2019 жылдың желтоқсан айында басталған құрылыс жұмыстарының мердігері «Лидер НК» ЖШС болатын. 1,1 млрд. теңгеге жоспарланған дене шынықтыру сауықтыру кешенінің көлемі – 4595,45 шаршы метр. 2020 жылы 21 қыркүйекте спорт кешеніндегі 3 блоктың (спортзалдың) жұмсақ шатырын орнату бойынша жұмыстарды орындау кезінде металл конструкциясы құлаған болатын. Міне, содан бері 3 жылдан астам уақыт өтсе де ғимарат әлі күнге қолданысқа берілген жоқ. Бұл бойынша ауданаралық экономикалық соттың шешіміне орай мердігер компания 14 ай ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтауға тиіс еді. Бірақ жұмыс басталмаған қалпы қалды. Осы мәселе бойынша облыс басшысы мердігер компания басшыларымен сұхбаттасты. Оларға байланысты нақты шаралар қолданып, жұмысты тезірек бітіру керектігін құзырлы орындарға тапсырды.

Ауданымыздағы көзі тірі жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері Алым ата Кебировтың да шаңырағына бас сұқты облыс басшысы Марат Елеусізұлы. 1941-1945 жылдардағы алапат соғыс өртін көріп, жалындаған жастығын от пен оқтың арасында өткізген, соғыстан аман келіп, ел экономикасының өркендеуіне атсалысып, еңбек майданында да тер төккен ардагерді 100 жасқа толуымен құттықтап, сый-сияпатын табыстады. Көненің көзі, ғасыр құрдасы Алым атаға осындай бейбіт күн тарту еткендеріне алғысын айтты. Жүзінде талай тауқыметтің табы қалған қария ондай сұм соғыстың қайта болмауын тілеп, келген қонақтарға ақ батасын берді.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АТАҢНАН МАЛ ҚАЛҒАНША, ТАЛ ҚАЛСЫН

Шошанайлық ағайын мемлекет басшысы бастаған «Таза Қазақстан» акциясына өз үлестерін қосты.…