Ұйғыр ауданында этносаралық келісімді нығайту, қоғамдағы өзара сыйластық пен сенімді арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осы мақсатта «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» жобасы аясында түрлі кездесулер мен пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылуда. Шонжы ауылында орналасқан аудандық Ұйғыр этномәдени орталығында этномәдени бірлестік мүшелерінің қатысуымен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында кездесу өтті. Басқосу барысында қоғамдағы татулық пен бірлікті сақтау, ауызбіршілікті нығайту, өзара сыйластық пен түсіністікті қалыптастыру мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушылар ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің әр азаматтың жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Кездесуде қоршаған ортаның тазалығы мен оған ұқыпты қарау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Айналаны таза ұстау – тек санитарлық талаптарды орындау ғана емес, сонымен қатар туған жерге деген құрмет пен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі екені айтылды. Тақырып аясында Огулгазиев Демян, Анаятова Фатима, Иминова Адалятхан және Джалилова Зляхам сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Олар қоғамдағы татулық пен ауызбіршіліктің маңызын атап өтіп, әр азаматтың қоғамдық ортаға және қоршаған орта тазалығына жауапкершілікпен қарауы қажеттігін жеткізді. Кездесу барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, қоғамдағы келісімді одан әрі нығайту, бірлікті сақтау және елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету бағытында ұсыныстарын білдірді. Осындай мазмұнды кездесулер адамдар арасындағы өзара түсіністікті арттырып қана қоймай, ортақ мәселелерді бірге талқылап, олардың шешіміне бірлесіп атсалысуға мүмкіндік береді. Себебі қоғамдық келісім – бір реттік шара емес, күнделікті қарым-қатынас пен ортақ жауапкершіліктен қалыптасатын құндылық.
Бірлік бар жерде – береке бар. Ал келісім мен сенімге негізделген қоғамның тұрақты дамуына әр азамат өз үлесін қоса алады.
