Ұйғыр ауданында қоғамдық келісімді нығайту, ел бірлігі мен татулықты дәріптеу бағытында аға буын өкілдерінің қатысуымен түрлі кездесулер ұйымдастырылып келеді. Осындай тағылымды басқосудың бірі Шонжы ауылындағы Әл-Фараби атындағы аудандық кітапхананың мәжіліс залында өтті. «Бейбітшілік пен келісім туралы ақсақал тағылымы» тақырыбындағы кездесуге аудандық және ауылдық округтердегі Ақсақалдар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – ел бірлігін, татулық пен қоғамдық келісімді нығайту, бейбітшілік құндылықтарын кеңінен насихаттау және аға буынның өмірлік тәжірибесі мен өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізу. Кездесу барысында аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Керімқұлов Жәнет Сәдіұлы бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің ел өміріндегі маңызына тоқталды. Ол қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сыйластықты сақтауда аға буынның орны ерекше екенін атап өтіп, кейінгі ұрпаққа өнегелі тәрбие беру, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы ақсақалдардың жауапкершілігіне назар аударды. Басқосу барысында ақсақалдар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, ауыл-аймақтағы қоғамдық келісімді нығайту, жастар тәрбиесіне көңіл бөлу, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу және ел бірлігін бекемдеу жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар ауыл тұрғындары арасында өзара түсіністік пен сыйластықты қалыптастыру, қоғамдық ортада туындайтын мәселелерді ақылдаса отырып шешу, үлкеннің өнегесін кейінгі буынға жеткізу мәселелері сөз болды. Қатысушылар бірлік пен келісімнің негізі – өзара құрмет, сабырлы қарым-қатынас және ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен тағылымы – жас ұрпақ үшін құнды тәрбие мектебі. Ақсақалдар кеңестерінің осындай кездесулері ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, қоғамдағы татулық пен өзара түсіністікті одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Ел бірлігі мен бейбітшілікті сақтау – баршаға ортақ міндет. Ал оны кейінгі ұрпаққа өнеге ету – аға буынның асыл аманаты.
