Басты бет Ақпарат ағыны СӨЗДЕН САРАЙ ТҰРҒЫЗҒАН

СӨЗДЕН САРАЙ ТҰРҒЫЗҒАН

0
150

90 жыл бұрын осы тамыз айында прозашы, драматург, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жамбыл атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты Қалихан Ысқақ дүниеге келген. Бүгінгі прозаиктердің, көркемсөз шеберлерінің ішіндегі шоқтығы, танымдық болмысы биігі де Қалихан ағамыз деп ауыз толтырып айтуға болар. Оның шығармаларындағы құнарлы тіл, көркем сурет, тегеурінді қуат, адам психологиясы мен портреті оқырман жанын еріксіз баурап алады. Оның кез келген дүниесін жан рахатына бөлене отырып оқып шығасың. Жазушылығының мықтылығынан болар. «Өткен күндер елесін» «Жұлдыз» журналы бірнеше санына бөліп берді. Заманауи романды бастап алған соң аяғына жеткенше аузымыздың суы құрып, күттік-ау. Ұғынықты, жаныңа ләззәт береді. «Қоңыр күз еді» атты повесін оқымаған жан шығар. Жазушының өзі күз айын жақсы көретіндігін бір сұхбатынан білген едік. Шындығында күз айы адамның жанын тыныштандырып, береке сыйлайтын мезгіл ғой.

Қалихан аға тек жазушы десек қателесерміз. Өзінің туған жерін азып, тозып бара жатқандығын көзімен көріп, жанақайын Президентке дейін жеткізген патриот азамат. Қатонқарағайдың қарағайлары кесіліп, Қытай асып жатқанда қолындағы қаруы қаламы арқылы шенеуніктердің құлағын да, басын да қатырған Қалағамыз. Өзінің сөзіне құлақ түріп көрейікші. «Қызыл кітапқа» енген аңдарды да қырып жатты. Дәрілік шөптерді тамырымен жұлып, түк қоймай сатты. Әр жерде отырған шекара қызметкерлерінің мұның бәрін күзетуге шамасы жоқ. Елге барғанда ақсақалдар жиналып: «Қалихан, енді сен түк жазбай кетсең де біз өкпелемейміз, разымыз. Одан да елге қара. Ауыл тозып барады. Қатонқарағайдың қарағайынан да, үйінен де түк қалмайтын түрі бар», – деді. Содан ойыма Қатонқарағай ауданының территориясын түгелімен мемлекеттік ұлттық парк жасау керек деген идея келді. Соған бес жыл уақытым кетті. «Қазправда», «Егемен Қазақстан», «Түркістан» газеттерінің бетінде Президентке, Үкіметке, Парламентке екі дүркін хат жаздым. Оған кезінде Қасым Қайсенов ағамыздан бастап, Бибігүл Төлегеновалар қол қойып, қолдау білдірді. Бес жылдан соң бұрынғы Қатонқарағай ауданының 363 гектар жері мемлекеттік ұлттық парк болып жарияланып, Үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Одан кейін де жергілікті атқамінерлермен төбелесуге тура келді. Арыздан арыз. «Халыққа қиын болды. Отынға, құрылыс материалына жарымай жатыр», – деген сөздер айтылды. Ұлттық парктің бір жақсы жері мемлекеттік шекара Халықаралық конвенсиямен қорғалады. Енді парктің ішіне ешкім кіре алмайды. Қазір ел тыныштанды, жағдайы да жақсарды. Мұндай ерлік кез келгенің қолынан келе бермейді. Тек жүрегі үлкен, ары таза, бауырмал, елінің қамын жеген адам ғана жасай алады. «Ауылда мен бір сөйлем де жазбаймын. Қолыма қалам ұстамаймын. Табиғатымда алысқа кетіп, елді сағынып отырып жазбасам жаза алмаймын. Көбіне күзде, жаңбырлы күзде жазу әдетім. Мен тамылжыған табиғаттың астында отырып жазбаймын. Оның бәрі көшірме болып кетеді. Жазушыға ең алдымен керегі – тіл мен шығармашылық фантазия. Қартайғанда адам бала кезін, жастық шағын қатты сағынады екен. Қазір мен сөйтіп жүрмін. Мен үш жасымнан бастап болған оқиғалардың бәрін білем. Үш жасымда әпкем «халық жауы» болып, айдалып кетті. Сол оқиға күні бүгінгідей көз алдымда. Әкемді көрмедім. Әкем бір жасымда түнімен жылқы күзетіп келіп, таңертең мені бауырына алып ұйықтап жатқанында ауырмай-сырқамай жүріп кетіпті. Он төртке келгенде шешеміз қайтты. Содан мені әпкелерім жетілдірді. Атадан жалғыз болғандықтан, мені аяқтандыруға олар жалғыз көйлегін сатса да барын салды. Бала кезім есіме орала беретіні сондықтан», дейді жазушы. Сағыныш деген ұлы сезім. Оны да кез келген пенде сезінеді деп айту әбестік. Жанында жылуы барлар ғана сағыныштың дәмін, иісін сезіне алады. Ал Қалағада бұл сезім асып-тасып жатқаны айдан анық.

Қалихан Ысқақ «жазсам қазақ үшін ғана жазамын» деген ұстаныммен өткен жазушы. Өз ұлтын, өз жұртын жақсы көргендігі соншалықты атақтары дардай адамдардың кейбір жағымпаз қылықтарын беттеріне шыжғырып басудан тайсалмады. Ойын бүкпеді, боқ дүниенің соңына түсіп ешкімнің алдында бүгежектемеді. Өзіне кезінде М.Әуезов сабақ бергендігін, ал қазіргі ұстаздардың сауатсызданып бара жатқандығына күйінді. Драматургияның не екенін түсінбейтіндер сол сабақтан лекция оқитындығына налыды. Бұл нағыз өмір шындығы.

1991 жылы Қазақ елі тәуелсіздік алды. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз, сан ұрпақ аңсаған – Тәуелсіздік. Сол күннің тезірек келуіне еңбегімен, шығармашылығымен қалтқысыз қызмет еткен жазушы қауымының, Қалихан аға мен оның буынының да асыл арманы жүзеге асты. Бұл тұста, ең алдымен Қ.Ысқақтай үлкен суреткер «Ақсу – жер жәннаты» романы, кеңірек аядан алғанда, жалпы суреткерлік биік мұраттары, ұлттық руханиятымызға сіңірген үлкен еңбегі бағаланғанын, ол тәуелсіз елінің сыйлығын алғашқылардың бірі болып, 1994 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алғандығын атап айтуымыз қажет.

Тәуелсіздік кезеңінде суреткер Қ.Ысқақтың жаңа бір тынысы ашылды. Ол енді ел тарихын, туған ел, аймақ тарихын еркін, тереңінен қаузайтын болды. Бұл оның драматургиясында, әсіресе, деректі прозасында барынша көрініс тапты. Жазушы Қ.Ысқақ енді Қаратай елінің тарихын түп тереңнен қозғап, барын бардай, нарын нардай етіп күллі қазақ жұртына танытуға құлшына кірісті. Жазушы ең алдымен драма жанрын қолай көріп, 1995 жылы «Жан қимақ» драмасын жазды. Бас кейіпкері Әбдікерім болыс еді, бір кейіпкердің прототипі – Сұлтанмахмұт Торайғыров. Ал, сәл кейінірек Шахимарденмен бірігіп Қазақ хандығының құрылу тарихы туралы «Қазақтар» тарихи драмасын жазды. Белгілі сахнагер Тұңғышбай Әл-Тарази сахналаған «Қазақтар» Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театр репертуарында әлі де табысты жүріп келеді, ал, «Жан қимақ» осы театр сахнасында бірнеше маусым бойы сәтті жүрді. Бұдан кейінгі жазбаларының, тіпті ауызша әңгімелерінің бәрінде де жазушы Әбдікерім болыстың атпал азаматтығын, елге сіңірген еңбегін, жалпы сол кезеңнің саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік ахуалдарындағы Қатонқарағай өңірі туралы тереңнен қозғады. Көркем шығармашылығында бәлкім көркемдік шарттылықтың өз талабынан, бәлкім, уақыт қысымынан бейнелеуге, сол көркемдік шарттылықтарға, кейде тіпті эзоптық тілге сүйенсе, кейінгі кезеңде барынша кең қамтып, армансыз қозғады, ой нәрін, жан зарын төкті. Суреткер Ысқаққа келгенде, деректі проза деген шартты атау ғана, әйтпесе оның қаламынан шыққан дүниелердің барлығы да нағыз көркем шығарма. Айталық, «Менің інілерім» циклдық эсселерінде ағайындас, жерлес ғана емес, арасында Дидахмет Әшімханов, Әлібек Асқаров сынды қаламдас, рухтас інілерінің де шығармашылық-адами әлемдерін үшінші шындық аясында ғажайып сомдады. Бұл эсселер – уақыт тынысын, қоғамның бар және болмақ керек адами-имани қағидаларын алға тартады.

Ал, соңғы кезеңінің ең үлкен туындысы — «Келмес күндер елесі» ғұмырнамалық романы. Бұл туынды — қаламдас інісі Тұрысбек Сәукетай айтпақшы, тұтас бір дәуірді қалыптаған кең тынысты роман-эпопея. Жазушы, әрине, жекені айта отырып, жалпыны айтты. Қаратай елін, Қатонқарағайдың кешегісі мен бүгінгісін айта отырып қазақтың тағдырын айтты, ел қасіретін тереңнен тартып айтты. «Келмес күндер елесі» ел тағдырын, адам тағдырын аялаған, кейінгі ұрпаққа аманаттаған көркем поэмадай қабылданады.

Жалпы Қалихан Ысқақтың ұлттық руханиятқа тәуелсіздік кезеңінде де сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол бұл тұста әдебиет пен өнер үшін, ел үшін пайдасы бар деп білсе, қай іске де бар ынты-шынтысымен кірісеті, қажет болса, өзін өзі қара жұмысқа да жегетін. Көптеген әріптестерінен айырмашылығы, мүмкін, ерекшелігі, бәлкім артықшылығы – ешқашан жан аянкестігі жоқ еді, маңғазсыну оған мүлдем жат болатын. Не жұмыс жасаса да шын ниетімен, бар көңілімен кірісетін. Ал, Қалихан ағаның Алтай өңіріндегі Қатонқарағайды мемлекеттік қорық аймағына айналдыру жолындағы атпал азаматтық, жанкештілік еңбегінің өзі неге тұрады, – деп әріптес досы, қазақтың мықты жазушысы, сыншы қызы Әлия Бөпежанова естелік айтады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қалихан аға Жазушылар одағында кеңесші, кәсіподақ ұйымының төрағасы; одан кейінгі жылдарда «Парасат» журналында кеңесші, қызметкер; М.Әуезов атындағы театрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі, «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі сынды күнделікті тындырымды еңбекті қажет ететін жұмыстары өз алдына, жеке шығармашылығын да ешқашан қағыс қалдырған емес. Суреткер көркем аударма саласына да көп еңбек сіңірді. Бұл саладағы ең соңғы жұмысы – нобелиант-драматургтар пьесаларының жинағы болды. Егер Қ.Ысқақ шығармашылығын толымды зерттеуге кірісер азаматтар немесе ақжолтай жастар шықса, ең алдымен, суреткердің өз шығармалары мен аудармалары, кезінде баспасөзде жарияланған мақала-материалдарын ғана емес, атқарған жұмыстарының библиографиясын ыждағаттап жасар болса, мұхитқа кезігері анық, – деп кейінгі буынға аманат айтқандай болады. Білімі терең адам ғана жазушылық деген ауыр жүкті арқалай алады. Қалихан Ысқақ үлкен білімнің иесі болды. Ол үшін ұсақ-түйек деген нәрсе жоқ. Кез келген заттың тарихына дейін жақсы білді, қай тақырыпта сөз қозғамаңыз «ол өзі былай…» деп тамырын қазып, дәлелмен сөйлеп, айналасындағыларға білім шырағын шашатындығын көзкөргендерден естіп жатамыз.

Жазушының ш­ы­ғар­ма­шы­лы­ғы қай кезде де оқырманын ойлантып тастайтын образымен ерекше есте қалады. Оның романдары, әңгіме, повестері­нің кейіпкерлері қаншалықты өміршең, күрескер болса, ол сом­дап шыққан драмалық образ­дары да қазақ театр өнерінде серпіліс тудырып, ұлттық дра­ма­­тургияның қазанында қайнап шыға келді. Қали­хан Ысқақтың қала­мынан ту­ған жиырмадан астам драмалық шы­ғарма шын­шыл­дығымен, оқырманға айтар астар­лы ойымен әрдайым ерек­шеленеді. Осы тізімде «Жан қимақ», «Таңғы жаңғырық», «Қа­раша қаздар қайтқанда», «Талақ», «Сайқының тұқым­дары», «Са­батаж!», «Есеней-Ұлпан», «Жан­себіл» туындылары­нан жа­зушы-дра­матургтің биік тал­ғамы бай­қалды. Үлкен суреткер ре­тінде әрбір құбылыс­тың мән-мағынасын, сырын ұғынып, тұңғиығына үңілетін автор шығармашылық зертханасы барынша зерделілігімен, әр тақырыпты қаузай отыра оны тереңірек ашуға тырысады.

Жазушы-драматург Қали­хан Ысқақ үшін бұзылмайтын қағида – өмір шындығын нанымды бейнелеу. Ол сонысымен де өміршең. Қалихан ағаның ұлтына берген мол рухани дүниесі – жазған дүниелері. Ол өзі өмірде қандай қарапайым болса, жазған шығармалары да сондай қарапайымдылығымен баурайды. Соңғы жазған көлемді шығармасы «Келмес күндер елесін» оқыңыз, жаныңыз рахатқа батады.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Антониу Кошта Еуропа Одағы мен Қазақстанның серіктестігі нақты нәтиже беріп отырғанына назар аударды

– Осы аптада Брюссельде визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөзді бастадық. Бұл уағда…