Басты бет Ата Заң ӘСКЕР МЕН КОНСТИТУЦИЯ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ КЕПІЛІ

ӘСКЕР МЕН КОНСТИТУЦИЯ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ КЕПІЛІ

0
140

Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына – 30 жыл. Бұл – еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған, саяси, әлеуметтік және құқықтық жүйенің тірегі саналатын аса маңызды тарихи құжат. Конституция күні халқымыздың бірлігі мен ел іргесінің беріктігін айшықтайтын мерекелердің бірі. Ата Заңымыздың түпнұсқасы бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде сақталған. Мұндай ұлттық жәдігерді сақтау бізге үлкен жауапкершілікті жүктейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі Заңды құрметтеу және мүлтіксіз сақтау – бұл жоғары азаматтық жауапкершілік пен шынайы патриотизмнің жарқын көрінісі. Конституцияның тұрақты құндылықтарына сүйене отырып, біз баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекет құратынымызға сенімдімін деп атап өткенін білеміз. Президенттің бұл сөздері Конституцияның демократия, азаматтық құқықтар мен ұлттық бірліктің кепілі ретіндегі негізгі рөлін көрсетеді. Конституцияны қабылдау арқылы елдің мемлекеттік құрылымы анықталды. Сонымен қатар заңды түрде азаматтардың құқықтары мен бостандықтары бекітіліп, билік тармақтарының арасында тепе-теңдік орнады.

«Ер – елдің ық жағындағы қаласы, жел жағындағы панасы». Атам қазақ бұл нақылды қай заманда айтса да, қалт айтпағанына көз жеткізіп келеміз. Мемлекетаралық шиеленістер барған сайын күрделеніп, әлемнің әр бұрышында соғыс өрті тұтанып жатыр. Бұл бізден бүгінгі геосаяси ахуалға жіті көз салып, кез келген қатерге дайын болу керектігін талап етеді. «Іргесі берік елді жау алмайтынын, ауызы бір елді дау алмайтынын» тағы бір еске салады. Шын мәнінде бұл заман білімге ғана емес, білекке де сенетін уақыт келгендігін көрсетіп отыр. Білек деп отырғанымыз – елдің қарулы күштері. Әскерің сақадай сай тұрмаса, әркімге жем боласың. Қылышың қайраулы болмаса, қолың байлаулы. Осыны түсінген әлем елдері бүгінде жаппай қарулануға көшкен. Қару-жарақтың құлақ естіп, көз көрмеген небір түрі жасалып, дүниенің әр жерінде тұтанған соғыс алаңдарында сынақтан өтіп жатыр.

Ал біздің жар астындағы жауға төтеп берер қауқарымыз қандай? Әскеріміз әлеуетті ме? Ата-бабамыз ескертіп кеткен айбалтамыз қайраулы ма? Қазіргі таңда Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ел әскерін реформалау бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Әскер құрылымы мен құрамын жаңғырту, жауынгерлік дайындықты жетілдіру, заманауи қару-жарақпен және әскери техника­мен жарақтандыру, цифрландыру үрді­с­ін одан әрі жалғастыру, әскери инфра­құрылымды дамыту, әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі басым бағыттар айқындалып, тиісті шаралар қабылданып жатыр. Бүгінгі ахуал бұл бағыттағы жұмыстарды мейлінше жедел әрі сапалы атқаруды талап етіп тұр.

Халықаралық стандарттарға сай заманауи қару-жарақпен жабдықталып, кәсіби шеберлігі жоғары жеке құраммен жасақталған, жауынгерлік әзірлігі мен қабілеті жоғары әскердің болуы ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекет мүддесін сенімді қорғау шарттарының бірі екені анық. Осы тұрғыда ел әскерін сапалық тұрғыда жетілдіру міндеттері аясында жеке құрамның кәсіби ше­бер­лігі мен білім-біліктілігін арттырып, қарулы күштерімізді заманауи, жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техника­мен жабдықтау жұмыстары тұрақты негіз­де жүргізіліп келеді. Бұл – Қор­ғаныс министрлігі алдында тұрған басым міндеттердің бірі. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз Қарулы Күш­тері Түркістан әскери округі база­сында құрылғаны белгілі және алғаш­қы уақытта негізінен кеңестік қару-жарақпен қамтылған еді. Қазіргі уақытта қару-жарақ пен техни­ка­ларымыздың 70 пайызы тәуелсіздік жылдары өндірілген және сатып алынған жаңа үлгілермен жаб­дық­тал­ған. Оның ішінде өз елімізде шыға­рылған өнімдер де бар.

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері жаңа және жаңғыртылған зымыран кешендерімен және радиолокациялық стансалармен қамтамасыз етілген. Бүгінде еліміз­дің әуе шебін «С-300ПС», «С-200», «С-125» сенімді зениттік-зымыран кешен­дері, сондай-ақ отандық «Нұр» ра­диотехникалық кешендері күзетіп тұр. Конституцияның 30 жылдығы – бұл тек мереке емес, сонымен бірге болашақ мақсаттарға көз салатын уақыт. Президент әрбір азаматтың конституциялық қағидаттарды сақтауы мен саналы түрде түсінуі маңызды екенін атап көрсетеді.

Тәуелсіз еліміздің Конституциясы жай ғана заңды келісім емес, бұл азаматтарды біріктіретін, мемлекеттік саясатты айқындайтын және болашақ ұрпақ үшін тұрақты құқықтық негіз қалыптастыратын құжат. Қорыта келгенде Конституция – елдің құқықтық тірегі. Оны сақтау – тек заң талабы емес, сонымен қатар ортақ келісім мен әділетті қоғамның кепілі. Ал еліміздің қарулы күштері қауқарлы болғанда Ата Заңымыз да құндылығын арттыра түсері анық.

Бәтес АЛҒОЖАЕВА,

аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің қызмет басшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АТА ЗАҢЫМ – АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБАРЫ

Ата Заңымыздың 30 жылдығы мерекесі қарсаңында Шарын ауылындағы 600 орынды мәдениет үйі рес…