Жаңа жылдың алғашқы күндері аудан халқы үшін жағымды жаңалықпен басталды. Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданның, облыстың құрметті азаматы Алим ака Кебировтың 100 жылдық мерейтойы аудандық мәдениет үйінде салтанатты түрде аталып өтті. Лимузин көлігімен, бар сән-салтанатымен шараға келген қария алдыңға қатардан орын алды. Әлі тың, жүріс-тұрысы ширақ.
Қол шапалақтарымен қарсы алған қауым бір сәт сахнадан ұсынылған бейнефильмге назар аударды. Шығармашылық орталығы балаларының орындауындағы «Соғыс болмаса екен» әні ардагерге арнау секілді естілді. Батырымызды көрермендер орындарынан тұрып, қол шапалақтарымен сахна төріне шығарды. Шараны жүргізушілер Ұлы Отан соғысының 1941-1945 жылдары елімізден қанша адам қатысқанын, қаншасының жер жастанғанын, оның ауыр зардаптарын әңгімеледі. Алим Кебиров ақсақалдың туған күнінен бастап бір ғасырлық өмір жолынан деректер айтты. Соғыстағы басып өткен жолдары мен ерлік істерін, ондағы алған наградаларын санамалап шықты. Бейбіт өмірдегі еткен еңбектері мен өсірген ұл-қыздары туралы мағлұмат берді. Көзі тірі ақсақалдың осындай бейбіт өмірде мамыражай елде тұрып жатқандығын бақытқа балап, аудан халқының мақтанышы екендігін жеткізді. Соғыстың сол кезеңдердегі Кеңестер Одағына әкелген қасіреті мен қайғысын, шайқалған шаңырақ пен жетім қалған балалардың тағдырын әңгімелеп бір сәт тарих қойнауына енгізді.
Сонан соң алғашқы құттықтау сөзін айту үшін сахна төріне аудан әкімі Бота Елеусізова көтерілді. ХХ ғасырдың ең қасіретті, адам өмірін көп жалмаған соғыстың бірі Ұлы Отан соғысы екендігін айтқан аудан басшысы сол кездегі адамдардың ерлік істері мен табандылықтарын, қайсарлықтары мен батылдықтарын әңгімеледі. Қан майданда қар жастанып, мұз төсенген отты жылдары біздің ауданнан 4461 жауынгер соғысқа аттанып, оның 1786 адамы соғыста қаза болғандығын, біздің ауданнан 1942 жылы аттанған қатардағы жауынгер Алим Кебировтың да болғандығын айта келе, атамыздың ерлік істерін мадақтап, бір ғасырлық тойымен шын жүректен құттықтады. Барша аудан халқының атынан автокөліктің кілтін табыс етті. Атаға мықты денсаулық тілеп, арамызда әлі біраз уақыт аман-сау жүруін сұрады.
Майдангер атамыз ризашылығын білдіріп, қалың қауымға алғысын айтты. Ақсақалдық батасын берді. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалының төрағасы Ерболат Тұрымбетовтың құттықтауын жеткізу үшін сахна төріне аудандық филиалдың төрағасы Ербол Нұрсейітов шықты. Облыстың, ауданның ардагерлерінің атынан ыстық ықыласын айтып, «Алматы облысының құрметті ардагері» төсбелгісін қарияның кеудесіне тақты. Алматы облысы Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Жұмашхан Нұрболдың құттықтауын жеткізу үшін сахна төріне аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, полковник Әділханов Асылбек шығып, атаны 100 жылдық тойымен құттықтап, өзіне аманат етілген адресатын табыс етті. Ұлттық құрылтайдың мүшесі Шаһимардан Нурумов Қазақстандағы ұйғыр ұлтының ең бақытты екендігін, ұлттық театры, республикалық деңгейде газеті, ұлттық мектептері бар екендігін мақтанышпен жеткізіп, Алим Кебировтың 100 жылдығын үлкен салтанатпен өткізіп беріп отырған аудан әкімшілігіне, оның өтуіне мұрындық болған аудан әкімі Бота Серікқызына алғысын арқалатты. Ауызбіршілік пен татулық, достық пен сыйластық орныққан еліміздің болашағына зор сенім артып, ауданның өркендеп, дамуына тілектес екендігін жеткізді.
«Арзу» халықтық ән-би ансамблінің мүшелері ұсынған Алим Кебировтың балалық шағынан бастап соғыстан аман-есен туған жеріне оралғанға дейінгі өмірбаянынан хабар беретін сахналық қойылымы жиналғандарды селт еткізді. Бұл композиция бәрімізге бейбіт өмір сыйлаған ардагердің ерлігіне тағзым іспеттес шықты. Одан кейінгі концерттік бағдарламадағы «Дубасеково зиратында», «Журавли», «Господа офицеры», «Смуглянка», «Әлия», «Ардагерлерім», «Қазақстаным» әндерін орындаған қыз-жігіттердің таланты мен талғамдарына көрермен риза болды. Аталарына осылайша әскери әндерден сый құрмет көрсетті деп бағаладық.
«Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» дейді. Қарияларымызды құрметтеп, ардақтау, ардагерлерімізді мадақтау біз үшін парыз. Патриоттық сезімдерін шынайы іс жүзінде көрсете білген Алимдай аталарымыздың өмірлері бәрімізге өнеге болары даусыз. Бүгінгі кеш соны дәлелдеді. Дариядай сарқылмас қазыналы қарттарымыз барда біз бақыттымыз.
Баян МАМЫРБАЕВА