Өткен жылы қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасын естіген ауылдағы ағайын біраз арқаланып қалып еді. Жағдайымызды жақсартып, төскейімізді ақтылы малға толтырып, дастарқанымызды адал аспен қайыстырып, күнкөрісімізді көпекөрнеу жақсартамыз деп қуанған. Бірақ сан құжат жинап сабылған, ондаған есік қағып тарылған шаруалардың көбі қолын сілтеген де қойған.Техника алып, тіршілік етеміз деп кооперативтер құрған шаруа қожалықтары да күнде өзгеріске ұшыраған талаптар мен түп-тұқияныңның құжатын түгендейтін «Ауыл аманатынан» ада-күде үміт үзген. Айлап құжат жинап, тер төккен ауылдағы шаруа қожалықтары өз шағымдарын ауданға атбасын бұған дейін бұрған талай атқамінерге аманат етіп арқалатқан болатын. Дегенмен одан оңала қойған іс шамалы. Бұл – өзіміз күнделікті көріп жүрген аудандағы шаруалардың жанайқайы.
Шаруалардың базынасын тыңдап, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне мемлекеттік қолдау көрсетудің жаңа тетіктері, шаруаларға қажетті су арналарын тазарту, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, тозығы жеткен инфраструктуралардың жағдайын жақсарту туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу аясында ауданға іссапармен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жөргенбаев Жанболат Әкебайұлы, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Жақанбаев Арсен Арманұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті Өңірлерде АӨК-ні дамыту және кооперация басқармасының бас сарапшысы Темір Бекболат Жандосұлы, Алматы облыс әкімінің орынбасары Батанов Алмас Сұлтанұлы және тағы басқа республика, облыс деңгейіндегі ауылшаруашылығы саласы мамандары келді. Біздің аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға көрші Кеген, Райымбек ауданының шаруалары да келген.
Жиында алғашқы сөз алған ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Арманұлы қазіргі таңда республикамызда су мәселесінің өте күрделі екенін, сол себепті бүгінде министрлік әрбір облыстағы суару каналдарын зерделеп, оларды балансқа алуды қолға алғандығын жеткізді. Әрине, бұл бір күннің жұмысы емес. Десе де мамандар бұл бағыттағы жұмыстарды бастап кеткендігін айтты. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті Өңірлерде АӨК-ні дамыту және кооперация басқармасының бас сарапшысы Бекболат Жандосұлы болса ауылшаруашылығы кооперативтерінің оң тұстары, оларға қарастырылған инвестициялық субсидиялар, салық бойынша жеңілдіктер, «Бәйтерек» холдингі арқылы қарастырылған несиелер турасында молынан мағлұмат берді.
Алматы облысында өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8,3 млрд бөлінсе, биылға бұл қаражат 17,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл дегеніміз шаруалардың шаруасының шешілуіне оңтайлы жол деді атқамінерлер. Ал сенатор Жанболат Әкебайұлы үкіметте су кодексіне өзгерістер енгізілгендігін айтып, су жүйесін жүйелі жолға қойып, заманауи технологиялармен ауылшаруашылығы дақылдарын өсіру қажеттігін айтты. Бүгінде шаруалардың шағын несиелерге әлі де қол жеткізе алмағандығын ақпараттық жұмыстардың аздығымен түсіндірді.
Жиынға қатысушылар тарапынан көптеген өзекті сауалдар қойылды. Аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры Муслим Амангелді аудандағы шипалы суы бар арасан учаскесіндегі қалдық сулардың бейберекет кетіп жатуы салдарынан біраз шаруашылықтардың жерлері сазданып жатқандығын, осыған қандай да бір тосқауыл болса деген ұсынысын жолдады. Ал аудандық мәслихат депутаты Курбанов Тимур 2023 жыл басында «Ауыл аманаты» бағдарламасы басталғанда көптеген шаруалардың шынымен ниет етіп, АӨК құрып, несие алуға құжат жинағандарын бірақ біресе ана құжат, біресе мына құжат, одан қала берді әр ай сайын талап-тілектері өзгеріп, шаруаларды шабылтқан «Қонаев» АӨК қызметкерлерінің ісін сынға алып, бүгінде ауданда құрылған 14 АӨК айлап істеген жұмыстарының нәтижесін көре алмай босқа қалғандығын ашына айтты. Аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Қадыров Ғожахмет үкіметтің халық үшін бөлген ақшасы халыққа жетпеуінің себебін білгісі келді. Облыста құрылған «Қонаев» АӨК жұмысын сынға алып, онсыз да ілдалдамен күнелтіп отырған шаруаларды шабылтқанына ренішін білдірді. Бұл мәселе тек біздің ауданда ғана емес, Кеген ауданындағы проблема екендігін Шырғанақ ауылынан келген Оразбай Бекбатыров ағамыз да қоштады. Сонымен қатар ауыл тұрғындары атынан бүгінде егістікке судың жетпеуі, бірнеше жыл бұрын көтерілген су тоспаларын салу жайы, шаруаларға бекітілген салық мөлшерінің көптігі, өндірілген өнімді өткізу мәселелері турасында сауалдар жолданды.
Шаруалардың жанайқайын естіген атқамінерлер бұл мәселелерді қараусыз қалдырмай, міндетті түрде жауап беретіндерін, өзекті мәселелерді шешуге күш салатындарын айтып, уәделерін берді. Кейбір проблемаларды алғашқы рет естідік деген шекпенділер де болды. Десе де барға қанағат, жоққа шүкірлік етуден жалықпайтын ауылдағы ағайын бұл жолы да уәдені Құдай сөзі десіп, сенім артты.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ