Аудандық кітапхананың оқу залында керемет кеш болды. Оның кереметтегі сол – қазақтың біртуар азаматы, ұлтымыздың мақтанышы, мәдениетіміздің майталманы, руханиятымыздың қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өміріне арналған «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының таныстырылымы әрі насихатталуы еді. Оған ұйытқы болған аудандық қоғамдық келісім орталығының жетекшісі Гүлжаһан Әликеева жиналған қауымды жаңа жылдарымен құттықтап, «Кітап оқитын ұрпақ» акциясы аясында қоғам қайраткері, ұлтын сүйген бірегей азамат Өзбекәлі Жәнібеков туралы кітапты ауылдастарына арқалап келген Жанатгүл Абироваға шынайы ризашылығын білдірді.
Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жәнет Керімқұлов мәдениет қайраткері, ұлтымыздың ұлы тұлғасы жайында баяндама жасады. Онда ұлттық идеология жасаудағы қоғам қайраткерінің болмыс, бітімі, атқарған қыруар шаруасы, ұлтына еткен қызметі толықтай қамтылды. Кеңестер Одағы деген Мәскеуден басқарылатын жүйенің қайнаған ортасында жүріп-ақ қазағына жасаған жақсылығы, қазақи идеология мен қазақтың мәдениетін дәріптеген аяусыз еңбегі, руханиятқа қосқан өлшеусіз үлесі оны тұлға етті. Жалпы ұлттық мұражайлардың ашылуына, ұлттық жәдігерлердің сақталуына, ұлттық мәдениетіміздің қайта жаңғыруына жанын беріп, қайтсем ұлтымның рухын көтерем деген бір жан болса ол Өзағам дер едік. Айтыс өнерінің, наурыз мерекесінің өз халқымен қауышуына мұрындық болған да осы жан. Сол кісінің рухына арналған кітаптың авторы Санжар Керімбаевтың жаңа кітабын таныстыру үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген жерлесіміз, ұстаз Жанатгүл Абирова сөз алды. Әу баста Шошанай ауылының жастарымен кездесуге баруды жоспарлағанын, туған ауылы Шонжыдан неге аттап кетуім керек деген ой аудандық кітапханаға ат басын бұрғызғанын айтып, өзін таныстырды. Кітаптың алғашқы бетінен үзінді келтіріп әрі қарай кейіпкердің басынан өткен өмірдеректерінен қызықты әңгімелер айтты. Мәдени майдан деген атының өзі бұл кітаптың бүкіл болмысын ашып, аяғына жеткенше ұйқыңды қашырып, рухыңды жанып, беймаза күйге түсіретіндігін де жасырмады. Ұялы телефонға қадалып, әлеуметтік желіден бас алмай, теледидардағы мән-мағынасыз хабарларға уақытын босқа кетіріп жүрген жастарға мына кітаптың беретін тәлімі ұшан-теңіз екендігін түсіндірді. Он бала оқыса, ол тағы он балаға айтса, сөйтіп жүзге, мыңға таралса деген ойын ашық айтты. Қазақ руханиятының биік шынарына айналған ағамыздың аты аталмай, қызметі жаңғырмай қала ма деген үрейдің орнын толтыру үшін жазылған дүниенің қаншалықты маңызды екендігін түсіндірді.
Сонан соң сөз алған ауданның, облыстың құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов Өзбекәлі Жәнібековпен қызметтес болғандығын, ол кісінің адалдығы мен қарапайымдылығын, кісілігін, зиялылығын әңгімелеп берді. Мәдениет дегеніміз бүкіл тіршіліктің, экономиканың, әлеуметтік саланың, ауылшаруашылығының жиынтығы екендігін дәлелді дәйектерімен жеткізді. Мәдениет арқылы тарихты да, қаланы да, басқаны да өркендеуге болатындығын Өзағамның өнегесі арқылы түсіндірді. Аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев ұзаққа созылмаса да рухани дүниемізді байытып жіберген кездесуге мұрындық болған жандарға алғыс сезімін жеткізді.
Қолға оңайлықпен түсе қоймайтын кітапты алушылар саны да көп көрінді. Тапсырыс болса тағы да әкелуге болатындығын айтқан Жанатгүл Тәліпханқызы ауыл ақсақалдары мен жастарға ризашылығын айтып, кітапханадай құт мекенде ауылдастарымен кездескеніне риза болды. Өзбекәлі Жәнібековтей өр тұлғаның аруағымен тілдескендей күй кешіп тарастық.
Баян МАМЫ