Іле аудандық ардагерлер ұйымының бастамасымен Байкент ауылдық Мәдениет үйінде «Іскерлік және жанашырлық» атты пилоттық жоба аясында қолөнер шеберлерімен тағылымды кездесу өтті.
Жобаның басты мақсаты – өмірдің түрлі сынағына қарамастан еңбек етіп, өз кәсібін қалыптастырған, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азаматтардың өмір жолын насихаттау, еңбегін бағалау, сондай-ақ кәсіпкерлік пен ұлттық қолөнерді дамытуға қолдау көрсету.
Кездесу барысында қолөнер шеберлері Ержан Нұрмұхамбетов пен Жеңісгүл Дәулетованың өмір жолы көпшілікке таныстырылды. Тағдырдың ауыр сынақтарына мойымай, еңбек арқылы өмірден өз орнын тапқан қос шебердің өнегелі жолы жиналғандарға ерекше әсер қалдырды.
Төрт баланың әкесі Ержан Нұрмұхамбетов – ағаш ұстасы әрі қолөнер шебері. Ол өз кәсібін үй жағдайында бастап, бүгінде ағаш өңдеу өнерімен айналысып, домбыра жасайды. Сонымен қатар үйінде аяқ киім жөндеу қызметін көрсетіп, адал еңбегімен отбасын асырап отыр. Өмір жолында кездескен қиындықтарға қарамастан, мойымай еңбек етіп келе жатқан Ержанның табандылығы мен жігері – көпке үлгі.
Ал М.Түймебаев ауылының тұрғыны Жеңісгүл Дәулетова – ұлттық қолөнерді жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген шебер әрі қоғамдық белсенді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің түлегі мүгедектігіне қарамастан, өзіне сенім артып, сүйікті ісін кәсібіне айналдырған.
Ол 20 жылдан астам уақыт бойы қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін дамытуға, ұлттық мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге үлес қосып келеді. Шебердің туындылары ұлттық нақышымен, өзіндік көркемдік ерекшелігімен және шығармашылық ізденісімен дараланады.
Жеңісгүл Дәулетова үшін қолөнер – тек шығармашылық қана емес, кәсіпкерлікті дамытудың да маңызды бағыты. Ол кәсіпкер әйелдерді қолдауға, жас шеберлерге бағыт-бағдар беруге және ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге атсалысып жүр. Еңбегінің лайықты бағасын алған ол 2024 жылы республикалық «Жан шуақ» сыйлығының «Кәсіпкерлікке қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» республикалық жобасында да үздік нәтиже көрсетті.
Кездесу барысында қос шебер өздерінің өмір жолы, кәсіпке келу тарихы, шығармашылық ізденістері мен еңбек барысында кездескен қиындықтары туралы әңгімелеп берді. Олардың тағдыры мен табандылығы қатысушыларға жігер беріп, қандай жағдайда да еңбек ету, алға ұмтылу және өз қабілетіне сену маңызды екенін көрсетті.
Тағылымды шараның мазмұнын өнерпаздардың концерті толықтырды. Әншілер мен «Ұлағат» ардагерлер ансамблі әсем әндерін орындап, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Осындай кездесулердің маңызы зор. Өйткені адал еңбекпен табысқа жеткен жандардың өмір жолын насихаттау – қоғамда жанашырлықты арттырып, кәсіпкерлікке қызығушылықты оятып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді. Ең бастысы, тағдырдың қандай сынағы болса да, жігерін жанып, еңбегімен елге үлгі болып жүрген азаматтардың жетістігі кейінгі ұрпаққа өнеге.
