Ұлттың амандығы, саулығы оның ұрпағының мығым, шымырлығынан бастау алатыны ақиқат. Дене бітімі келіскен, шапшаңдығына көз ілеспейтн шымыр балаларды көргенде өз басым қатты қуанамын. Ауданда спорт жақсы дамыған дей аламыз. Өйткені ұлттық ойын түрлері болсын, командалық немесе жеке дара күрес саласы болсын шыққан биіктеріміз мақтанатындай.
Өзімнің отбасы мүшелерім түгелдей дерлік спортшылар. Немерелерім де осы салада көп-көрім жетістікке жетіп жүр. Қаладағы балама Сүмбенің бір баласы жаттығуға барып жүр деген әңгімені еміс-еміс естіп қалатынмын. Бірақ шыны керек онша мән бере қоймадым.
Бір күні жұмысқа сүп-сүйкімді бала іздеп келді. Сүмбе ауылынан екен. Мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін болып шықты. Аты – Әкежан. Атына заты сай деген осындай болса керек. Өзі тап-тұйнақтай, сөзі тиянақты. Бірден іш тартып әңгімеге араласып кеттік. Алматы қаласына балама барып, шәкірттерін баскетболға дағдыландырып жүргенін ұқтым. Балам туралы жылы сөздерін естігенде іштей қатты қуандым. Әкежанның талабына, жеңіске деген құлшынысына, оқушыларының бойындағы қабілеттерін қайтсем арттырам деген ниетіне риза болдым. Сосын өзі туралы сұрадым. Нағыз іскер адамдар неге екенін білмеймін, өздері туралы әңгімеге шорқақ келетіні бар. Расы сол. Бұл азамат та өзін мақтаудан қашқақтады.
Өмірзақ Әкежан Айдарұлы Сүмбе ауылында 1994 жылы дүниеге келгендігін айтты. 2011 жылы Есік қаласындағы гуманитарлық-экономикалық колледжінің дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша оқуға қабылданып, оны 2015 жылы табысты аяқтапты. 2021 жылы Қазақтың спорт және туризм академиясын тамамдапты. Қазір Сүмбе орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Жан жары Малика екеуі бір ұл тәрбиелеп отыр. Бұл қысқаша өмірбаяны.
Ал менің айтпағым Әкежанның өз жұмысына деген ерекше талабы мен іскерлігі. Мектептегі сабағына балалар қызыға қатысатындығының өзі оның жеңісі деуге болады. 45 минуттық сабақтың тез өте шығуын тілеп жүретін оқушылар Әкежанның сабағына келгенде қайта уақыт неге тез өтіп кетті деп өкінетіндігін де естідік. Бойында спортқа деген құштарлығы бар балаларды жетелеп жүріп әртүрлі додаларға салып, шыңдап жүрген де Әкежан екендігін естігенде қатты қуандық. Бір сағаттық дәрістен қанағат ала алмаған балаларды жинап алып баскетболдан өтетін қалалық, облыстық, коммерциялық жарыстарға қатыстырып, олардың бойына шыдамдылық, төзімділік және батылдық деген қасиеттерді қалыптастыруда тер төгіп жүргендігін ерлікке балауға болады. Бойшаңдарын, қабілеттілерін қалаға апарып, нағыз мамандардан мастер-класс алдыратыны да мақтанарлық. Спорттың жеке түрлерінен шәкірт тәрбиелеу оңайырақ. Себебі бір ғана баламен айналысасың. Ал енді командалық түрінен біраз тер төгуге, талпынауға тура келеді. Өйткені командалық ойында балалар бір-бірін көріп, сезіп, бірге шешім қабылдаулары керек. Бұл үлкен еңбек. Серіктесіңнің әр қимылын бақылап, оған тиімді түрде жауап беру, дер кезінде іліп әкету сияқты әрекеттер көз ілеспес жылдамдықпен жүзеге асады. Әкежанның қабілеті бар әр баланың талабын ұштап, үлкен залдарға апарып жүргенінің өзін биік жауапкершілік деуге келеді.
Адам атаулыны ақ жолдан адастырмайтын тегінен тартылған тамыр екені даусыз. Мүмкін, жастық желікпен кейде шалт басар, әдепкіде шалалық танытар, бірақ, ар жағынан қаланған тастай берік негіз бәрін ұмыттырады, қисайған тұсты түзетеді, бәрібір қоймай мұратты жолымен табыстырады. Әкежанның бойындағы намысшылдықты, қайсар мінезді әке қанымен берілген қасиет деп түсіндім. Яғни тамыры, тегі мықты. Спортты айнымас серігіне айналдырып, сол жолда мақсаты айқын, жоспары жүйелі екендігіне көзіміз жетті. 2023 жылдың ақпан айында 2006-2007 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздардың арасында өткен облыстық чемпионатта ешкімге есе жібермей бірінші орынды қанжығасына байлап, айды аспаннан шығарды. Сүмбеліктердің баскетболдан мықты екендігіне көзімізді жеткізді. Биылғы жылдың қаңтар айында 2007-2008 жылы туған ұл-қыздардың арасындағы жарыста екінші орынға табан тіреп, ұлттық мектеп лигасының облыстық кезеңінде 9-10-11 сынып оқушылары арасында Әкежанның жаттықтырған қыздары біріншілікке қол жеткізді. Таңғаларлықтай жағдай.
Біздің мақсатымыз спортты насихаттай отырып балаларды саламатты өмір салтын сақтауға баулу. Осы мақсат төңірегінде еңбек етіп жүрген жандар туралы көбірек мәлімет бергеніміз дұрыс болар. Мектеп партасында отырған жас бүлдіршіндер біздің ертеңіміз. Балалар қазірден спортты патриотизм деп түсініп, атақты спортшылар сияқты ел намысын абыроймен қорғауды жауапкершілік тұтып жатса – мақсатымыздың межеге жеткені. Әкежандай ұстаздар барда әлі талай биіктерді бағындыратынымыз даусыз. Ниеті мен ұстанымы ұлтым деп соққан жігіттің талабына нұр жауғай.
Баян МАМЫРБАЕВА