Ата заңымыздың мерейлі мерекесімен тұспа-тұс ауданымыздағы 60 жанұя баспаналы болды. 60 отбасы қуанышқа бөленді. 60 шаңырақтың бүлдіршіндері өз үйінде асыр салып ойнайтын күнге жетті.
Аудан орталығы Шонжы ауылында осыдан бірнеше жыл бұрын құрылысы басталған 60 пәтерлі үйдің кілті еліміздің бас құжаты Конституция күні қарсаңында табысталды. Осыдан үш жыл бұрын бюджеттен 702 миллион теңге қаржы бөлініп, 5 қабатты үйдің құрылысы басталған еді. Мердігер «Golden Siti DS» ЖШС қолға алған үйдің құрылысы үстіміздегі жылдың көктемінде пайдалануға берілуі тиіс еді. Дегенмен «жақсылықтың ерте кеші жоқ» демекші, баспанасыз тұрғындардың көптен күткен қуанышты күні де келді. 5 қабатты тұрғын үйдің ішінде 15 бір бөлмелі, 15 екі бөлмелі, 30 үш бөлмелі пәтер бар. Бәрі де тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Оның ішінле көп балалы аналар, аз қамтылған отбасылар, жетім балалар бар.
Көп қабатты үйдің кілтін табыс еткен жиында алғашқы сөзді алған аудан әкімі Шухрат Нурахунов барша үй кезегі келген жандарға құтты болсын айтып, жаңа қоныстың жақсылығы мол болуын тіледі. Алдағы уақытта Шонжы ауылында тағы да көп қабатты 60 пәтерлі үй табысталмақ. Бүгінгі күні ол үйдің құрылысы да қарқынды жүруде. Демек, ауданымыздағы тағы 60 жанұяның қоныс тойын тойдайтын уақыты алыс емес. Сонымен қатар аудан әкімі тағы да 20 үй салып, біраз азаматтарымыздың тұрғын үй проблемасын шешу жолға қойылғанын жеткізді. Көп қабатты үйді сапалы әрі сәнді етіп салған, өз жауапкершіліктерін жоғары сезінген «Golden Siti DS» ЖШС қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Екі бірдей немересі баспаналы болғанына қуанып, көзіне жас алған Шигирова Бижапа апамыз ақ батасын берді. 12 құрсақ көтеріп, оларды асырап, қызды қияға, ұлды ұяға қондырған соң ата-анасынан жетім қалған екі немересін бағып, осы күнге жеткізгеніне тәубе еткен ақ жаулықты ана егемен еліміздің еңсесін тіктеуге үлес қосып отырған әр азаматқа алғысын айтты. Тұл жетім қалып, тағдырдың тәлкегін тартқан немерелерінің баспаналы болған қуанышты сәттерін көзімен көргеніне дән риза болды. Кейуананың ақ тілегінен соң ауданның бас имамы Бақтияр Ахметов те ізгі ниетін білдіріп, бата жасады. Мұнан соң 60 жанға баспана кілті табысталды.
Алғашқылардың бірі болып өз баспанасының кілтін алған Балзия Хайруллаева да осындай қуанышты күнде үйіне құтты болсын айтып келген әр жанға дастарқаннан дәм татқызып жатты. Он жылдан астам уақыт бойы баспана кезегінде тұрып, жалдамалы пәтерде күнелтіп келген көп балалы, жалғызбасты ана бұл үйді жылдар бойы асыға күтті. 2011 жылы кезекке тұрып, 12 жылдан соң осындай қуанышқа ие болғанына сене алмай отырғанын да жеткізді. 4 баланы жалғыз өзі бағып, қағып, бүгінде мемлекеттің қамқорлығының арқасында баспанаға қол жеткізгеніне риза болып, алғысын да жаудырды. Дәл осылай бұл күні 5 қабатты 60 пәтерде 60 шаңырақтың қоныс тойы тойланып жатты.
АНАР ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ