Қазіргі таңда білім беру жүйесінде жеке тұлғаны тәрбиелеу мен оның шығармашылық қабілетін дамытуда қосымша білім беру ұйымдарының жұмыстары ұйымдастырылған. Балаларға қосымша білім беру – шығармашыл, дарынды балаларды іздеу, қолдау көрсету, дамыту процесі қарқын алып келеді. Басты мақсат – жас жеткіншекті жоғары интеллектуалды азамат етіп қалыптастыруда халқымыздың бай рухани мұраларын бойларына сіңіру. Бүгінгі жас ұрпақты сонау замандардан жинақталған ата-бабамыздың мол мұрасымен, яғни ұлттық құндылықтармен сусындату – біздің басты парызымыз. Ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу дегеніміз – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, өнерге деген көзқарасын және соған сай мінез құлқын қалыптастыру.
Жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беруде, бойларында ұлттық мінез-құлықты қалыптастыруда домбыраның алар орны ерекше. Сондықтан да «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген сөзді Қадыр ағамыз жайдан-жай айтқан жоқ. Себебі баланың бойында халықтың рухани байлығын сіңіру домбырадан басталады. «Домбыраның сырлы сазына ауызданбаған бала уызына жарымаған көтерем қозыдай болады. Оны қастерлемеген қазақтың баласы туған халқының жанын түсінбейтін, тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып сая да болмайды, жеміс те бермейді. Ендеше ізгілікке барар жол бастауы – халық музыкасы», – деген екен атақты Б.Момышұлы. Жас ұрпақтың дарыны мен талантын ашу, шығармашылық ойлау қабілетін жетілдіру, олардың өзіне деген сенімін нығайту, бір сөзбен айтқанда, өмірде өз жолын өзі таңдауына түрткі болу мақсатында ауданымызда өткен жылдың 1 маусымынан бастап балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы жұмысын бастады. Бұл мекемеде домбыра, тоғызқұмалақ, шахмат, сурет, ағаш қолөнері, тігін, фортепиано, баян, хореография, эстрада-вокал, бисер, тоқыма, IT робототехника, стрингарт, мүсін өнері, саксафон, сахна тілі, мәнерлеп оқу үйірмелері жұмыс істейді. Жаңа заман талабына сай өнерлі оқушы тәрбиелеу – ұстаз білігі мен шеберлігі арқасында жүзеге асары сөзсіз. Қай кезде болса да «Мектептегі басты тұлға – мұғалім» десек, шәкірт ықыласына бөлену олардың талантын байқап, дарынын ұштау, бәйгеге қосып, жеңісін көру – тек қана дарынды ұстаздың шын бақыты. Дарынды бала – ұстаз үшін тағдыр сыйы. Тәуелсіз елдің талантты ұрпақтарын тәрбиелеп отырған ұстаздарымыздың жетістігі көз қуантарлық. Біздің шәкірттеріміз сан түрлі сайыстарға қатысып, аудан, облыс, республика көлеміне танылып келеді. Атап айтар болсақ, «SAMURUQ ALMATY» білім беру орталығы ұйымдастырған республикалық байқауда Ақмарал Акунованың шәкірттері Ши Лиаң, Әділбекқызы Амина I орын, Ершат Елая, Мақсатқызы Айару II орынды иеленді. Сондай-ақ, шығармашылық орталығымыздың хореографы Ақерке Көмекбаеваның шәкірттері Інжу Орынтай, Ализа Омар, Ақниет Бауыржанқызы, Алиса Тастанова, Аружан Мәкен, Сабрина Кудрятова осы байқаудың хореографиялық өнер номинациясы бойынша I орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. «Мәнерлеп оқу» үйірмесінің жетекшісі Жұмагүл Хожахметова білім беру саласында айрықша еңбегі үшін «Өрлеу» ПШДО дан «Үздік педагог» төсбелгісімен, жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Жұмагүл Изетуллақызының оқушылары Жамхор Айкерім, Тілеубек Аяла, Әкімжанұлы Айбол, Мырзағали Аяжан, Бауыржанқызы Меруерт, Қали Айзере, Әлем Бәтима, Мирзаева Диляра, Асан Ертай, Күнболат Құралай, Турдахун Айбар, Асанов Нұрбол «Мұқағали – мұзбалақ ақын» атты мәнерлеп оқу байқауына қатысып, «Өлең – сөздің патшасы» номинациясында үздік нәтиже көрсеткені үшін I дәрежелі дипломдармен марапатталды. Шебер ұстаздың дарынды оқушымен жұмыс істеген кезде өзін бақытты сезінетіні ерекше құбылыс. Шәкіртінің дүбірлеген додада топты жарып шығып, оқ бойы озып келуі ұстаз жанын зор қуанышқа бөлеп, еңбегінің зая кетпегенін дәлелдей түседі. Бүгінгі біздің жетістігіміз – балаларымыздың талантын ашып, оларға қанат бітіру. Бұл бағытта оқ бойы озық тұрғанымызды мақтан етеміз.
Ғазиз СӘРСЕБЕКОВ,
аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры