Халықтың басты байлығы – денсаулық. Сол денсаулықтың қадіріне басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда ғана жетіп жатамыз. Ауруханадан аурухананың табалдырығын тоздырып, дертімізге дәру іздейміз. Түрлі қан талдауын жасатамыз. Небір аппараттарға түсеміз. Оның бәрі әлбетте қалтаны қағып жатады. Кейінгі жылдары елімізде, оның ішінде ауданымызда да инсульт, қатерлі ісік, іш құрылыс аурулары көбейіп барады. Ондай кездерде аурудың нақтылығын анықтау үшін ауданда жоқ компьютерлік томографияның көмегіне жүгінеміз. Әсіресе пандемия кезінде өкпенің қабынуын нақты анықтау үшін барлығымыз осы томографиялық аппаратты іздедік. «Кісідегінің кілті аспанда» демекші, ондай кездерде жекеменшік орталықтар бағаны да аспандатады. Жаныңнан әулие емес. Төлейсің де дертіңнің дауысын іздейсің.
Сүйінші жаңалық! Енді аудан тұрғындары компьютерлік томография аппаратын іздеп Алматы сабылмайды. Өйткені осыдан бірер күн бұрын аудандық орталық ауруханада заманауи үлгідегі компьютерлік томография кабинеті ашылды.
528 миллионнан астам қаражатқа сатып алынған аппарат – соңғы үлгідегі заманауи құрылғы. Бельгиялық «Philips» компаниясы шығарған аппараттың мүмкіндігі мол. Бұған дейін біз қолданып жүрген құрылғылар компьютерлік томографияға түсіруге жарты сағат жұмсаса, бұл құрылғы бір сағат ішінде 6 науқасты томографияға түсіре алады. Тіпті қорытынды снимок 3-5 минут ішінде дайын болып үлгереді екен.
Бұл құрылғы ағзаның барлық мүшесіне зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Қарама-қарсы түстерді қолданып, бағдарламаның арнайы пакеттерін қосу арқылы жүректің атеросклерозы күре тамырының зақымдану деңгейін анықтауға, остеопороз ауруынан күдіктенген жағдайда сүйек тіндерінің минералды тығыздығын анықтауға, сондай-ақ жұмсақ тіндердің, кіші жамбас ағзаларының, қан тамырларының, өкпенің, мидың, іш қуысының, сүйектердің суреттерін анық әрі жылдам алуға, өкпенің, бауырдың, ұйқы безінің қатерлі ісіктерін, іш қуысының патологиясын, көкбауырдың бүйректің, бауырдың жарақаттарын, қан тамырлары мен қан ағымының жағдайын, мидағы артерияларда қан кетуін немесе кеңеюін, сүйектердің зақымдануын, тіпті ең кішкентайларын сапалы диагностикалауға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз, қаншама аурудың алдын алуға, ерте анықтауға жол ашылды деген сөз. Мұндай сапалы әрі соңғы үлгідегі заманауи компьютерлік томограф аппараты облыс бойынша тек үш денсаулық сақтау мекемесінде ғана бар екенін де айтып өткен орынды болар.
Аталмыш компьютерлік томография кабинетінің ашылуы аудандық орталық ауруханада салтанатты түрде өтті. Аудан әкімі Шухрат Нурахунов бастаған бөлім, мекеме басшылары, ақсақалдар мен медицина қызметкерлері игі істің куәгері боды. Алғашқы сөзі алған аудан әкімі Шухрат Турдахунұлы бұл аудан үшін, аудан тұрғындары үшін ақжолтай жақсы жаңалық екенін, медицина саласының дамуы ел дамуының айқын көрсеткіші екенін айтып, ақ халатты абзал жандарға жақсылық тіледі. Облыстың құрметті азаматы, Ызғарбек Бектұрсынов мемлекетіміздің осындай шалғай ауданға көңіл бөліп, халық денсаулығының түзелуіне жағдай жасап жатқанын зор қуаныш санап, осы аппаратты алу үшін қаншама есік тоздырып, халықтың талап-мұңын жеткізе алған әрі ісінен нәтиже шығара білген орталық аурухана басшылығына алғысын білдірді. «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мәулен Нұров та өзінің ізгі ниетін арнады. Келген қонақтарға томографиялық аппарат таныстырылып, кеңінен мағлұмат берілді.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Айдын Елікбаевтың айтуынша, болашақта аудандағы сақтандырылған кез келген азамат дәрігердің жолдамасы арқылы аталмыш аппаратқа түсе алады. Тіпті мұндай құрылғы жоқ Кеген, Райымбек аудандары да біздің ауданға келіп, аталмыш аппараттың игілігін көрмек. Ал компьютерлік томография кабинетінің білікті дәрігері Ғабит Жанұзақұлы алдағы уақытта өз білімдерін аудан тұрғындары денсаулығының жақсаруына жұмсайтынын айтты.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ