Тақырыптың өзі айтып тұрғандай өмірін өнерсіз елестете алмайтын, өнерін өмірінің негізі деп білетін жандар аз емес. Өнер – мәдениеттің он екі мүшесінің бірі, күре тамыры. Өнердің ортасына жаратқан таңдайына тарыдай бақ қондырып, маңдайына жарқыраған жұлдыз таққандар ғана келіп қосыла алады. Бойында тума таланты бар ерекше дарын иелері ғана дәл осы мәдениеттің ғасырлар бойы қайнаған қазанында біте қайнай алады.Әңгімемізді өнермен өрбітуіміздің себебі бүгінгі тарқатылар тақырыптың кейіпкері дәл осы өнердің әлеміне ат ізін салған жас талант.
Қарадаланың қасиетті топырағы көптеген мәдениет майталманадары мен өнер жұлдыздарын, сахна саңлақтарын дүниеге алып келді. Олардың ізін басып, артынан жас өнерпаздар да көштен қалмай ілесіп келе жатқандығын осы аудандағы өнер мен мәдениеттің айналасында жүрген жас буынның ерекше дарыны мен табиғи талантынан анық аңғаруға болады. Солардың бірі Кетпен ауылдық мәдениет үйінің қызметкері, «Қарадала» халықтық театырының сахнасынан түспей басты образдарды сомдап жүрген Ернат Темірханұлы. Талант иесінің өмірі мен еңбек жолымен таныс болайық. Тоқымов Ернат Темірханұлы 1991 жылдың ақпан айында әйгілі Аспантаулардың баурайындағы Ұзынқараның етегінде, Сәдіғожаны бесігінде тербеткен Кетпеннің топырағында дүниеге келген. Кіндік қаны тамған жердің өзі-ақ қандай азаматтарды тал бесігінде тербеткенін білдіріп тұрғандай. ЕрнатТемірханұлы мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ сахнаның құдіретін сезініп, бойындағы өнерінің көзін аша бастады. Оқушылар арасындағы сайыстар мен байқауларға белсене атсалысып, жүлделі орындарға ие болып жүрді.Өнерге қаршадайынан құмартқан Ернат Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, «өнер және гуманитарлық ғылымдар» мамандығын иеленіп шыққан. Студенттік жылдарды да құр өткізбей, жастар арасындағы “Жайдарман”ойындарында да көптеп бой көрсетіп, ауданымыздың намыс туын облыс, республика көлемінде талай желбіретіп жүрді. Бүгінде еңбек жолы туған ауылы Кетпеннің мәдениет үйінде жалғасып жатқан Ернат ауданның мәдениеті мен өнерінің дамуына бір кісідей үлесін қосып келеді. Бүгінде «Драма және кино актері» мамандығы бойынша сатираның саңлағы Асқар Наймантаевтың 6 айлық курсын оқып, актерлік шеберлікті одан әрі шыңдай түскен.Ол өнермен ғана шектеліп қалмай, қазақтың ұлы болған соң, атбегілікке де ден қойып, бос уақытын ат баптаумен, көкпар шабумен өткізеді. Шабандоз болуды атадан қалған мұра ретінде ұрпаққа аманаттау қажет деп санайды. Қазақтың ұлттық спортының отын сөндіріп алмай, тарихына сызат түсірмей, болашаққа қаз қалпында алып баруымыз керек деген ұстанымды санасына түйген. Ұлттық спорт пен өнерді қатар алып жүрген жас әртістің өнер саласында да тақымы мықты және өз ісінің нағыз маманы деп айтуға болады. Өйткені Ернатты аудан жұртшылығы соңғы кездері Әлихан деп те таниды.Асқар Наймантаевтың тәжірибесін бойына сіңіріп жүрген кейіпкеріміз «Қарадала» халықтық театрымен бірге Еркін Вахитовтың «Алтын көрсе періште жолдан таяр» спектаклінде Сейітмәліктің, Бақыт Беделханның «Сары бидай» драммасында Нәсіпқұлдың, Нартай Сауданбекұлының “Аманат” спектаклінде Алаштың ардақты перзенті Әлиханның образын сахнада сомдап шыққан жас әртістің өнеріне көрермен тәнті болды. Кез келген сахнада өзіне артылған жүкті қайыспай алып өткен соң лайықты бағасын қалың көрерменжоғары бағалады.Ұрпағы үшін, елі мен жері үшін қан жұтып, қайғы жастанған ұлыларымыздың образын жүрекпен сезініп, жанымен ұғынған Ернатқа ел батасын берген.
Батамен көгерген ел болғандықтан, осы көпшіліктің батасымен Ернат көгеріп, көктеп, өнері өрісін кеңейте берсін, қазақтың ұлы перзенті Әлиханның ғұмырын емес, намысын, бітім, болмысын берсе екен деп біз де іштейтілекші болдық.
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ