Басты бет Көкжиек Тұлғаға тағзым етілген күн

Тұлғаға тағзым етілген күн

0
249

Ауданның білім саласы 2023 жылды жаңа қарқынмен, жаңа қадамдармен және жаңаша көзқараспен бастап кетті деп айтуымызға толықтай негіз бар. Өткен жылдың соңына қарай ауданның білім ордаларында бастау алған ашық есік күндері әлі де жалғасын тауып, бірқатар мектептер өздерінің рухани қазыналарымен, қайталанбас тәжірибелерімен, таңқалдырар жаңалықтарымен бөлісіп үлгерді. Күні кеше ғана аудандық білім бөлімінің басшысы болып тағайындалған Мөлдір Ахметжанқызы тың бастама көтеріп, ауданымыздың білім саласына азды-көпті жаңашылдық енгізіп, өзгеше дем беріп, жұмыстың басын мектептердің ашық есік күрдерін өткізу арқылы ұстаздардың тәжірибе алмасуын және мектеп жұмысының ашықтығын көпшілікке паш етуінен, білім саласының тынысын тереңдете түсуден бастап кетті. Кезекті шара Шарын ауылындағы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы орта мектепте өткен аптада өткізілді. Іс-шараның әлқисасы бабалар рухына тағзым жасаудан басталды. Жақын жылдары ғана Алаштың ардақты перзенті Димаш атамыздың аты берілген білім ордасында болып жатқан ашық есік күнін бастамас бұрын шараның қонақтары аудан әкімінің орынбасары Кәдіржан Бағбаев пен “Ұрпақ парызы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов мектептің кіреберісінде орналасқан Қонаевтың кеудемүсініне гүл шоғын қойды. Бірыңғай әскери киімдер киіп, екі жақта қаз-қатар сап түзеген оқушылар болашақ отансүйгіш сарбаздардың өсіп келе жатқанын аңғартты. Бабаның рухына құрмет көрсетілген соң, “Ұрпағы ұлықтаған ұлы тұлға” деген тақырыппен театрландырылған сахналық қойылым қонақтардың назарына ұсынылып, тарихтан бір үзік сыр шертілді. Аудан әкімінің орынбасары Кәдіржан Бағбаев пен аудандық ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Арлен Османов мінбеге көтеріліп, ерекше сипат алған білім саласындағы осындай шаралардың маңыздылығы мен ұрпағымыз үшін қажеттілігіне жоғарғы бағаларын берді. Шараның тәжірибелік кезеңін мектеп қабырғасындағы мұражайдың ашылуы бастап берді. “Мұражай-өлкенің тарихы, халықтың қазынасы” деген тақырыпта түрлі жәдігерлер қойылған мұражай келген қонақтарға таныстрылды. “Ұрпақ парызы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Сәдіұлы арнайы сөз алып, білімді ұрпақтың қамы үшін жасалып жатқан ұстаздар қауымының орасан еңбегіне алғыс білдіріп, мұражайға қазақтың ұлттық аспабы домбыраны сыйға тартты. Егемен елдің өткеніне көз жүгіртіп, тарихтың ақтаңдақ беттерін бір ақтарып алған соң, ашық есік күнінің негізгі кезеңдеріне кезек берілді.

«Білім сапасын арттырудағы оқушылардың ақпараттық-коммуникативтік құзыреттілігінің рөлі» деген тақырыпты қамтыған ашық есік күнінің алғашқы құттықтау сөзі аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Ахметжанқызына берілді. Ауданның білім саласын түгелдерлік қамтып жатқан ашық есік күндерінің және оның аясында өткізіліп жатқан ашық сабақтар мен танымдық сағаттардың маңыздылығы мен мақсатын айтып өтті.  Орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, қазақ тілі, биология, математика, информатика, география пәндерінен арнайы ашық сабақтар өткізіліп, ұлы тұлғаның есімін арқалаған мектеп мұғалімдерінің еңбек жолдарында тірнектеп жинаған тәжірибелері көрсетілді. Ашық есік күнінің қорытынды кезеңінде өтілген сабақтарды талдап, кері байланыс жасалып, шараның ерекшелігі мен есте қалар тұстары талқыланды. Келген қонақтар Қонаев мектебінен тұлғаға тән рух пен қайталанбас әсер,жұмыста жетістікке жетелейтін рухани азық жинап кеткендіктері айқын. Басы, ортасы және аяғы бар толыққанды шараны  ұйымдастырған мектеп директоры Нұржамал Сүйірбаева бастаған білім ордасының ұжымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал шараның безендірілуінен бастап, сахналық кезеңдері мен аралық бір-бірімен байланысында Серік Сүлейменұлының үлкен еңбегі жатқандығын да ескеруіміз керек.

Мектеп – адамның ең алғашқы қоғамдық орта көретін, өзіне мәдени, рухани азық жинайтын және өмірінің ең қымбат әрі құнды кезеңін өткізетін жылы ұясы. Сондықтан мектептегі орта мен ұстаздар ондағы әр балаға ұяда көргенін қанаттанып ұшқанда іліп кете алатындай білім мен тәрбие бере алуы тиіс. Аудан мектептерінің бір-бірімен тәжірибе алмасып, өз білгенін өзгеге үйретіп, білмегенін осындай пайдасы мол ізгі шараларда тарқатылып жатқан тың тәжірибелер мен жаңашылдықтардан толықтырып отырса, шәкірт баптаудағы шеберлігі одан әрі шыңдала түсетіндігі даусыз.

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…