Конституциялық референдум өткізуге бір аптадан аса ғана уақыт қалды. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт. Республика бойынша өткізілетін референдум төңірегіндегі маңызды сұрақтарға жан-жақты жауап беру үшін, қоғамдық ой-пікірлерді талқылап-таразылау мақсатында өзім және әріптестеріммен бірге тұрғындармен кездесу ұйымдастырып, олардың сұрақтарына жауап қатып, саяси оқиғаның маңыздылығын түсіндіріп жүрмін. Референдумға қатысып, ой-пікірлеріңізді ашық айту, қоғамға үн қосу еліміздің жарқын болашағына, жаңа өміріне қадам жасайтын маңызды күн екенін естен шығармаңыздар дегім келеді. Бәріміз бір кісідей жұмылсақ қана өзіміз қалағандай Қазақстанды құра аламыз. Қойшы, сонан түк шықпайды деген принципті ұстанар болсақ онда өз болашағымызға өзіміз бейжай қарағанымыз.
Сондықтан Президент Қ.Тоқаев айтқандай, Конституциямыздың 33 бабына жасалатын 56 өзгеріс енгізіледі. Бұл – тарихи сәт. Өзгерістердің ең негізгілеріне «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен алшақтауды айтуға болады. Ата Заңға сәйкес ол барлық азамат үшін тең мүмкіндіктердің кепілі болуға тиіс. Сондықтан да конституциялық реформаға сәйкес енді Республика Президентінің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы болмайды. Одан бөлек те көптеген өзгерістер талқыға түспек.
«Amanat» партиясы аудандық филиалы жанынан «Жалпыхалықтық референдум өткізу бойынша құрылған штаб мүшесі ретінде, филиал ғимаратының акт залында аудан жастарымен кездесу өткіздім. Кездесуге аудандық мәслихат депутаты, штаб мүшесі Алимпияева Аида қатысты.
Кездесу барысында референдум жайлы және ондағы өзгерістер мен толықтыруларға жеке-жеке тоқталып түсінік бердім. Саяси науқанға бір кісідей қатысуға шақырдым. Жастар қойған сұрақтарға жауаптар берілді. Олардың айтарлары да, сенімсіздік білдіріп, не өзгере қояр деген қиқар сұрақтары да кездесті. Адамдардың салғырттық танытпауларын және бұл референдумға қатысудың өзі еліміздің болашағы үшін маңызды екендігін түсіндірдім. Қазіргі жастардың бойындағы көп қасиеттердің бірі – бәрі бірден өзгере қоюы керек. Олай болмайтындығын, кез келген өзгеріс уақыт тезінен өтіп барып, халықтың талқылауынан соң жүзеге асатындығын түсіндірдім.
Сонан соң кездесуімнің жалғасы Добын ауылында болды. Ауыл тұрғындары 5 маусымда өтетін референдум туралы жақсы хабарланған, не үшін, неліктен деген сұрақтар қойылмады. Олар да ертеңгі күніміздің жарқын болатындығына үмітті екендіктерін жасырмады. Ауыл тұрғыны Тохтасун Илиев саяси оқиғаны өз пайымдауынша түсіндірді. Ауылдастарының референдумға бір кісідей атсалысатындығына сендірді. Саяси белсенділік таныту әр қазақстандықтың борышы. Олай болса таңдауымызды бүгін жасауға асығайық.
Нұрәкім ЕСЖАН,
штаб мүшесі