Басты бет Көкжиек Түлек-2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі

Түлек-2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі

0
272

25 мамыр бүкіл елімізде мектеп бітірушілердің соңғы қоңырау мерекесі аталып өтетін жақсы дәстүріміз бар. Ол биыл да дәл өз уақытында барлық мектептерде мерекелі көңіл-күймен өтті. Өзіміз куә болған №1 Шонжы орта мектебіндегі шара «Түлек-2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» деп аталыпты. Шараға жиналғандардың барлығының қолдарында көздің жауын алатындай гүл шоқтары, өздері сәнді киінген, үлкен қуаныштан хабар беріп тұрды. Биыл аталмыш мектепті төрт сынып оқушылары бітіріпті. Көпшілік жиналып болған соң оларды арнайы хабарлап, бастауышта оқытқан ұстаздары мен қазіргі сынып жетекшілерінің аттары аталып ортаға шақырылды. Әр сынып киім үлгілерін де әртүрлі таңдапты. Шараға ерекше сән берді.

Сонан соң мемлекеттік Туды ортаға шығаруға команда берілді. Ту көтерген жігіттер өз орындарын алған соң Мемлекеттік Гимн орындалды. Ресми бөлімнің алғашқы құттықтау сөзін №1 Шонжы орта мектебінің директоры Мұхамеджан Исмаилов алды. Ол мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналарын, мектеп мұғалімдерін шын жүректен соңғы қоңырау күнімен құттықтады. Түлектерге алдағы ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, биік нәтиже көрсетіп, армандарыңа қол жеткізіңдер деген ақ тілегін арнады. 7 оқушы «Алтын белгіге» үміткер екен. Олар – Бахтияр Акимов, Сайдул Велахунов, Жюстина Гайратова, Снежанна Закаталова, Аружан Сағындық, Амина Супиева, Шахрияр Турдахуновтар. Ұстаздарының үкілеген үміттерін ақтайды деген сенімін жасырмады. Сондай-ақ 9 «Г» сынып оқушысы Данил Гайнитдинов Қырғызстанда самбодан өткен халықаралық турнирде бірінші орынды көп қарсыластарына дес бермей жеңіпті. Мектеп ұжымы атынан оған «айфон» телефонын сыйға тартты. Мектептің атын білімімен, спорттағы жетістіктерімен, өнердегі табыстарымен аспандатып жүрген оқушыларына алғысын арқалатты. Сонан соң аудан әкімі Шухрат Нурахунов алтын ұя мектебімен қош айтысып, үлкен өмір жолына жолдама алғалы тұрған түлектерге ақ жол тіледі. Жаңа Қазақстанды құрушы ұрпақ екендіктерін естеріне салып, білім жолындағы жетістіктерімен биік шыңдарды бағындыруларын, бүгінгі заманға аса қажетті деген мамандықтарды таңдауда жаңылыс кетпеулерін ескертіп, ата-ана мен ұстаздарының үміттерін ақтау жолында білімді азамат атаныңдар деп ағынан жарылды. Сынып жетекшілері атынан 11 «Г» сынып жетекшісі Розахунов Ринат Варисұлы ақжарма тілегін ақтарды. Қанаттанып ұшқалы отырған шәкірттерінің жолдарының тегіс, басқан қадамдарының оңды болуына ағалық батасын берді.

Осыдан 9 ай бұрын мектеп табалдырығын аттаған, бүгінде бірінші сыныпты бітіруші, 2032 жылы түлек атанатын бүлдіршендерге кезек келгенде, олардың құйтақандай түрлері мен балдай тәтті тілдерінен шыққан әзіл-шыны аралас жыр шумақтары шыны керек жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Түлектер атынан сөз алған Элнара Абдуллаева жүрекжарды ниетін шынайы жеткізді. Үлкен өмір жолына түскенде қателік жасаудан немесе аяғымызды шалыс басудан қорықпайық. Сол қателіктер кейінгі есейген өмірімізге үлкен сабақ болады, –деп балалықтан гөрі ересектерше ой толғап, барлық сыныптастарына сәттілік тіледі. Соңғы қоңырау соғу бақыты мектептің ең үздік оқушылары «Алтын белгі» иегерлеріне бұйырды. Олар алаңды айнала қоңыраудың үнін сыңғырлатып, мектептегі ең қимас күндерімен қоштасқандарын сездірді.

Түлеп ұшқалы отырған төрт сынып оқушылары өздерінің мерекеге әзірлеген арнайы флешмобтарын көрермен назарына ұсынды. Әр сынып өздерінше дайындалыпты. 10 «А» сыныбының жетекшісі Насиба Баратова шәкірттеріне арнаған әнін тарту етті. Ән соңында оқушылары ұстазын құшақтарына алып дөңгеленгенде шыны керек жүрегімізді сағыныш па, белгісіз бір сезім билеп алды. Айрықша көрініс болды. Бастауыш сынып оқушылары аға, апайларына арнаған әндерін тарту етті. Ата-аналар мен туыстары мұғалімдер мен түлектерін гүл шоқтарына көміп тастады. Мереке жоғары көңіл-күймен мәресіне жетті.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ТӘРБИЕ БАСТАУЫ

Ғ.Садвақасов атындағы Үлкен Ақсу орта мектебінің алды мерекелік көрініске бөленіп, гүлге, …